- Нұржан Кемерұлы, Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде шаруалардың проблемаларынан хабардарсыз. Әсіресе, мал баққан ағайынды субсидия жайы алаңдатып отыр. Биыл бұл бағытта қандай өзгерістер орын алады?

- Қазір ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі оңтайландыру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, елімізде жұмыртқаға деген сұраныс толығымен қамтамасыз етілген. Яғни, оны субсидиялаудың қажеті жоқ. Күріш пен мақтаның жайы да сол. Есесіне, министрлік импортқа тәуелді - сүт, құс еті сияқты тауарларды қаржыландыруды көздеп отыр. Менің ұсынысым – техниканы субсидиялауға баса мән берілуі керек. Себебі, шаруалардың қолындағы техника ескі. Әсіресе, шағын шаруашылықтарға көңіл бөлініп, техника паркін жаңартуға жағдай жасау қажет.

- Парламент Мәжілісінде қандай мәселелерді көтеріп жүрсіздер?

- Соңғы кезде мал жайылымы жайы мінбеде көп айтылып жүр. Жасыратыны жоқ, ірі шаруа қожалықтарының иелігінде жер көп. Оның жартысы игерілмей бос жатыр. Шағын шаруашылықтар болса, мал бағатын жер жоқ деп байбалам салуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ауылдық елді мекендерде тұрғындар мал жаятын жер таппай қиналуда. Үкімет берілген жерлерді бақылауға алып, жеке азаматтар мал жаюға мүмкіндік алу үшін қажетті нормативті ұстануы керек», деген болатын. Бұл ретте, жерде пайдаланбаған азаматтарға салынатын айыппұлды 20 есеге дейін көбейту ұсынылуда. Бүгінде әр ауылдық округтің әкімі игерілмеген жерлердің кестесін жасап, ауқымды жұмыстар қолға алынуда.

Кадр мәселесі де өзекті. Бүгінде ауылдағы ветеринар мамандардың басым бөлігі - егде тартқан азаматтар. Шаруалардың да орташа жасы – 50-60 аралығында. Қазір ауыл шаруашылығы саласы цифрландыруға аяқ басты. Сондықтан да, шаруаларға компьютер тілін жетік білетін білімді жастарды тарту қажет. Жастар ауылға ағылу үшін баспана, жалақы мәселесі оңтайлы шешілгені абзал.

- Үкімет «Агробизнес-2020» бағдарламасын қысқартып, оны Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы ретінде жалғастыруды жоспарлап отыр. Одан не күтеміз?

- «Агробизнес» бағдарламасы көбі-несе ірі кәсіпорындарды жарылқап келсе, жаңа бағдарламада шағын шаруа қожалықтарын дамыту жұмыстарына басымдық беріледі. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында субсидия бөлу, несиені төмен пайызбен үлестіру және тағы басқа мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Субсидияны фермерлердің қолына уақытылы түсіру тетіктері де бар.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Оралхан ҚОЖАНОВ.

saryarka-samaly.kz