Келелі жиында бүгінгі күнге дейін күрмеуі шешілмей келе жатқан бірқатар мәселелер сөз болды. Соның бірі - Ертіс өзені үстінен салынған «Нұрлы жол» көпірінің аяқталмаған бөлігі - Кенжекөл ауылы жанындағы жол қиылысы болды. Мамандар аталған бөлікті аяқтауға қосымша 13 миллиард теңге қаражат қажеттігін айтты.

Жиынға Мәжіліс депутаттары Нұржан Әшімбетов, Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина және Александр Суслов қатысты. Павлодар қалалық мәслихатының хатшысы Зәуреш Мұқашева қалалық мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы органдардың өзара байланысы жайынан баяндаса, партияның қалалық мәслихаттағы фракциясының жетекшісі Қобыланбек Қожин фракцияның бүгінгі қызметі туралы айтты.

«Қазавтожол» кәсіпорны өкілдерінің айтуынша, көпірдің жобалық-сметалық құжаттары нашар дайындалған. Соның кесірінен аталмыш нысанның құрылысы толықтай аяқталмай қалған. Көпірдің қалған бөлігін толықтай аяқтау үшін қосымша 13 миллиард теңге қаражат қажет екен. Бүгінде жобалық-сметалық құжаты дайын тұрған жол қиылысы мәселесін Мәжіліс депутаты Александр Суслов зерттеп, көмек көрсететінін жеткізді.

Мәжілісмендер барлық ұсыныс-тілектердің барлығын бақылауға алатынын айта келе, мәслихат депутаттарын аймақтық мәселелерді шешуде бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz