- Арман Жұмагелдіұлы, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдамаған компанияны қандай жаза күтіп тұр?

- Негізі, қамқорлықты қажет ететін жандарды еңбекпен қамту үшін жергілікті атқарушы органдар кәсіпорындарға арнайы квота бөледі. Осы квота аясында аталмыш нысандардағы бос жұмыс орындарында көрсетілген мамандыққа дипломы сәйкес келетін болса, сол салада тәжірибесі бар адамды қызметке қабылдауға тиісті. Егерде жұмыс іздеуші компания ұсынған талаптардың барлығына сай келіп, бірақ оны еш себепсіз өзіне қызметкер етіп қабылдаудан бас тартатын болса, олар бірінші кезекте мемлекеттік сатып алуға қатысу құқынан айрылады. Сонымен қатар, айыппұл арқалайды. Ал ол қаржы мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындарын құруға жұмсалады.

- Қазіргі таңда біздің облыста мүмкіндігі шектеулі қанша адам жұмыспен қамтылған?

- Ағымдағы жылдың 1 желтоқ-санындағы көрсеткіш бойынша, жұмыспен қамту аясында 373 адам - тұрақты, 50-і - әлеуметтік салаға, 24-і жастар практикасы бойынша жаңа қызметке кірісті. 459 павло- дарлық қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бұл шара алдағы уақытта да қарқынды түрде жүзеге асатын болады. Жалпы, біздің өңірде мүгедек жандарды жұмыспен қамту ісі бір жолға қойылған деуге болады. Мәселен, жұмыспен қамту орталықтарына 1229 адам келген. Бүгінде олардың 1006-сы, яғни 82 пайызы жұмысқа орналастырылды. Бұдан бөлек, 68 адам кәсіпкерлік негізінде білім алса, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 65-і жіберілді. Оның ішінде 26-сы өзінің жеке кәсібін бастау бойынша мемлекеттік гранттарға ие болса, осы бағытта тағы 13 адам шағын несие алды.

- Сөз басында кәсіпорындарға квота бөлінетінін айттыңыз. Бұл қандай мақсатта беріледі?

- Жалпы, квота кәсіпорындарға бір ғана мақсатта бөлінеді. Ол - мүгедектігі бар адамдарды жұмыс- пен қамту. Қазіргі таңда облыс бойынша 263 кәсіпорындағы 1400 бос орынға квота бекітілген. Осының аясында 800-ден астам адам жұмысқа орналасты. Бекітілген квота негізінде келер жылы да жұмыстар атқарылатын болады. Қазіргі уақытта 80-нен астам бос жұмыс орындары тұр. Квотаның басым бөлігі Павлодар, Екібастұз қалаларына тиесілі. Айта кетерлігі, бұл жеңілдіктер аудандар мен қалалардың әкімдерінің қаулыла-рына сәйкес бөлінеді.

- Егер кәсіпорын жұмыс іздеушіні себепсіз жұмысқа қабылдаудан бас тартатын болса, олар қайда барып шағым-дана алады?

- Жұмыспен қамту заңнама-сына сәйкес, адамды жұмысқа қабылдау немесе қабылдамау - әр кәсіпорынның өз еркіндегі іс. Дей тұрғанмен, кәсіпорын бірнеше адамды мамандығы сәйкес келе тұра жұмыстан қабылдаудан бас тартқан жағдайда онда оларға өзінің тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталықтарына және Еңбек инспекциясына шағымдануларына болады.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz