Облыс әкімі Болат Бақауов марапат иелерін құттықтап, аймақтың спорт саласындағы биылғы жетістіктерін атап өтті.

- Қуантарлығы, өңірімізде спорттық инфрақұрылым сәтті жүзеге асуда. Оған «Спорт сити» сияқты алып кешеннің құрылысы дәлел бола алады. Қала берді, әр жерде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, шағын футбол алаңдары іске қосылуда. Спорт нысандарының көптеп салынуы спортшылардың алаңсыз жаттығуына септігін тигізіп, жүлденің ауылын жақындата түсетіні анық. Бұл ретте, халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген павлодарлық спортшыларға табыс тілеймін, - деді Б.Бақауов.

Спорттың олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық түрлерінен жоғары көрсеткішке қол жеткізген 40-қа жуық спортшыға «Үздік спортшы» атағы бұйырды. Олардың қатарында Рината Сұлтанова (велоспорт), Саятбек Оқасов (еркін күрес), Роман Маменов (спорттық гимнастика), Ольга Сафронова (жеңіл атлетика), Байжан Әкімбеков (джиу-джитсу), Аружан Әбдіханова (тоғызқұмалақ), Ағжан Мұрат (аударыспақ) және тағы басқа үздіктер бар.

Шара барысында бапкерлер мен спорт тізгінін ұстаған азаматтарға да лайықты құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, облыстық туризм және спортты дамыту басқармасының бұқаралық дене тәрбиесі бөлімінің басшысы Айнұр Қоспақова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет белгісімен марапатталды. Министрліктің басқа да марапаттары ПМПУ-дің спорттық нысан директоры Рифкат Авазбакиевке, спортшылар - Жанат Қаймолдинге (тоғызқұмалақ), Нұрсұлтан Хасановқа (кикбоксинг), Саятбек Оқасовқа (еркін күрес) табысталды.

2012 жылғы Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай, биыл Нұр-Сұлтан қаласында триатлоннан өткен ірі жарыстың жеңімпаздары – Василий Звонарев, Александр Колонда, Павел Гацкий, триатлоннан екі жыл қатарынан «Темір адам» атағын иеленген Александр Хитров арнайы марапатқа ие болды.

Сондай-ақ, мерекелік жиында спорт саласына қалам тербеп жүрген БАҚ өкілдері мен ішкі туризмді дамытуға үлес қосқан бірқатар ұжым марапатталды.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz