- Мұрат Құснұлұлы, Павлодар облысы елімізде қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші бойынша алдыңғы үштікті толықтырып тұрғанын білеміз. Жаңа ғима- рат аты жаман дерттің деңгейін төмендете ала ма?

- Жаңа онкологиялық орталықтың жалпы аумағы 24 мың шаршы метрді құрайды. Бұл - көлемі жағынан облыс орталығындағы ең үлкен медициналық орталық. Нысан емдеуге қажетті құрылғылармен толық жабдықталған. Онкодиспансердің құрылысына 9 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Оның ішінде 4 млрд. теңгеден астам қаржы заманауи құрылғыларды сатып алуға жұмсалды. Мәселен, сәулелік терапияны жүргізуге арналған желілік үдеткіш қондырғысына 1,8 млрд.теңге қаражат бағытталды. Бұдан бөлек, сапалы диагностикалық тексерулерді жүргізуге мүмкіндік беретін магнитті-резонансты томография, компьютерлік томография да бар. Ота жасауға арналған 3D құрылғы сатып алынды. Бұған дейін операциядан шыққан адам 12 күн емханада жатса, енді 3-5 күннен кейін үйіне оралатын болады. Бұл жеделдік адамның көңіл-күйін көтерсе, бюджетті де үнемдеуге көмектеседі.

Онкодиспансерде стационарлық ем қабылдауға арналған 200 орын бар. Онкодиспансердегі заманауи құрылғылар бұл көрсеткіштерді одан әрі азайтуға мүмкіндік береді деген сенімдеміз. Өйткені дәрігерлер көлемі 3 миллиметр болатын сүт безі қатерлі ісігін анықтай алады. Бұған дейін науқастар ескі онкодиспансердің келбетінен қорқып, емделуден қашатын. Қазіргі жарық нысан керісінше, олардың өмірге деген құштарлығын арттырмақ.

- Өңірде қатерлі ісік бойынша қанша адам есепте тұр? Жылына қанша адам аталмыш дерттің құрбанына айналады?

- Аймағымызда қатерлі дертке шалдыққан 11560 адам есепте тұр. Олар диагноз қойылған сәттен бері 5-10 жылдан астам уақыт өмір сүруде. Мәселен, Май ауданында 11 мың адам тұрады. Демек, дәрігерлердің көмегінің арқасында шамамен бір ауданның халқының өмірін ұзартып отырмыз. Бүгінде науқастардың арасында сүт безі, тері, асқазан, бауыр, тоқ ішек қатерлі ісігіне шалдыққандар жиі кездеседі. Жылына шамамен 2200 адамды есепке аламыз. Өкінішке қарай, 2019 жылы аталмыш ауру көрсеткіші 4 пайызға артты. Дегенмен соңғы 7 жылдың ішінде өлім деңгейі 18 пайызға азайды. Мәселен, 2012 жылы 163 адам қатерлі ісіктен көз жұмса, 2019 жылы 122 адам бақилық болды.

- Қатерлі ісікті емдеуге көп қаражат жұмсалатынын білеміз. Бір адамның ем шарасына шамамен қанша қаражат қажет?

- Иә, емделушілерге берілетін дәрінің бағасы қымбат. Мысалы, бір науқастың еміне жылына шамамен 20 млн. теңге қаражат жұмсалады. Қазіргі уақытта қатерлі ісікке шалдыққан 3 адамның еміне 60 млн. теңге жұмсалуда. Бұл қатарға тағы бір адам қосылды. Оның бір айда ішетін дәрісінің бағасы 2 млн.теңгеге жуықтайды. Осыдан бір жылға қажет дәрі бағасын есептей беріңіз. Мұндай қомақты қаражат мемлекет тарапынан бөлінеді.

- Әңгімеңізге рақмет! Істеріңізге береке тілейміз!

 

Сұхбаттасқан - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz