ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мейрам Пішембаев пен Александр Суслов өңірімізге сапары барысында Павлодар ауданына барып, бірнеше елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл ретте Новочерноярка ауылындағы ірі жобаға баса мән берді. Черноярка ауылдық округінің әкімі Ермек Тақтауловтың айтуынша, екі, үш, бес қабатты үйлердің тұрғындары қыстың күндері от жағады. Бұл ыңғайсыздық тудырып, өмірлеріне қауіп төндіреді. Сондықтан ауылда үйлер мен әлеуметтік нысандарды қамтитын қазандық салу керек.

- Сол арқылы 25 мың шаршы метр аумақты орталықтандырылған жылумен қамту мүмкіндігі болады. Яғни, көпқабатты үйлер, жеке секторлар, мемлекеттік мекемелердің барлығы жылу желісіне қосылады. Қазіргі уақытта тиісті жоба мен сараптама дайын. Алдын ала есептеулер бойынша, жобаны іске асыру үшін 740 млн. теңге керек. Бұл қомақты сома болғандықтан, облыстық бюджеттің қаржыландыруға қауқары жетпейді. Сондықтан жобадан жеке секторларды, қазандық ішінде орнатылуы тиіс үш қазандықтың бірін алып тастап, жобаны 500 млн. теңгеге дейін арзандату жоспарда бар, - деді ауыл әкімі.

Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев қазандық құрылысының шынымен қымбат жоба екенін алға тартып, басқа тетіктерді ұсынды.

- Әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлер арасы соншалық жақын емес. Сондықтан екі нысан арасындағы жылу трассасынан жылуды жоғалту қаупі бар. Меніңше, мектеп жанында жеке қазандық, көпқабатты үйлер қасына жеке қазандық салған қаржылай және жылумен қамту тұрғысынан алғанда әлдеқайда тиімді болады, - деді М.Пішембаев.

Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Ернұр Жәутікбаев Новочерноярка ауылының болашағы зор екенін, сол себепті орталық қазандықтың аса қажеттігін айтты.

- Қазіргі кезде елді мекенде орталық-тандырылған су құбырының құрылысы жүргізілуде. Енді орталықтандырылған жылу желісі болса, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түседі. Бос көпқабатты үйлерге адамдар қоныстанады. Тіпті, қазірдің өзінде жергілікті шаруалар бұл үйлерді сатып алып, өздерінің жұмысшыларына беруге әзір. Тек ол үшін су мен жылу керек, - дейді Е.Жәутікбаев.

Бұл мәселені жан-жақты саралай келе, Мәжіліс депутаттары жергілікті әкімдікке тиісті құжаттарды әзірлеп, жолдауды тапсырды.

- Бұл жоба биыл қаржыландырыл-майтыны анық. Себебі 2019-2020 жылдарға арналған бюджетке өзгертулер мен түзетулер енгізіліп, бекітілді. Тиісті құжаттарда барлығы дұрыс болса, 2020-2021 жылдарға арналған бюджеттік өзгерістер кезінде қарастыруға мүмкіндік бар. Бірақ бұл - депутаттардың қолындағы ғана іс емес. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, қаржы министрліктерімен бірлесіп, ауқымды жұмыс атқару керек, - деді А.Суслов.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары Павлодар ауданындағы Розовка ауылына ат басын бұрды. Өңірдегі іргелі шаруашылықтардың бірі – «Киров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі барысымен танысты. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктте ақ желеңділермен, тұрғындармен жүздесіп, биылдан бастап жүзеге асып жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтан-дырудың басым тұстарына тоқталды. Ал жергілікті мектепте өткен кездесу кезінде таяуда қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның мұғалімдердің қызметі мен әлеуметтік мәртебесіне оң ықпал ететін бағыттарын атап көрсетті.

* * *

Мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова және Айгүл Нұркина Павлодар ауданына қарасты Ольгинка ауылына барды. Тұрғындармен кездесу барысында жергілікті жұртшылық мәдениет үйін жаңғыртып, мұнда спорт кешенін ашу қажеттігін айтты.

- Қазіргі таңда ауылдың мәдени-спорттық шаралары мектепте, күн жылыда далада ұйымдастырылады. Сондықтан мәдениет үйінің бұрынғы ғимаратын жаңғыртып, мұнда спорт кешенін ашу жоспарда бар. Жобаның құны – 86 млн. теңге, - дейді жергілікті әкімдіктің спорт және жастар саясаты жөніндегі инспекторы Диана Беседина.

Кездесу барысында ауыл тұрғыны Людмила Фомичева педагогикалық жоғары оқу орнын тәмамдаған соң туған ауылына оралып, еңбек жолын бастағанмен, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша көтермеақы ала алмағанын айтты. Мәжіліс депутаттары жас мамандар тарапынан мұндай мәселе жиі көтерілетінін тілге тиек етіп, назарға алуға уәде берді.

Сонымен қатар, депутаттар аталмыш ауылдағы «Құсайынов М.А» жеке кәсіпкерлігінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сергей Құсайынов басшылық ететін шағын цехтар өткен жылы 27 тонна жартылай дайын өнім мен 57 тонна нан өнімдерін дайындапты. Ендігі ретте кәсіпкер бір ауысымда 5 тонна сүт өңдейтін жаңа цехты іске қоспақ. Бұл мақсатта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 15 млн. теңге жеңілдетілген несие алды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz