Орындалды!

Алдымен баяндама жасаған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисов құрылыс қарқынына тоқталды. Өткен жылы 332,7 мың шаршы метр үй қолданысқа берілген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Жалпы, облыста 138 нысан құрылысы өткен жылы жүргізіліп, оның 87-сі қолданысқа берілсе, 51-і биыл аяқталады. Бірқатар нысан құрылысының мерзімі бұзылып, кешеуілдегені де айтылды. Бұл ретте, тағы да «ДСК Монтаж» құрылыс компаниясының жұмысы сыналды. Облыс әкімі Б.Бақауов аталмыш фирманың көпқабатты үй түгілі жеке үйлер құрылысын жүргізе алмағанын сынға алды. Сондай-ақ, компанияның іргесі қаланғаннан бері бірде-бір үйдің уақытылы қолданысқа берілмегенін атап өтті. Ал мердігер фирма өкілі тапсырыс берушінің қателігіне сілтеді.

Жалпы, былтыр жеке үйлердің құрылысынан бөлек үш ауылда су құбыры іске қосылмай қалды. Рүстем Серікбайұлының айтуынша, нысандардың жобалық-сметалық құжаттарының сапасыздығы көп жағдайда құрылыс барысына кедергі келтіреді. Тіпті, кейбір нысандардың құжаты 100 реттен астам келісуге апарылған. Тереңкөл ауданының Береговой ауылындағы су құбырының құрылысында судың сынамасын алу жағы ескерусіз қалған. Мелиорация мамандары шынымен су құбырлары жобасын жасаушы ұйымдар істерін шалағай атқаратындарын растады. Әсіресе, сол елді мекеннің ерекшеліктерін қаперге алмайды, дейді. Яғни, құжатты ауылға бармай, кабинетте әзірлей салуға бейім. Оның салдары құбыр құрылысы басталғанда байқалып отыр. Осы орайда облыс әкімі жобалық-сметалық құжатқа ауыл әкімдерінің қол қойып, онымен келісуіне жағдай жасау керек, деді.

Р.Раисов биылғы жылдың жоспарларына да тоқталды. Айтуынша, 2020 жылы аймағымызда 420 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Сонда әрбір жанға шаққанда 22,9 шаршы метрден келетіндей көрсеткішке қол жеткіземіз. Ал 2030 жылға қарай бұл 30 шаршы метрге жетуі үшін жыл сайынғы құрылыс көлемі 11 пайызға артып отыруы тиіс. Биыл тұрғын үй құрылысына 55,1 млрд. теңге құйылмақ.

- Былтыр 332, 7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осыдан 3 жыл бұрын 165 мың шаршы метр болатын. Биыл 400 мың шаршы метрден асыруды межелеп отырмыз. Десе де, жеке инвестициялық және жеке үйлер құрылысының үлесі тым төмен. Осы жағын арттыру қажет, - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі алдағы жылдарға өтінім беру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу ісі әлсіз екенін ескертті.

Мүмкін меже ме?

Сонымен, биыл 400 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр. Оған құрылыс компанияларының қауқары мен материалдар жете ме? Аймақ басшысы осы сауалды ортаға тастады. Р.Раисовтың мәлімдеуінше, биыл шамамен 70 млн. дана кірпіш, 60 мың текше метр бетон блоктар, 400 шақырымдық құбыр қажет. Павлодарлық құрылысшылар кірпіштің басым бөлігін әлі Семейден таситын көрінеді. Есесіне, Екібастұзда өндірілетін кірпіш өзге өңірлерге жөнелтілуде.

- Екібастұз қаласында жылына 45 млн. дана кірпіш өндіріледі. Оны Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалалары алып кетеді. Міне, осы көлемді өзімізде қалдыруға әрекет ету керек. Алдын ала белгілі бір мөлшерін төлеп, амалын табу қажет. Одан бөлек, жуырда әрқайсысы жылына 30 млн. дана кірпіш шығаратын екі зауыт іске қосылмақ. Осылайша, өзімізді толық қамтуымыз керек, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Айта кету керек, алқа мәжілісіне құрылыстың басынан соңына дейін қатысы бар ұйымдар мен мердігер фирмалардың басшылары, өкілдері қатысып, ойларын айтты. Бетон плиталарын да шығаратын кәсіпорындар өңірімізде бар. Құрылыс компаниялары олардың өлшемі жобалық құжаттарға сәйкес келмейтіндіктен, сырттан әкелуге мәжбүр екендерін алға тартты. Аймақ басшысы мұның да шешімін ойлас-тыруды тапсырды. Құбырларға келетін болсақ, мұнда да жергілікті өндірушілер ұтылып отыр. Олар көптеп шығарып, қоймаға сақтамайды. Сәйкесінше, құрылыс компаниялары дер кезінде ала қоятындай мүмкіндіктің жоғынан алыстан тасымалдап отыр. Әйтпесе, павлодарлық құбыр шығарушы кәсіпорыннан сатып алуға құлықты. Облыс әкімі өндірушілермен осы мәселе бойынша кездесу өткізбек. Терезе, есіктер бойынша тапшылық жоқ, тіпті нарықта артығымен өндірілуде. Құм шығару жұмысында да ширақтық қажет. Сантехникалық құралдар көбінде Ресейден әкелінеді. Облыс әкімі құзырлы органдарға «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша осы олқылықты жоюды тапсырды. Құрылыс компаниялары кәсіби кадрлар жетіспеушілігін көтерді. Бұл мәселе де ескерусіз қалмайтын болды.

Негізгі кедергі

Аймақ басшысы құрылысты тежейтін түйткілдерді де сұрады. Ең негізгісі жобалық қателіктер көрінеді. Салдарынан құрылыс фирмаларының өкілдері тендер ұтып алғаннан кейін бірден құжатты қайта келісуге апаруға мәжбүр болатындарын бүгіп қалмады. Бұл ретте, мемлекеттік сараптама саласының білгірлері қазіргі таңда жобалаушы ұйымдарға қызмет ететін мамандар бірден бірнешеуімен жұмыс істейтіндіктен, сапалы жоба шықпайтынын алға тартты. Жобалық құжаттарға бөлінетін қаржының аздығын да атады. Сонымен қатар, жобаны әзірлеуде тапсырыс берушілердің бастапқы мәліметтерді қате беруі де кері әсерін тигізетіні айтылды. Аймақ басшысы бастапқы деректер беру ісін күшейтуді ескертті.

Ал жеке тұрғын үй құрылысына жылумен қамту мүмкіндігінің жоқтығы тежеу көрінеді. Әсіресе, Павлодар қаласында бұл мәселе өзекті. Болат Жұмабекұлы станциялармен кездесу өткізіп, алдағы екі жылда бұл түйінді тарқатудың жолдары қарастырылатынын атап өтті.

Келбеті келісті болуы тиіс

Бұдан кейін облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қақамбетов өз саласы бойынша негізгі жаңалықтармен бөлісті. Өткен жылы облыстың елді мекендерінің бас жоспарларын әзірлеу ісі ілгерілеген. Нәтижесінде бүгінде 358 елді мекеннің 346-сында мұндай құжат бар. Сөйтіп, республика бойынша 6-шы орыннан 4-ке көтеріліппіз. Баянауыл мен Май аудандарында 12 ауылға жасалмапты. Бұл ауылдарда халық саны 50 адамнан аспайтындықтан, мұндай құжат жасалмаған көрінеді. Аймақ басшысы әрқайсысын жеке қарап, шешім шығарған жөн болар, деді.

Облыс орталығының бас жоспарына 30 өзгерту енгізіліп, түзетілген. Аймағымыздың бас сәулетшісі мұны заман талабы екенін атап өтті. Алдағы уақытта Павлодар қаласында құрылыс жүретін аймақтар анықталуда. Мәселен, Затон базары ауданында зәулім үйлер салынатын күн алыс емес. Бұл мәселе облыс әкімі деңгейінде егжей-тегжейлі талқыланбақ. Одан бөлек, Чкалов көшесіндегі тозығы жеткен үйлердің орнына көпқабатты баспаналар тұрғызу көзделген. Бұл ретте, бас сәулетші үйлермен бірге әлеуметтік нысандарды қатар қарастыру қажеттігі туралы кеңес берді. Мәселен, Сарыарқа шағын ауданында осындай олқылық жіберілген. Ал Достықта толық ескерілген. Павлодар қаласында халыққа қызмет көрсету орталығын Түркістан қаласына аймағымыз салып бергендей етіп орналастыру да ойластырылмақ.

Н.Қақамбетов аудандарда сыртқы жарнамадан түсетін түсімдердің азайғанын алға тартты. Облыс әкімі мұны жергілікті жауапты органдар жұмысының осалдығы, деді. Сондай-ақ, аймақ басшысы қала-ауылдардың сыртқы келбетіне көңіл бөлуді ескертті. Үйлер құрылысында біркелкі ақ кірпіштермен тұрғыза салмай, түрлендіруге мән беруді атап өтті. Құрылысшылар түсті кірпіш қолданылса, баспананың құны өсіп кететінін сөз етті. Сондықтан, кейбірі бояп, аз да болса ажарлы етуге тырысуда. Ауылдарда қоршаулар мен үйлердің шатырларын да жөнге келтіру керек, деді облыс әкімі. Жалпы, сәулетте сабақтастық, үйлесімдік сақталуы қажет.

Бақылауды босаңсытпау қажет

Жиында қала құрылысы және жерді басқару басқармасының басшысы Азамат Нығматов атқарған жұмыстарын баяндады. Айтуынша, жүргізілген тексерістер кезінде заң талаптары сақталмағаны үшін 183 әкімшілік бұзушылық анықталған. Кейбіріне ескерту жіберілсе, кейбіріне шара қолданылған. 66,1 млн. теңгеге әкімшілік айыппұл салынған. 3 жобалық ұйымның лицензиясы тоқтатылған.

Дегенмен, облыс әкімі Болат Бақауов Павлодар қаласы, Короленко, 4-үй мекен-жайындағы жағдайды еске салып, бақылаудың аздығын алға тартты. Яғни, мұнда үйдің дәл терезесінің алдына бизнестік нысан бой көтеріп, тұрғындардың наразылығын тудырды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек бақылаушы орган ылғи кеш қимылдайтынын ашық айтты. Аймақ басшысы қала құрылысы және жерді басқару басқармасы жұмысына шағым көптеп түсетінін, бақылаудың босаңсып кеткенін ескертті.

Облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов та есеп берді. Былтыр бұл мекемеде 1432 шағым мен өтініш қаралыпты. 339 тексеріс жүргізіліп, 449 кемшілік анықталған. 217-сіне ескерту жасалып, жалпы сомасы 22,8 млн. теңгенің 159 әкімшілік айыппұлы салынған. Жыл басынан бері облыстың 232 кәсіпорнында 428,2 млн. теңге көлеміндегі жалақы берешегі жабылған. Өткен жылы облыс кәсіпорындарында 111 жазатайым оқиға орын алған. 10 адам көз жұмса, 65 адам ауыр жарақат алған. Аймағымыздың бас еңбек инспекторының айтуынша, көбінде еңбектің қауіпсіз жағдайының болмауы, қызметкерлерге тиісті нұсқаулықтың жасалмауы, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеу себеп болған. Облыс әкімі Б.Бақауов аталмыш басқарманың жұмысына қатысты прокуратурадан хат түскенін мәлімдеді. Онда басқарма тиісті функцияларын толыққанды атқармайтыны айтылыпты. Аймақ басшысы әрбір ескерту бойынша тексеру жүргізіп, шара қолдануды, жалпы басқармаға жұмысты ширатуды тапсырды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz