Аймақ басшысы алдымен теміржол вокзалына барды. Бірден жолаушылар жиі көтеретін ғимараттың суықтығын алға тартты. Кіреберіс есіктерге тым болмағанда жылу сақтайтын құрылғылар қою қажеттігін ескертті. Айта кету керек, бұл ғимаратта автовокзал да қызмет етеді. «Павлодарвокзал-сервис» ЖШС директорының міндетін атқарушы Дастан Махметов жылыту мәселесі биыл шешімін табады деп сендірді. Яғни, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу кезінде жылу жүйесін өзгерту көзделіп отыр. Айтуынша, 2006 жылы жылу жүйесі дұрыс жаңартылмай, салдарынан ғимарат аязды күндері аңырап кететін болған. Оған қоса, терезелері де жылуды ұстауға қауқарсыз көрінеді. Сондықтан, биылға жоспарланған ауқымды жөндеу жұмыстары кезінде осы тұс та ескерілмек. Мұнда ғимараттың ішкі және қасбеті толық жаңа кейіпке енбек. Осы ретте, облыс әкімі Болат Бақауов қасбеттің өзіндік ерекшелігін сақтауды тапсырды. Павлодар теміржол вокзалының ғимараты табиғи тас – мәрмәрмен қапталған.

- Қайта жөндеудің эскиздік жобасы әкімдікпен келісіледі. Вокзалымыздың бірегейлігін сақтаймыз. Елімізде мұндай ерекше таспен көмкерілген екі ғана вокзал бар. Сондықтан, міндетіміз - жөндеп, жақсарту ғана емес, ерекшелігімізді сақтау, - дейді «Сапаржай Павлодар» ЖШС директоры Павел Браславский.

Айта кету керек, ғимаратты қайта қалпына келтіру, жөндеу кәсіпорынның өз қаржысына жасалмақ. П.Браславскийдің мәлімдеуінше, 15 жыл бойы вокзал кәсіпорынның жеке қаражатына күн көруде. Мұндай тәжірибе бірегей саналатын көрінеді. Себебі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға қарасты өзге өңірлердегі вокзалдардың бәрі мемлекеттік бюджеттен субсидияланады.

Сонымен қатар, вокзал маңындағы аумақты реттеу де қолға алынбақ. Кәсіпорын басшылығы заңсыз таксистердің кесірінен жиі кептеліс орын алып, жолаушыларға жайсыздық туғызатынын атап өтті. Сондықтан, автовокзал мен теміржол вокзалына келушілерді жеке кіргізіп-шығаратын шлагбаумдар орнату ұсынылып отыр. Заңды түрде жолаушылар тасымалымен айналысатын лицензиясы бар таксистерге жеке тұрақ қарастыру ойластырылуда. Жылытылатын аялдама, заманауи тамақтану орны да орналастырылмақ. Аймақ басшысы Б.Бақауов бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асыру ойластырылғанын айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы 90-жылдардың жағдайында қалып қойған, көпшілік «корт» деп атап кеткен вокзал маңындағы базардан бастап Чкалов көшесі, 16-үй мекенжайына дейінгі аралықты толық жаңартудың кезі келгенін айтты. Бұл аумақ қонақтарды қарсы алып, шығарып салатын қаланың қақпасы іспеттес екенін еске салды. Сондай-ақ, бұған дейін қаланың көліктік инфрақұрылымы стратегиясын құрған алматылық институтты аталған өзгерістерді енгізу ісіне тарту мүмкіндігі барын атап өтті.

Б.Бақауов пойыздар аялдайтын жердің жарықтан-дырылуын сынға алды. Яғни, шамдардың жануы әр жыл мезгілінде қас қараятын кезбен үйлесіп отыруы тиіс, деді. Ғимаратішілік жарықтандыру жағын да кәсіпорын басшылығы шешетіндерін уәде етті.

Бұдан кейін облыс әкімі сенімді басқаруға өткен автовокзал ғимаратына барды. Мұнда да жолаушыларға жайлылық толық жасалмағаны байқалды. Аңырап тұрғанына қоса, сағаттап автобус күтетін жолаушылар темір орындықтарда отыруға мәжбүр. «Автовокзалсервис» ЖШС директоры Евгений Пилипенко биыл бәрін жасай алмайтындарын жасырмады. Келесі жылы қолға аламыз, деп уәде етті. Қазір ол жолаушылар ағынын арттыруға күш салуда.

Облыс әкімі Б.Бақауов Кенжекөлге қарай автовокзал салып, Шығыстан қатынайтындарды «Нұрлы жол» көпірі арқылы бағыттау, осылайша, қала ішіне түсетін жүктемені азайту көзделіп отырғанын мәлім етті. Е.Пилипенко мұндай өзгеріс автобуспен келіп, пойызға отырып, сапарын ары қарай жалғастыратындарға қолайсыздық туғызатынын алға тартты. Сондықтан, алып вокзалдан гөрі транзиттік станция салған орынды, деген пікір білдірді. Мұндай жағдайда қаланың Дачный, Достық шағын аудандары тұрғындары үшін өте қолайлы болмақ.

Сондай-ақ, аймақ басшысы құзырлы органдарға Торайғыров көшесін вокзал маңынан кесіп өтетін жаяу жүргіншілерге жолүсті өтпе жолын салуды қарастыруды тапсырды. Бұл ой іске асса, осы аумақтағы көлік қозғалысына, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне айтарлықтай оң септігін тигізбек.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz