Қытайлық - қауіпті

Қазіргі таңда дүкен сөрелерінде ойыншықтың түр-түрі самсап тұр. Жаңа туған нәрестелерге де, балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларының қызығушылығына да сай келерін оңай табуға болады. Танымал мультфильмдердің кейіпкерлері, қуыршақтар мен көліктердің сан алуан түрі, моториканы дамытуға арналған құрастырғыштар – барлығы бар. Бірақ олардың 99 пайызы сырттан жеткізіледі. Статистикалық деректерге сүйенсек, ойыншықтардың 73 пайызы Қытайдан, 16 пайызы Ресей, Украина және Беларусьтан, қалған 10 пайызы Өзбекстан мен Қырғызстаннан импортталады. Бұл ретте мамандар қытайлық тауарлардан келер қауіп көп екенін айтып, дабыл қағып отыр. Тіпті, аспанасты елінен сатып алған тауарлар талаптарға сай болмай, бірнеше рет отандық нарықтан алынып тасталған болатын. Соған қарамастан, аталмыш мемлекеттен келер ойыншықтар легі тыйылар емес. Қазақстан балалар тауарлары өндірісі қауымдастығының президенті Дарья Гайденрайх Қытайдан келетін көшірме ойыншықтар балалардың аллергия, асқазан-ішек, тыныс алу жолдары ауруларына шалдығып, тіпті мүгедек болып қалуына әкеп соғуы ықтимал екенін алға тартады.

- Контрафакт өнімдерді бірден ажыратып алу өте қиын. Сырт пішіндерінде түпнұсқалардан еш айырмашылығы болмайды. Алайда, көшірмелердің барлығы сапасыз шикізаттан жасалады. Айталық, ойыншықтардың өндірісінде бұған дейін қолданылған заттар өңделген түрінде пайдаланылады. Оның құрамында фенол мен қорғасын мөлшері көп болады. Бұл өз кезегінде баланың денсаулығына, оның дамуына кері әсерін тигізеді. Әлемнің көптеген елі аталмыш қоспаларды қолдануға тыйым салғанмен, Қытайда мұндай тыйым жоқ. Сол себепті аталмыш елден келетін тауарлардың қауіптілігі жоғары, - дейді Д.Гайденрайх.

Ойыншықтардың сапасын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жүйелі түрде қадағалайды. Соған сәйкес, қауіпсіздік талаптары тексеріледі. Оның қорытындысы бойынша Қытай, Түркия, Украинада жасалған тауарлардың 49,4 пайызы, Ресей мен Беларусьтің 16 пайыз өнімі және отандық 11,1 пайыз ойыншықтың балалар денсаулығына қауіпті екені анықталған.

Әлбетте, ешбір ата-ана баласына қауіпті ойыншықты қасақана алып бермейді. Құрамында қоспалары көп ойыншықтарды білместіктен алып жатады. Сондықтан мамандар қандай да бір тауарды аларда қауіпсіздігі жайлы сертификаттың немесе санитарлық қорытындының бар-жоғын сұрауға кеңес береді. Сонымен қатар, қаптамада ойыншықты шығарған зауыт пен елдің атауы, заттаңбасы, мекенжайы міндетті түрде болуы тиіс екенін еске салады. Егер жоғарыда аталған құжаттар мен деректер көрсетілмесе, өнімді сатып алмаған дұрыс.

Бағасы қолжетімді ме?

Отандық нарықтағы ойыншық-тардың басым бөлігі Қытайдың тауары екенін айттық. Мұнда өнімнің бұл түрін шығаратын 8 мыңнан астам зауыт бар екен. Ал Қазақстанда ойыншық өндірісі кең қанат жайып, дами қойған жоқ. Біздің елде небары 16 кәсіпорын балалардың «серігін» дайындап, шығарады. Статистика комитеті ұсынған дерекке сүйенсек, оның сегізі Алматы, екеуі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Ал қалған алтауы өңірлерде жұмыс істейді.

Отандық ойыншық туралы сөз қозғалғанда Қыдырәлі Болмановтың «Bal-bala» брендімен танымал «ақылды» ойыншықтары бірден еске түседі. Бірден айта кетейік, біздің облыста аталмыш компанияның тауарларын саудалайтын дүкен жоқ. Қаласаңыз, ғаламтор арқылы ғана тапсырыспен алуға болады. Бірақ бұл ретте өзге мәселенің шеті шығады. Белгілі продюсер басқаратын фабрикада дайындалған тауардың бағасы қаншалықты қолжетімді? Инстаграм әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаға зер салсақ, «Ақбұлақ» күшігі 6500 теңге, санауды үйрететін қонжық 8800 теңге, «Айгөлек-ау, Айгөлек, Айдың жүзі дөңгелек» деп әндететін қонжық 9500 теңге, сұрақ қойса, жауап беретін қонжық 12 мың теңге тұрады. Ал мақпал матадан қолмен тігіліп, әшекейлері таза күміспен көмкерілген, Қарақат Әбілдинаның даусымен сызылтып ән салатын «Қарақат» қуыршағының бағасы – 90 мың теңге. Жалпы, «Bal-bala» ұлттық қуыршықтар компаниясы жылына 25-30 мың өнім шығарады. Әлбетте, мұндай ойыншықтардың балаларды ұлттық құндылықтармен сусындатып, ана тілімізді, санамақты, тақпақтарды үйретуде маңызы зор.

Десе де, бағалары бәріне бірдей қолжетімді емес. Мұны әлеуметтік желі қолданушылары қалдырған пікірлерден-ақ айқын аңғаруға болады. «Бағасы қымбат», «Отандық өнім болғандықтан арзандау қылса болар еді» іспетті жазбалары көзге жиі ұшырайды.

Отандық ойыншық өндірісінің тағы бір алыбы – Шымкент қаласындағы «Navruz Plastic» пластмасса ойыншықтар фабрикасы. Компания басшысы Шухрат Юлдашевтің айтуынша, кәсіпорын айына 30-ға жуық ойыншық түрінің 10-12 мың данасын шығарады. Пластмассадан жасалған ойыншық техникалардың бағасы 800-3500 теңге аралығында. Алдағы уақытта радио арқылы басқарылатын, интерактивті ойыншықтарды шығару ісін оң жолға қоймақ.

Байқағандарыңыздай, аталмыш өндірісте ауыз толтырып айтуға тұрарлық компаниялар некен-саяқ. Отандық өзге өндіріс орындарының өнімдерін дүкен сөрелерінен табуыңыз екіталай. Сондықтан ойыншық шығаратын 16 кәсіпорын туралы дерек тек қағаз жүзінде ме деген ой еріксіз туындайды...

Біздің өңір үлесі

Аталмыш салада жұмыс істейтін шағын фабрика біздің облыста да болған-ды. Екібастұздық Динара Айтжанова 2015 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 млн. теңге грант алып, экологиялық таза ойыншықтар шығару ісін бастады. «Балбөбек» жеке кәсіпкерлігі қуыршақтар, текше пішінді жұмсақ ойыншықтар, қыздарға арналған шығармашылық жиынтықтар дайындап, тұтынушыларға ұсынды. Алайда араға екі жыл салып бұл бизнестің баянды болмайтынын түсінді. Кәсіпкердің айтуынша, бұған бірнеше жайт себеп болды.

- Осыдан бес жыл бұрын мемлекеттің қолдауымен өз кәсі-бімді бастап, ойыншықтың 25 түрін шығардым. Қажетті шикізатты Түркиядан, Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алатынмын. Алғашында сұраныс жиі түсіп, облыстан бөлек, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларына өз өнімдерімізді жеткіздік. Тұтынушылар ойыншықтардың сапасын жоғары бағалады. Әйтсе де екі жылдан соң ісімді тоқтатуға тура келді. Себебі бұған дейін тауарларды қабылдап келген көтерме сауда өкілдерінің қызығушылығы төмендеді. Шетелдік, әсіресе қытайлық өнімдер нарыққа етене енді. Жергілікті кәсіпкерден ондаған дана ойыншық алып, оған үстемеақы қосып саудалау тиімсіз болып қалды. Сырттан келген ойыншықты ірі партиямен қабылдап, дүкен сөрелеріне қою анағұрлым көп табыс әкеледі екен. Соның нәтижесінде шағын ойыншық дүкендері жабылып, ірі сауда желілері ашыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, ірі компаниялар бізді нарықтан ығыстырды. Сондықтан ойыншықтар тігуді тоқтатып, балаларға арналған киімдер өндірісіне толықтай ден қойдым, - дейді Д.Айтжанова.

Бұл ретте кәсіпкер кадр мәселесінің де кері әсер тигізгенін бүгіп қалмады. Айтуынша, колледж-дерде студенттерді тұрмыстық тігін машинасымен жұмыс істеуді үйретеді. Ал қазіргі цех, фабрикалардың барлығы тұрмыстық емес, өндірістік құралдарды пайдаланады.

- Сәйкесінше, қолына диплом алған жастар жаңа техникалармен жұмыс істей алмай, әбден қиналады. Үйренуге де аса құлық танытпайды. Сол себепті өзге жұмыс орындарын таңдайды. Оған қоса, бүгінде қыз-келіншектердің басым бөлігі біреудің қол астында емес, өзі үшін жұмыс істеуді қалайды. Үйде тапсырыстар қабылдап, табыс табады. Мұндай ойыншықтарға сұраныс та артып келеді, - дейді екібастұздық кәсіпкер.

Шынымен, соңғы уақытта экологиялық таза ойыншықтарға деген қызығушылық жоғары. Яғни, ата-аналар балаларының темір, пластмасса және тағы басқа материалдардан жасалған ойыншықтармен қатар, қолөнер туындыларымен ойнағанын құп көреді. Сондықтан болар, тігілген, тоқылған ойыншықтарды іздейді. Ал тұтынушылардың осындай сұранысын өтейтін жандардың бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Марина Ғазизова. Ол жұмсақ ойыншықтардың түр-түрін тоқиды.

- Тоқыманың бұл түрімен айналысуыма кіші ұлым Таир себепкер болды. Баламның ерекше ойыншықтармен алданғанын қаладым. Сөйтіп, ғаламтор арқылы қоянды қалай тоқуға болатынын үйрендім. Балам өскен сайын қызығушылығы арта бастады. Нәтижесінде үйімізде қонжық, бұзау, қошақан, бақа, керік сынды жұмсақ ойыншықтар пайда болды. Бұл өнерімді жолдасым Асқар мен достарымыз байқап, қолдау білдіріп, өзгелермен бөлісті. Осылайша, өзімнің балам үшін ғана емес, басқа балақайларға да ойыншықтар тоқуға кірісіп, тапсырыстар қабылдауға көштім. Қажеттінің барлығын жергілікті сауда орындарынан сатып аламын. Бір ойыншықтың бағасы – 2-3 мың теңге. Алдағы уақытта шеберлікті шыңдап, Тильда қуыршақтарын тігуді үйренсем деймін, - дейді М.Ғазизова.

Ата-ананың тілегі

Ойыншықтар өндірісі дамуының негізгі тетігі – тұтынушылардың сұранысы. Бала мен ата-ананың қалауы ескерілмесе, кәсіптің ілгерілеуі екіталай. Осы орайда сатып алушылардың барлығы дерлік сапа мен бағаның сәйкес болуын қалайды. Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Александр Беляев ойыншықтарды экологиялық таза шикізаттардан жасаса екен деген тілегін білдірді.

- Қазіргі ойыншықтардың барлығы пластмассадан жасалған. Оның құрамында не бар, не жоқ – ешкім білмейді. Оған қоса, көп уақыт ойнауға шыдамайды. Бір-екі айда, тіпті кейде одан қысқа уақытта сынады да қалады. Сондықтан фабрикалар экологиялық таза шикізаттарға басымдық берсе жақсы болар еді. Мәселен, ұлдар жақсы көретін «Minecraft» мультфильмінің кейіпкерлері, олардың заттары ағаштан жасалса әрі ол отандық өнім болса, бәрі бірден сатып алар еді деп ойлаймын. Бірақ бұл ретте баға мәселесін де ескеру керек. Әйтпегенде, кейде «Қазақстанда жасалған» тауарлардың бағасы шетелдік өнімдерден анағұрлым қымбат екенін көріп жүрміз, - дейді А.Беляев.

Облыс орталығының тағы бір тұрғыны Анар Сүлееваны өзге де мәселелер алаңдатады.

- Менің бес және үш жасар екі қызым бар. Қыздардың барлығы қуыршақтарға үйір келетіні белгілі. Сондықтан дүкенге кірсек болғаны, екеуі де бірден қуыршақ сөрелеріне қарай ұмтылады. Мен үшін баланың денсаулығы бірінші кезекте болғандықтан, сапалы ойыншық алуға тырысамын. Бірақ оның бағасы шарықтап тұр. Кейде тіпті бір қуыршақтың құны 20 мың теңгеге жетіп жығылады. Ал Қытайда жасалғандардың бағасы арзан болғанымен, сапасы көңіл көншітпейді. Сол себепті таңдау жасау қиынға түседі. Тағы бір мәселе – ойыншықтардың сырт-келбеті. Сауда орындарында қорқынышты фильм кейіпкерлері бейнеленген түрлі ойыншық, екіқабат қуыршақ, тағы басқалары самсап тұр. Бұл баланың психологиясына қалай әсер етеді? Осындай ойыншықтарды шығарушылардың көздегені не? Балаларды қорқыту ма әлде жұбату ма? Осындай сауалдар жиі мазалайды, - дейді А.Сүлеева.

Иә, отандық ойыншық өндірісінде, жалпы осы нарықта күрмеуі шешілмеген мәселе әлі де көп. Сырттан келетін 99 пайыз ойыншықтың барлығын әп-сәтте ығыстыра алмайтынымыз анық. Десе де, балалардың сапалы, отандық ойыншықтармен ойнағанына не жетсін! Бұл ретте жергілікті кәсіпкерлердің шетелдіктермен бәсекеге қабілетті болуы үшін мемлекеттік қолдау көрсетілсе, артық болмас.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz