Әлемдегі ірі тарихи-жаратылыстану музейлерінің үлгісімен салынған Ertis бірегей музейі геология, физикалық география, ежелгі флора мен фаунаны, Ертіс-Баян өңірінің палеозой заманынан қазіргі кезеңге дейінгі тарихын қамтитынымен ерекшеленеді. Музейдегі реставрациялық зертхана, Gloss Vision атты виртуалды киім өлшеу алаңын, даңқты жерлестеріміздің өмірбаяны мен еңбектерін, мұз дәуірінің ландшафын, Ертіс-Баян өңірінің флорасы мен фаунасының эволюциясын, «Қазқонақ» табиғи ескерткішін мекен еткен құстардың мүсінін тамашалаған депутаттар таңданыстарын жасыра алмады.

Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркинаның ерекше қызығу-шылығын тудырған жәдігер музейдің қайталанбас экспонат-тарының бірі ежелгі мамонттың қаңқасы болды.

- Елімізде мұндай музейлер әлі жоқ. Ерекше музейдің Павлодар өңірінде бой көтергені мені ерекше қуантып тұр. Мұндағы тұжырымдаманы жергілікті археологтар мен тарихшылардың әзірлегені - мақтанарлық іс. Облыс әкімімен кездескен кезде осы мұражай туралы айтып: «Егер онда барсаңыз, онда сізге музей экспонаттарымен толықтай танысып, асықпай аралау үшін кем дегенде 1,5 сағат керек» деген еді. Шын мәнінде көретін дүние көп екен. Менің ойымша, бұл - өңірдің қонақтары мен тұрғындары үшін жиі баратын мәдени орынның бірі болары сөзсіз, - деді Айгүл Нұркина.

Осы орайда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов өткен жылдың соңғы екі аптасында мұнда 10 мыңға жуық өңір тұрғыны келгенін атап өтті.

- Қазіргі таңда күніне 500-ге жуық адамды қарсы алудамыз. Ал жаңа жылдық демалыс кезінде 3000-ға жуық адам арнайы келді. Қала тұрғындары биылғы жылдың қаңтар айының соңына дейін мультимедиялық музейді тегін аралай алады. Ақпан айынан бастап билет құны балаларға - 150, ересектерге 300 теңге болады, - деді Ернұр Дәуенов.

Кездесу соңында Мәжіліс депутаттары 1 қаңтардан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 35 пайызға өскенін айта келе, 2020 жылы болатын ірі өзгерістер жайын сөз етті.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz