Пилоттық режимде бастау алған туристік автобус 15 қаңтарға дейін күн сайын сағат 12.00-де жолға шығады. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Арыстан Кенжалиновтің айтуынша, бүгінде жоба авторлары автобус бағытын пысықтап, шаһардың негізгі 7 көрікті нүктесін анықтаған.

- Бірінші аялдама – «Қаз қонақ», одан әрі Православ соборы, өзен жағалауы, Ertis музейі мен Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі, Шафер мұражайы және Мәшһүр Жүсіп мешіті. Туристік автубуста қызықты мәліметтер мен тарихи оқиғаларды баяндайтын гид-экскурсия жүргізуші болады. Гид қызметін өлкетану музейінің қызметкерлері атқарады. Туристік автобуспен экскурсия белгілі бір топтағы адамдар үшін ғана емес, кез келген қала қонақтары мен өлке тарихына әуес павлодарлықтарға қолжетімді. Алдағы уақытта автобус маршрутына өзгерістер енгізілуі мүмкін, - дейді А.Кенжалинов.

Бұдан бөлек, «Еріктілер жылына» орай ерекше жоба әзірлеп жатырмыз деген қала басшысының орынбасары облыс орталығында аталған бағыттарға қосымша ұсыныстарды қаланың кәсіпкерлік бөліміне жіберуге болатынын немесе 8 777 940 55 88 телефон нөмеріне хабарлауын сұрады.

Сонымен қатар, Toraighyrov University-дің туризм кафедрасымен бірге аталмыш білім ордасының студенттерін аталмыш туристік автобуста гид-экскурсовод болып өндірістік тәжірибеден өткізу мүмкіндігі де қарастырылған. Туристік автобустың пилоттық режимінен кейін негізгі аялдамалар, яғни қаланың негізгі көрікті жерлері анықталатын болады. Айта кетерлігі, халық тарапынан сұраныс болса, алдағы уақытта арнайы туристік автобус сатып алу көзделуде.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz