Былтыр облыс орталығында қылмыскерді иіс арқылы анықтауға мүмкіндік беретін одорологиялық лаборатория ашылған болатын. Ит нұсқаған иіс қылмыскердің саусақ ізі және дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) талдаулары арқылы расталады. Жаңадан ашылған орталық бір жылдың ішінде өз нәтижесін берген. Павлодар облыстық полиция департаменті кинология қызметі орталығының басшысы, полиция аға лейтенанты Қуанышбек Қабжанов 2019 жылы қызметтік иттер 13 фактіні анықтағанын айтады.

- Облыс орталығындағы Торговая көшесінде орналасқан одорологиялық лаборатория-дағы иттер криминалист маман-дарға көмектесуде. Былтыр иттер 17 фактіні анықтауға қатысты. Оның 13-і расталып, қалған 4 факті бойынша күдікті деп танылғандар ақталды. Иттердің иіс сезу қабілеті өте жоғары, - дейді Қ.Қабжанов.

Шынында да, қоғамдық қылмыстың бетін ашуда қызметтік иттердің көмегі орасан. Облыс орталығында кинология қызметі 2014 жылы өз жұмысын бастаса да, аз уақыттың ішінде талай құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Қазіргі уақытта орталықта 23 ит бар. Мамандар неміс, бельгия овчаркаларымен, спаниель, лабрадор тұқымдарымен жұмыс істеуде. Әр кинолог 2 итті қарайды. Өткен жылы барлық ауданда кинология қызметі ашылған болатын. Әр аудан орталығында бір-бір иттен бекітілген. Ал Екібастұз қаласында тәртіп сақшыларына 3 ит көмек көрсетуде.

Полиция аға лейтенантының сөзіне сүйенсек, орталықта кинолог мамандар тапшы. Бұл салаға орта білімі бар, Отан алдындағы борышын өтеген азаматтар келе алады. Бастысы, бойында ынтасы болуы керек.

- Аудандардағы қылмыстың ізін суытпай анықтау мақсатында былтыр кинология қызметтері ашылған болатын. Иттерге тамақ облыс орталығынан тасымалданады. Қыс мерзімінде жануарларға ыстық ботқа берілсе, жазда құрғақ тамақ беріледі. Қызметтік иттердің асын кинологтар дайындайды. Жануарларға тәттіні бермейміз. Өйткені иттердің бойында жұмысқа деген қызығушылық азаюы мүмкін. Қандай да бір қылмыстың бетін ашса, қожайындары марапат ретінде шұжық беріп, еркелетеді. Бұдан бөлек, иттерге түрлі дәрумендер беріледі, - дейді Қ.Қабжанов.

Облыс орталығындағы кинология қызметінің жұмысы таңғы сағат 8.30-да басталады. Кинологтар өзіне бекітілген иттерді серуенге шығарып, таңғы ас береді. Түскі уақытта қала сыртында жаттығу жасайды. Бұл ретте мамандар көлік ішінде есірткіге ұқсас заттарды жасырып, төбеттердің иіс сезу қабілеттерін тексереді. Ит қожайынының тапсырмасын көбірек орындайтын болса, соғұрлым жақсы дамып, әр нәрсеге машықтана түседі. Адамды қырға жасырып, іздеу жұмыстарын да жүргізеді. Орын алған қылмыс бойынша шақырту түскен бойда ауысымдағы кинолог өз итімен оқиға орнына жөнеледі екен. Жалпы, иісшіл иттер қызметте 8 жыл ғана жұмыс істей алады. Бұл уақыттан кейін қызметтен босатылады. Аймағымыздағы иттердің жасы 5-тен енді ғана асқан. Әлі есептен шығарылған ит жоқ.

Қуанышбек Қабжанов өз саласына адаспай келгенін айтады.

- Отан алдындағы борышымды Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсанда өтедім. Шекара қызметінде кинолог болдым. Павлодар қаласына қызметке орналасқанымда да 3 жыл шекара қызметінде иттермен жұмыс істедім. Қазір Уллис және Самбо есімді жануарлардың қожайынымын. Уллис адамды іздеуге бейім болса, Самбо есірткіні анықтайды. Өткен жылы екі қызметтік итпен бірқатар қылмыстың бетін аштық, - дейді Қуанышбек Қабжанов.

Естеріңізде болса, былтыр Ақсуда қоқыстан табылған сәбидің анасын да иттер анықтаған болатын. Иіс арқылы полицейлерге сәбидің анасының үйін тауып берген еді. Осыдан-ақ қызметтік жануарлардың адал еңбегі мен көмегін анық көруге болады.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz