Мәжіліс депутаттары Мейрам Пішембаев және Нұржан Әшімбетов Павлодар қаласындағы «Абай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тіршілігімен танысып, мал шаруашылығын дамыту, ет өңдеу ісін ілгерілету жайын талқылады. Бұл ет комбинаты қазіргі таңда күніне 120 бас қара мал, 250 бас ұсақ мал сойып, етін өңдейді. «Абай» ЖШС бас директоры Евгений Цхайдың айтуынша, комбинатта барлық процесс механикаландырылған. Мал соятын екі желі бар. Бірінде ірі қара, екіншісінде ұсақ мал сойылады. Жалпы сыйымдылығы 1200 тонналық қойма-мұздатқыштары қарастырылған.

- Өңделген етті Қытай, Өзбекстан, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттаймыз. Алғашқы екі елге сиыр еті жөнелтілсе, соңғы екі мемлекетке қой еті экспортталады. 10 мың бас малға арналған бордақылау алаңымыз бар. Жем-шөпті де 20 гектарлық алқабымызда өзіміз дайындаймыз. Биыл кем дегенде 30 мың тонна ет шетел асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Қытайдың өзіне 22 мың тоннаға шарт жасалған, - дейді Е.Цхай.

Елімізде ет комбинаттарын шикізатпен қамту мәселесі жиі көтеріледі. Осы ретте, депутат Мейрам Пішембаев комбинатқа ет тапсырған шаруаға мемлекеттен субсидия төлеп, ынталандыру қажет деген пікірде.

- Үлгілі кәсіпорынның жүйелі жұмысына куә болдық. Экспортқа бағытталған комбинат барлық талапқа сай жабдықталған. Ет өңдеудің тұтас кешені қалыптастырылыпты. Еліміздің аграрлық салаға қойған міндетінің бірі де – осы. Яғни, мал шаруашылығын дамытып, ет және ет өнімдерін экспорттау міндеті жүктелген еді. Ет өніміне сұраныс жоғары. Сондықтан шаруаларға бұл бағытқа басымдық берудің тиімділігін түсіндіруіміз қажет. Бізге ет өндірушілер ет комбинаттарынан субсидия алғаны дұрыс деген ойды жиі айтады. Мұндай қолдау шаруаларды ет бағытындағы мал өсіруге ынталандырары сөзсіз. Мәселені құзырлы министрлік деңгейінде көтеріп, талқылаймыз. Пайданы мал өсіруші де, өңдеуші де көруі тиіс. Түптеп келгенде, одан еліміз ұтады, - дейді М.Пішембаев.

Депутат Нұржан Әшімбетов те еліміздің ет комбинаттарын шикізатпен қамту үшін ұрғашы мал басын көбейтуге көңіл бөлу қажеттігін алға тартты. Бұл ретте, «Сыбаға» сынды мемлекеттік бағдарламаның тетіктерін пайдалану керек. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы бойынша шешімін күткен мәселелерді атап өтті.

- Бұрын елімізден сатып алынған мал басы субсидияланса, соңғы уақытта шетелден әкелінгендеріне де субсидия беріледі. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Шаруаларды мал өсіруге ынталандыруымыз керек. Одан бөлек, кәдеге жаратылмай жатқан жерлерді айналымға қосу жұмысы да өзекті. Ауыл шаруашылығы мамандары тапшылығын шешу үшін ауылдардың инфрақұрылымын дамыту маңызды. Сонда аграрлық салаға бет бұратындар қатары да арта түседі, - дейді Нұржан Кемерұлы.

Бұдан кейін депутат Н.Әшімбетов Ленин кентіндегі элеваторға барды. Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған заманауи нысанда жұмыс қызу. Майлы және дәнді дақыл қабылдап, елеп-екшеп, кептіріп, дәннің сапасын да анықтап береді. «GROUP KSM» ЖШС директоры Бекзат Үмітшақовтың мәлімдеуінше, бүгінде кәсіпорын қуаты 65 пайызға толық. Халық қалаулысы элеватордың жұмысына оң бағасын берді. Ал кәсіпкер жұмыстың реттелгенін, тек енді элеваторға жеткізетін кіреберіс жолды жөндеп берсе, деген ниетте. Себебі, астық таситын көлік жүргізушілері осы мәселені жиі алға тартатын көрінеді.

Сонымен қатар, халық қалаулысы өткен жылдың соңында Ленин кентінде ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz