Уақыт қажет

Достық үйінде өткен облыстық қоғамдық кеңес төралқасының кеңейтілген отырысында аталған мәселе егжей-тегжейлі талқыланды. Жаңа заң 10 қаңтардан бастап күшіне енгендіктен әзірге нақты ережелер белгісіз. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Сергей Гуляев осы уақытқа дейін пәтер иелері кооперативі қызметі тиімсіз жұмыс істегенін айтады.

- Кондоминиум нысандарын ұстау үшін ПИК-тер (Пәтер иелері кооперативі) пәтер иелерінен ай сайын жарналық және мақсатты қаржы жинайды. Бұл қаржының қалай жұмсалатыны туралы ПИК төрағасы мен бас есепшісінен басқа тірі жан білмейді. Ережеге сәйкес, қаржының бір бөлігі ПИК қызметкерлерінің жалақысына және кондоминиум нысандарының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалса, белгілі бір бөлігі тозығы жеткен коммуналдық желілерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жинақталуы керек еді. ПИК өкілдерінің тұрғындар алдында есеп беру мәселесі де жайына қалды. Жаңа заң қаражаттың қандай мақсатта жұмсалғанын, яғни, жұмыстың ашықтығына көз жеткізуге мүмкіндік бермек. Заң жобасында ПИК ұғымының орнына МИБ (Мүлік иелерін біріктіру) құру қарастырылған. Бірақ, жаңашылдықтың енгізілуіне әжептәуір уақыт қажет. Себебі, әр үйдің жеке заңды тұлға мен басқару органын анықтауы оңай шаруа емес, - дейді С.Гуляев.

Бір белгілісі, тұрғындардан жиналатын қаржы мөлшері көбейеді. Себебі, басқарушы және сервистік қызмет көрсететін мекеменің еңбегі үшін жарна төленуі керек. Бұл ретте, жиынға қатысқан ПИК ассоциациясы өкілдері тұрғындардан қаражат жинау мәселесі оңайлыққа түспейтінін атап өтті. Қазірдің өзінде пәтер иелерінің берешегі аз емес.

Жеке заңды тұлға ретінде кәмелеттік жасқа толған кез келген азамат үміткер бола алады. Олар арнайы кәсіптік оқытудан өтпек. Әзірге оқыту жұмыстарымен кімдер айналысатыны белгісіз.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек алдағы уақытта мұндай жиындар жиі өткізіліп, жаңашылдықтың жай-жапсары талқылатынын жеткізді.

Шіркеймен «майдан» жалғасады

Кеңейтілген отырыста қаралған екінші мәселе дезинсекциялық шаралардың тиімділігі жайлы болды. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Тито Сыздықовтың айтуынша, қазір тұрғындар арасында екіұдай пікір қалыптасқан. Бірі – шыбын-шіркеймен күрес жұмыстары жалғасу керек десе, кейбіреуі қомақты қаражаттың суға сіңіп жатқанын алға тартады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылық басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықовтың мәліметінше, былтыр шыбын-шіркеймен күресуге облыстық бюджеттен 602,3 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігі 91 пайызды құраған. Биыл да облыстық бюджеттен сонша көлемде қаражат бөлу қарастырылған. Қазірдің өзінде қажетті биологиялық тауарлардың тізімі жасалып, жұмыс бағыттары айқындалған.

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері дезинсекциялық шаралардың маңыздылығын айта келе, жұмыстардың қарқынды жалғаса беруін қолдайтындарын жеткізді.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz