«Абай жылы» басталды

- Ғарифолла аға, 2020-ны екі алыптың мерейтойымен қарсы алып жатырмыз. Әңгімені Әл-Фарабидің мерейтойынан бастасақ. Жалпы, бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлғаның мұраларын Қазақстан қалай игеруде?

- Әл-Фараби - әлемде теңдесі жоқ энциклопедист ғалым. Ғұламаның математика, физика, астрономия, музыка, пәлсапа, ғылым туралы және басқа да көп еңбектері бар. Ол - осыдан он ғасыр бұрын пәлсапаның негізін салып, әлемде алғаш болып таза ойлау жүйесін қалыптастырған адам. Ол - ғылымға классификация жасаған ғалым. Әл-Фараби ғылымды Еуропадан жеті ғасыр бұрын бастаған. Дүниеде Әл-Фарабиге жеткен ғалым жоқ. Қазір ғұламаның еңбегін бүкіл әлем оқуда. Осы мерейтойды пайдаланып, шығармаларын қазақ тіліне тәржімалау керек. Қазір осы іспен шұғылданудамыз. Негізі біраз еңбегі кеңестік кезеңде орыс тілінен қазақшаға аударылды ғой. Бірақ, біз ойлағандай сапалы емес. Сондықтан, біз оны түпнұсқадан сөйлетуіміз керек. Мысалы, араб және парсы тілдерінен. Мен Әл-Фарабиден Абайға дейінгі он ғасырды қамтыған арнайы жоспар құрудамын. Ол – Әл-Фараби өмірге келген оныншы ғасырдан Абай өмірден өткен жиырмасыншы ғасырға дейінгі аралықта барша түркі әлеміне ортақ ғұлама, ғалымдарды түгендеу. Олар не айтқан? Ойлау жүйесі қалай болған? Осы бағытта зерттеулер жасап, сол ғұламалардың еңбектерін аудару, мақалалар жазу, кітап шығару, конференциялар мен симпозиумдер ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар, осы салаға шәкірттер дайындап, диссертациялар жазуға болады.

- ҚР Үкіметі жанында Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты комиссия құрылды. Оның қатарында сіз де барсыз. Осы бағытта қандай істер жоспарлануда?

- Абайдың 175 жылдық мерейтойы жыл бойы тойлануы керек. Яғни, 2020-ны «Абай жылы» деп атауымыз қажет. Бұл жылды кішігірім іс-шаралармен шығарып салуға болмайды. Қазір еліміздің барлық өңірінде әртүрлі жоспарлар құрылуда. Министрліктің де арнайы бағдарламасы бар. Ең негізгі шара Шығыс Қазақстан облысы аумағында өтеді. Мұнда үлкен концептуальды бағдарлама жасалды, мен де танысып шықтым. Алдымен Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық ғылыми конференция өтеді. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады деп отырмыз. Шетелден қонақтар шақырылады. Содан кейін негізгі мерекелік шараны Жидебайда дүркіретіп өткіземіз. Оны ақынның дәл туған күніне орайластырамыз. Сол шараға арналып 200-дей киіз үй тігіледі. Бұдан бөлек, ақынның шығармалары мен аудармаларын басып шығару секілді жұмыстар кезең-кезеңмен жүре береді. Комиссияның өткен жолғы отырысында мынадай ұсыныс айттым: Семей мен Жидебай арасындағы керуен жолды «Абай даңғылы» деп атап, төрт қатарлы жол салып, оны жарықтандыру керек. Бұл болашақта өз шығынын ақтайтын жоба болады. Яғни, екі ортаның жолы сайрап жататын болса Жидебайға барушылар күн-түн демей ағылады. Осы арқылы ішкі туризмнің дамуына үлкен мүмкіндік жасаймыз. Мұны айтқан себебім, осы жолдың бойында қазақтың үш алып тұлғасы жатыр. Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезов. Әрбір бес жыл сайын біреуінің мерейтойы келіп отырады. «Абай жылы» өткен соң екі жылдан кейін Мұхтар Әуезовтің мерейтойы болады. Одан кейін Шәкәрімдікі деген секілді. Екіншіден, оның пайдасын ертең халық көреді ғой. Той өтеді, кетеді. Ел еншісіне бір нәрсе алып қалмасақ, дүркіретіп той өткізгеннен қандай пайда бар?! Жол бойында қанша ма ауылдар мен шаруашылықтар бар. Осы ұсынысты айтқан кезде Мемлекеттік хатшы: «Қайта қарап, шешім қабылдаймыз» деді. Қаншалықты нәтижелі болары ертеңгі күннің еншісінде. Мен көтеріп жүрген екінші мәселе – Абай академиясын құру. Осы мәселе бойынша жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына хат жаздым. Президент «Қолдаймын» деп қол қойды. Бірақ, сол жобаның соңы кейін сиырқұйымшақтанып кетті, министрліктердің бюрократиясына түсіп кеткендей болды. Өз ұсынысымнан өзім қол үзіп қалдым. Бұдан бөлек, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мына дүниені ескерсе екен. Аққулы ауданында жыл сайын дәстүрлі «Абай оқулары» байқауы өтеді. Биыл осы шараның ауқымын сәл кеңейтіп, республикалық деңгейге шығару керек. Қатысушылардың географиялық аумағын кеңейткен жөн. Мысалы, көршілес облыстар – Қарағанды және Шығыс Қазақстаннан талапкерлерді шақырса деген ұсыныс бар. Менің ойымда жүрген тағы бір мәселе – Абай туралы көркем фильм түсіру. «Абай жолы» романының желісімен сериал түсірсек те артық етпейді. Бұған біздің әлеуетіміз жетеді. Бізде ұлт батырлары мен ғұламаларын танытып жүрген мықты режиссерлер бар. Мұны биыл үлгермейміз. Дегенмен, алдағы бес-он жылдықтың ішінде жүзеге асыру қажет.

- Жалпы, «Абай жылын» идеологиялық тұрғыда пайдамызға жарату үшін не істеу керек?

- Дұрыс сұрадың. Өзім де айтайын деп отырғанмын. Абай – қоғамды тазартатын ең үлкен рухани күш. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн сияқты алыптар қатарындағы тұлға. Осы ретте, «Абай мерейтойын тойлаудағы мақсат не?» деген сұрақ туындайды. Ол – Абайға қайта айналып келіп, айтқандарына терең ой жүгірту. Хакімнің нақылдары мен өсиетін қаншалықты орындап жүрміз? Ақын көтерген проблема шешімін тапты ма? Осыған зер салу - біздің міндет. Мысалы, бір өлеңінде:

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың», - деді.

Меніңше, ойшыл айтқан осы мәселе сол күйінде тұр. Әлі «қайран жұрт» қалпында келеміз. Бір жұрт бола алмай тұрмыз. Шайыр айтқан жақсы мен жаманды да толық айыра қойған жоқпыз. Кейбір кездері жақсының орнын жаман басып кетеді. Жаман нәрсені жақсы деп қаламыз. Ал жоғарыдағы «бірі қан, бірі май боп екі ұртың» дегені – қазіргі жемқорлық. Бұл жағдай елімізді жайлап алды. Қазіргі қоғамның бір жағы май жаласа, екінші жағы қан жалап жатыр. Мұны көзі ашық кез келген жан біліп отыр. Енді осыны көзге түртіп айтсаң, кейбір адамға ұнамайсың. Әуелі, соңыңнан шам алып түсіп, айыпты қылуы да мүмкін...

- Бір сөзіңізде Абай атамызға қойылған ескерткіштердің көбі ақынның болмыс-бітімін ашпайды деген едіңіз. Сонда мүсіншілер нені ескермеді, қандай қателік жіберді?

- Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын жаза бастаған кезде Абайды көрген адамдардың бәрі тірі. Айкерім де бар. Ақынды Әуезовтің өзі де көрді. Сондықтан, автор өз кейіпкерінің кескін-келбеті, түр-тұлғасы қандай болғанын жақсы білген. Міне, Абайдың портретін Мұхтар Әуезовтен артық ешкім суреттей алмайды. Ол ақынның барлық мүшесін – денесін, бойын, қасын, маңдайын, ауыз-мұрнын, шашын толық суреттеп шыққан. Автордың суреттеуінше, Абайдың бойы ұзындау және денесі сидалау болған. Сонымен қатар, көзі бадырақ, мұрны жұқалау, қиғаш қасты, кең маңдайлы, беті сопақша адам. Бір сөзбен айтқанда, өте келісті кісі еді. Міне, қандай суретші, қандай мүсінші болса да осы деректерді басшылыққа алу қажет. Енді еліміздің әр өңірінде тұрған Абай ескерткіштеріндегі басты қателіктерді көрсетейін: Көп суретшілер мен мүсіншілер Абайдың бейнесін өте қартайтып жасайды. Шын келбеті ондай емес. Абай небары 59 жасында ғана қайтыс болды. Яғни, жасынан қара жұмысқа түспегендіктен көп қартайып кеткен жоқ. Екінші қателіктері – ақынның денесін толық қылып шығарады. Бұл да дұрыс емес. Ол - өмір бойы атпен жүрген адам. Семейден Жидебайға дейін 150 шақырымнан астам қашықтыққа атпен келіп, қайтып жүрді. Ал шектен тыс толық адамның алыс сапарға атпен барып, келуі мүмкін емес қой. Сосын кейбір мамандар ойшылды тым еңкейтіп, бүкірейтіп салады. Өмірін ат үстінде өткізген адамның денесі тік келеді ғой. Міне, осы секілді қателіктер көп кездесті. Біз мұндай мүсіндердің кейбірін алдырып тастадық. Өкінішке қарай, ақынның біраз ескерткіші қате қалпында орнатылып кетті. Тіпті, Алматының өзінде солай тұр. Яғни, ақынның түр-тұлғасын толық ашпайды. Солардың ішіндегі ең дұрысы – біздің Аққулы ауданы орталығына қойылған мүсіні. Бұл ескерткішті мен сенатор болып тұрған кезде қойдық. Негізі, ақын мүсінін құйған кезде көп қиыншылық кездесті. Себебі, біздің қолымызда ақынның жалғыз түпнұсқа суреті болды. Бірақ, ол өте сапасыз екен. Суреттердің бәрі сәтті түсіріле бермейді ғой. Оның үстіне ертедегі фотоаппараттардың жағдайы қандай болғаны бәрімізге белгілі. Сол суретті көрген кезде Ғабит Мүсірепов: «Қап, сол фотосы табылмауы керек еді» деген ғой. Сонымен «художниктер» ескерткіштің бірнеше нұсқасын жасады. Бастапқы үш-төртеуі ұнамады, қабылдамадық. Еліміздегі ең мықты скульпторлар жиналған екен. Менің берген суреттемем бойынша басынан бастап қайта жасайтын болды. Содан бір айдан кейін тағы шақырды. Бардым. Ескерткіш бірден ұнады. Сонда шамамен төрт-бес рет жасады-ау деймін. Міне, сол нұсқасын Аққулы ауданында орнаттық.

Қазаққа Абайды танытқан – Тәуелсіздік...

- Ғарифолла аға, жақында сіздің Хакім Абайға, данышпан Шәкәрімге және кемеңгер Мұхтарға арналған «Ғұлама-наме» деген еңбегіңіз жарыққа шықты. Осы кітабыңызда Құнанбайұлын қай қырынан танытқыңыз келді?

- Мен бұл кітапты 1991 жылы қолға алғанмын. Міне, 28 жылға созылды, тым ұзақ жаздым. Яғни, ел Тәуелсіздігімен бірге бастадым. Біз Тәуелсіздіктен бұрын Абайды толық түсінбедік, түсіне алмадық. Қазаққа Абайды түсіндірген – Тәуелсіздік. Біз одан бұрын еркін ойлай алмадық. Ел егемендік құрғаннан кейін еркін ойлай бастадық. Абайдың тұлғасын тани бастадық, Лениннің кім екенін білдік. Большевиктік идеологияның нағыз зұлымдық жолы екеніне көзіміз жетті. Міне, бұл еңбекте Кеңес үкіметі тұсында Абайды қалай қабылдадық, одан кейінгі еркін ойлау нәтижесінде неге көзіміз жетті? Осыны айтқым келді. Яғни, Тәуелсіздікке дейін хакімге қандай теріс сипаттама бергенімізді бадырайтып жаздым. Абайды 1991 жылға дейін ағартушы ретінде танытты, біз де солай деп қабылдадық. Бұл – кеңестік идеологияның бірінші қателігі. Шын мәнінде ол ағартушы емес. Нағыз ағартушы деп Ыбырай Алтынсаринді атауға болады. Себебі, ол мектеп ашты, бала оқытты, оқулық жазды. Екінші қателігіміз - Абайға «ұлы» деген сөзді жапсыру. «Ұлы» сөзі - ешқандай теңдесі жоқ бір Аллаға ғана тән сипаттама. Үшіншіден, біз Абайды философ деп жатамыз. Мүлдем қате сөз. Себебі, ақынның бүкіл ғұмырын зерттеген Мұхтар да, Шәкәрім де, Ахмед те, Әлихан да «Философ Абай» деген жоқ еді. Ең дұрыс теңеу – «Хакім Абай», «Ойшыл Абай» немесе «Қазақтың бас ақыны». Мұны ешкім ойдан шығарған жоқ. Кезінде Шәкәрім солай айтқан. Мағжан Жұмабаев «Хакім Абай» деп өлең жазған. Ал Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деген баға берген. Сол Алаш арыстарының бірі де «Ұлы Абай» деген жоқ. Жаңа шыққан «Ғұлама-наме» еңбегімнің басты мақсаты - осылардың аражігін ажырату.

- Ендеше, «Ұлы Абай» деген сөзді қайдан шығарып жүрміз?

- Бұл коммунистік идеологияның қысып тұрған шағында пайда болған сөз ғой. Мысалы «Ұлы Ленин», «Ұлы Сталин» деген секілді. Сол секілді мен «Ұлы Британия» деген сөзге де қарсымын. Бұл сөздің басқа да баламасы бар. Мысалы, «Әйгілі Британия» деуге әбден болады.

Мектептерге «Абай даналығы» пәнін енгізуді ұсынамын...

- Өзіңіз білесіз, орта мектеп бағдарламасында «Абайтану» пәні бар. Үлкен сыныптарға оқытылады. Осы пән арқылы Абай мұрасын кейінгі ұрпаққа толыққанды насихаттай алып жүрміз бе?

- Біріншіден, мұны «Абайтану» деп атаудың өзі дұрыс емес. Өйткені, мектеп оқушысына «Абайтану» деп ешнәрсе түсіндіре алмайсыз. Мысалы, ғалымдардың абайтануға қосқан үлесінің оқушыларға бір тиын да керегі жоқ. Қабылдай алмайды. Бұл - студенттер мен магистранттарға арналған жүйе. Сондықтан оны «Абай даналығы» деп өзгертуді ұсынамын. Осы арқылы ақынның даналық ойларын жастар санасына сіңіреміз. Мысалы, Абай айтқан бес дұшпан дегеніміз не, бес асыл іс дегеніміз қандай? Осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, эссе жаздыруға болады, осы тақырыпта бейнероликтер көрсетуге болады. Жалпы, үйретемін деген мұғалімге жолдары өте көп. Міне, сонда ғана енді өсіп келе жатқан балалар өсектің не екенін, өтірік айтудың қаншалықты зиян екенін түсіне бастайды. Негізі, ақынның отыз шақты даналық ұғымын теріп алып, бір оқулық құрастырса, бір жылға жетіп жатыр. Соңында өміржолымен қысқаша ғана таныстыра салыңыз...

- Жақында облыс басшысы жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Сонда өңірімізге белгілі көркемсөз оқу шебері Даниял Әсенов «Абай сабағын» республикалық деңгейде ұйымдастыру қажет деген ұсыныс тастады...

- Орынды айтылған ұсыныс. Мұны сол Даниял Әсеновтің өзіне жүктеу керек. Себебі, бізде Абай өлеңдері мен Қара сөздерін дәл Даниял сияқты таңды таңға жалғап жатқа айтатын адам жоқ. Ол азаматтың әлеуетін осы мерейтой қарсаңында пайдаланып қалуымыз керек. Нақтырақ айтқанда, қасына көмекшілер тағайындап, көлікпен қамтамасыз етіп, ел арасына жіберсе деп ойлаймын. Тіпті, республикалық телеарналардан арнайы бағдарлама ашып берсе де артық етпейді. Себебі, біздің елде мұндай адамдар азайып барады. Кезінде жыр-дастандарды жатқа айтатын адам көп болды ғой. Жамбылдың тұсында Құлмамбет деген жыршы болған. Ол «Мың бір түнді» өлеңмен айтқан екен. Бір күні өлең айтып отырса, жанында Жамбыл ғана қалыпты дейті. Содан Құлмамбет жырын тоқтатып: «Жәке, нешінші күн айтып отырмын» десе, Жамбыл: «Он алтыншы күн жырлап отырсыз» депті...

- Жоғарыда Абайды өз ішімізде дұрыс тани алмай жатырмыз дедіңіз ғой. Ал ақын әлемін әлемдік деңгейде насихаттау жағы қалай жүріп жатыр?

- Абайды өзгеге насихаттамас бұрын өз ішімізге жақсылап сіңіріп алуымыз қажет. Жалпы, бұл екі процесс қатар жүрген дұрыс. Абай - өзімізге де, өзгеге де керек тұлға. Содан кейін ақын шығармасын әлемге шығаратын стратегиялық жоба жасау керек. Негізі, бұл бағыттағы жұмыстар қазір де біртіндеп жүріп жатыр. Менің бір шәкіртім «Абайдың өлеңдері - ағылшын мәдениетінде» деп диссертация қорғамақ. Менің «Хакім Абай» деген кітабым Америкада ағылшын тілінде шығып жатыр. Оны америкалық ғалым Чарльз Уайлдер деген азамат аударды, қазақшасы судай. Кезінде қазақ тілінде диссертация қорғаған болатын. Бізге осындай қазақша білетін ғалымдар керек. Олар материалды түпнұсқадан оқып, түсіне алады. Сонда аударма сәтті шығады дейді. Мерейтой қарсаңында осындай шаралар көптеп жоспарлануда.

- Салиқалы сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін!

 

Әңгімелескен - Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz