Ол - шығармашылығынан бөлек, актерлік, әншілік, жыршылық дарынымен де қазақ мәдениетінде терең із қалдырған жан. Иса әнші, композитор, суырып салма ақындығынан бөлек, аңшылыққа әуес болған екен. Ауыл арасындағы той-томалақ, көпшілік жиналаған жерлерде ән айтып, айтыс аламанына шығып жүрген жас жігітті ел ерекше құрметтеген. Қоянды жәрмеңкесінде ән салып жүрген Исаны Қаныш Сәтбаев танып, оған білім алу үшін Семейге баруға кеңес берсе, Мұхтар Әуезов Исаның айтыста шыңдалуына көп жәрдемдескен екен.

Осылайша, білімге ден қойған Иса 1921 жылы Семейдегі жұмысшы факуль-тетінде білім алса, 1922 жылы Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтында оқып, 1929-1932 жылдары Қазақ педагогикалық институтын тәмамдайды. Білімі мен білігі, өнері мен дарыны шыңдалған ақынның шығармашылығы шарықтай түсті.

Сұрапыл соғыс жылдары да елі үшін аянып қалмаған Исаның екі баласы - Ертіс пен Махпуза отбасылық жағдайға байланысты интернатта өседі. Әкесінің мұрасына үлкен ұқыптылықпен қарайтын ақынның перзенттері әкесінің құнды жәдігерлерін Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің алтын қорына тапсырған.

- Біздің музей 1989 жылы құрылды. Содан кейін бізге Иса атаның қызы Махпуза апамыз хабарласып, 1990 жылы 24 қыркүйекте әкесінің өзі тұтынған жеке заттарын әкеп тапсырды. Онда – поднос (ыдысқа арналған жайпақ табақ), қақпағы жоқ шәйнек, күміс қасығы мен былғары әмияны болды. Бұл заттарды әкесі қайтыс болғаннан кейін өздеріне алған екен. Иса 1946 жылы 3 қыркүйекте ауруханада жатып, ұзаққа созылған дерттен көз жұмады. Осыдан кейін Махпуза інісі Ертісті ауруханаға арнайы жібертіп, әкесінен қалған заттарды әкелткен. Өкінішке қарай, дара тұлғаның өмірінің соңына дейін Алматы қаласында жеке пәтері болмады. Ал қызы Махпуза әке жолын жалғаған, ерекше дарын иесі болды. Ол - Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, - дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі басшысының орынбасары Мағзия Әбенова.

Бұдан бөлек, И.Байзақовтың қолжазба-сының көшірмесі мен 1945 жылы Алматы қаласында санаторийде ем қабылдап жатқанда екі баласына арнап жазған хаты бар. Хатта қос перзентінің хал-жағдайын сұрай келе, ауруына ешбір емнің шипа болмай жатқанын айтып, кейіген екен.

Ақынның өмірі мен өнері жайлы білуге құмартсаңыз, өнер иесінің көзінің қарашығындай сақталған жәдігерлермен танысқыңыз келсе, музейге келіңіз.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz