Оңтайландыру орынды

Естеріңізге салсақ, былтыр ҚР Қаржы министрлігі 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке толықтыру мен өзгеріс енгізілгенде Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығын субсидиялауға сұраған 36,5 млрд. теңге қосымша қаражатын қанағаттандырмаған еді. Оның себебін субсидияның тиімділігін дәлелдейтін ешқандай құжаттың ұсынылмағанымен байланыстырған еді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, шаруалар қолдаудан кенде емес. Мәселен, былтыр мал шаруашылығын субсидиялауға 77,7 млрд. теңге қаражат бөлінген.

- 2017 жылдан бастап өсімдік шаруашылығындағы тауарлық-спецификалық субсидияларды азайта бастадық. Ең әуелі дәнді дақылдарды, кейін майлы және көкөніс-бақша дақылдарын субсидиялаудан бас тарттық. Қазіргі уақытта ірі қара етіне, жұмыртқа, қымыз бен шұбатқа, күрішке, мақтаға арналған субсидияларды алып тастауды жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл тауарлар бойынша еліміздің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі тұрақты. Бұл ретте босатылған қаражат салада қалады. Яғни, олар азаймайды және ешқайда кетпейді. Көбіне асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу, сондай-ақ импортқа тәуелді - сүт, құс еті, қант қызылшасы сияқты басым бағыттарға жұмсалады, - дейді С.Омаров.

Министр инвестициялық субсидиялар машина-трактор паркін жаңартуға бөлінетінін айтады. «Қазір 39 инвестициялық құжат бар, оған сәйкес инвестициялардың бір бөлігі ішінара өтеледі. Субсидияланатын бағыттар қайта қаралып, тиімсізі оңтайландырылды. Мысалы, жайылымдарды суландыруға арналған құдықтар бойынша субсидиялар нормативі 80%-дан 25%-ға дейін төмендетіледі. Элеваторлар бойынша құжат алып тасталады, себебі сақтау қуаттылығы жеткілікті. Бұдан бөлек, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы бойынша да құжат тізімнен алынды. Осылайша, инвестициялық құжаттарды оңтайландыру есебінен шамамен 20 млрд. теңге қаражат ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жаңартуға, етті бағыттағы құс фабрикаларын қолдауға, жемістер мен көкөністерді сақтау және тағы да маңызды бағыттарға қайта бөлінетін болады», - дейді министр.

Электронды жүйеге ет үйренді ме?

Былтыр шаруаларға субсидия үлестіру ережесі өзгерген болатын. Жаңашылдыққа сай, Qoldau.kz электронды жүйесіне өтінім жолдаған азаматтарға ғана субсидия алу мүмкіндігі қарастырылған. Жаңа жүйе субсидия бөлудің ашықтығына көз жеткізуге мүмкіндік бергенімен, егде тартқан шаруалардың көбі әлі күнге дейін көшке ілесе алмай жүр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қымбат Сейітқалиеваның айтуынша, бағдарламаға құжаттарын жедел енгізген пысық шаруалар субсидияға қол жеткізіп, қалғандары қорда қаражат таусылғандықтан тиісті қаражаттан қағылады екен.

- Жасыратыны жоқ, шаруалардың дені - егде тартқан азаматтар. Көбі компьютер тілін меңгеруге қиналатыны рас. Кей жерде интернет дұрыс ұстамайды. Сайып келгенде, субсидия алу кезінде қиындықтар туындайды. Былтыр субсидиядан қағылған шаруаларға биыл ең бірінші кезекте қаражат беріледі. Өткен жылы облыстың агрокешенін дамытуға 23,4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның 14,4 миллиард теңгесі - республикалық бюджеттен. Қаражаттың басым бөлігі шаруаларды субсидиялауға жұмсалды. Атап айтсақ, 1609 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мемлекет қолдауын сезіне алды, - дейді Қ.Сейітқалиева.

Инвестициялық субсидия бағдарламасы шеңберінде былтыр 32 шаруа 1,9 миллиард теңге қаражатқа шетелден 2759 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізіпті. Оның 454,5 миллион теңгесі субсидияланған. Техника сатып алғаны үшін 300 шаруаның 10 пайыздық шығыны облыстық бюджет есебінен өтелген.

Гербицид пен тыңайтқыштардың шығынын өтеуге облыстық бюджеттен 766 миллион теңге қаражат жұмсалған. Өсімдік шаруашылығын дамытуға 628 миллион теңге қарастырылып, 256 диқан элиталық тұқым сатып алғаны үшін субсидияға қол жеткізген.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ.

saryarka-samaly.kz