Тозған лифт тоқтасын!

Облыс әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен алқа мәжілі-сінде осы және коммуналдық салаға қатысты өзге де мәселелер жіпке тізілді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықовтың мәліметінше, былтырғы жылу беру маусымында «Қазақстан алюминийі» АҚ-на қарасты ЖЭО-1 6 қазандықты іске қосқан. Резерв ретінде бірде-бір қазандық тіркелмепті. Салдарынан қазандықтардың жүктемесі артып, көптеген павлодарлықтар үйлерінде бүрсеңдеп отыруға мәжбүр болған. «Қазақстан алюминийі» АҚ-на қарасты ЖЭО-1 басшылығының айтуынша, қазандықтарды күрделі жөндеу жұмыстары жүйелі жалғасуда. Әзірге №2 және №6 қазандықтардың жағдайы нашар. Кәсіпорын басшылығы биылғы жылу беру маусымында ірі апаттарға жол берілмейтініне сендірді.

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС директоры Александр Захарьян тарифті көтермесе, тозған жылу желілерін жаңарту мүмкін еместігін айтады. Тарифті өсіргеннің өзінде күрделі жөндеу жұмыстарын толығымен жүргізу қиын. Қол қусырып отырған олар жоқ. Жыл сайын бұл бағыттағы шаруалар аздап болсын атқарылып жатқан көрінеді.

Жалпы, аймағымызда тозған жылу желілерін ауыстыру жұмыстары «Нұрлы жол», Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламалары шеңберінде жүргізілуде. Облыстық бюджеттен де қомақты қаражат бөлініп жатқанын атап өткен жөн.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылық басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықовтың мәліметінше, аймағымыздағы 1869 жолаушылар лифтісінің 1136-і 25 жылдық «миссия- сын» әлдеқашан аяқтаған. Яғни, тозу көрсеткіші – 61 пайыз. Аймақ басшысы қызмет мерзімі жарамсыз лифтілерді тоқтату қажет екенін атап өтті. «Көшеде дөңгелегі тозған көлікті көрсе тәртіп сақшылары тоқтататыны белгілі. Сол сияқты жарамсыз лифтілердің жұмыс істеуіне жол берілмеуі тиіс. Бастысы, тұрғындарға лифттің ортақ мүлік екендігін ұғындырған жөн», деді Б.Бақауов.

Былтыр Павлодар қаласында 26,5 миллион теңгеге 2 лифті (Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 50-үй) жаңартылған. Бүгінде 24 лифтіні жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптама әзір. Олардың жалпы құны - 233,6 млн. теңге.

Тариф 3 есеге азаяды

2023 жылға дейін елді мекен- дерді толығымен орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Биыл 700 шақырымға жуық су желілері тартылады деп күтілуде. Аймақ басшысы Болат Бақауов құрылысқа қажетті материалдардың Нұр-Сұлтан мен Қарағанды өңірлерінен жеткізілетініне қынжылыс білдірді.

- Ақсуда құбыр шығаратын «ДАНиЕР» ЖШС бар. Өнімін нарыққа шығаруға дайын болса, барынша қолдау көрсету қажет. Екінші мәселе – орталықтандырылған су құбырын салу бір бөлек, оны күтіп-ұстау жағын да ойластыру қажет. Қараусыз қалған құбырлар бес жылдың ішінде жарамсыз күйге енуі мүмкін. Сол себепті, алдын ала экскаватор, дәнекерлеу қондырғылары және басқа да қажетті құрылғыларды қамтамасыз ету жағын қарастыру қажет, - деді Болат Бақауов.

Жиын барысында Ертіс ауданындағы топтық су құбырының пайдаланушылары үшін тариф 3 есеге азаятыны айтылды. Тарифті субсидиялауға республикалық бюджеттен 195 миллион теңге қаражат қарастырылған. Бүгінде бір текше метр судың құны 300 теңгені құрайды.

- Ауыл шаруашылығы министрі тиісті бұйрыққа қол қойды. Қазір бұл мәселе бірінші вице-премьердің қарауында. Тариф субсидия-ланғаннан кейін барлық шығын-дарды есепке алғанда тұрғындар үшін бір текше метр судың құны 100 теңгеге жуық болады, - деді Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин.

Жол сапасына саспаңыз!

Алқа мәжілісінде облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қизат Жақыпов та баяндама жасады. Оның мәліметінше, былтыр республикалық маңызы бар жолдардың 395,5 шақырымы жөнделген. Бұл бағытқа 46,6 миллиард теңге қаражат бағытталған. Сондай-ақ жергілікті жолдардың 286 шақырымы ретке келтіріліпті. «Ауыл - ел бесігі» жобасы шеңберінде Ертіс ауданында 11 шақырым, Баянауыл ауданында 10 шақырым, Железин ауданында 11 шақырым және Тереңкөл ауданында 7 шақырым жол жөнделгенін атап өткен жөн. Биыл жергілікті маңызы бар жолдардың 425 шақырымы жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Бұл былтырғы көрсеткіштен 40 пайызға артық.

Облыс әкімі Болат Бақауов жыл сайын жолдардың сапасы жақсарып келе жатқанын атап өтті. Десе де, көлік тізгіндегендердің көбі Екібастұз-Майқайың тас жолының жағдайына риза емес. Жөндеу жұмыстарын жүргізген қос мердігер кепілдік мерзіміне сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұрады. Ережеге бағынбай, артық мөлшерде көмір таситын жүк көліктері де бақылауда. Бұл ретте, аймақ басшысы Қалқаман және Майқайың кенттерінде айыппұл тұрағын салу ісін жеделдетуді тапсырды.

Қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын автобустарды жаңарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Мәселен, былтыр Павлодар қаласында 20 жаңа автобус пен 10 электробус сатып алыныпты. Сондай-ақ 23 жаңа трамвай жолға шыққан. Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов алдағы уақытта жолақысы 65 теңгеден 80 теңгеге көтеріліп, тиісінше жолаушылар тасымалдауға жауапты мердігерлер техника паркін жаңарту ісін қолға алатынына сендірді.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz