Манап КӨБЕНОВҚР Парламенті Сенатының депутаты: - Негізгі фактор - еліміздегі жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасының төмендігі. Былтыр Мемлекет басшысы өз Жолдауында сапасыз жоғары оқу орындарының көбейіп кеткенін сынға алды. Жоғары білімді лайықты деңгейге көтеру үшін бәсекеге қабілеті төмен ЖОО-ларды жабу керек. Ал ондай оқу орындарын анықтаудың негізгі көрсеткіші – түлектерінің жұмыспен қамтылуы. Өкінішке қарай, бүгінде өз түлектерін жұмысқа орналастыруға қауқарлы оқу орындарының саны өте аз. Жыл сайын жастарымызды өзімізде қалдыру үшін мектеп бітірген түлектерге мемлекет есебінен 20-30 мың грант бөлінеді. Алайда біздің жас «ақыл-ойымызды» пайдаланып жатқан шетелдік университеттер де қалысар емес. Олар Қазақстан жастарына мыңдаған оқу гранттарын ұсынып, білім алуға шақырып отыр.

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі білім бағдарламалары мен оқыту деңгейі заман талабына сай келмейтін жоғары оқу орындарының лицензияларын қайтарып жатқанын білеміз. Бірақ бұл да мәселені шешпейді. Жоғары оқу орындарына түпкілікті реформа қажет. Олардың деңгейін әлемдік оқыту сапасына жақындататын болсақ, сыртқа оқуға немесе жұмысқа кетіп жатқан азаматтар легі тоқтар еді. Себебі, ертеңгі күні олар алып шығатын диплом бағалы болады.


Айман ЗЕЙНУЛИНА, Toraighyrov university Қазақ тілі және журналис-тика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты: - Күндіз-түні үздіксіз реформа жасай бергеннен гөрі, оның тактикалық жақтарына, халықтың әл-ауқатына, жас интеллектуалдардың жағдайына қарай бұрылуымыз керек. «Ақыл-ойларымыздың» шетел асып жатуына ең алдымен тұрмыстық-отбасылық жағдайларында туындаған қиындықтар себеп дер едім. Екіншіден, өзімізде алған дипломының салаға қатысты тағдыры. Яғни ол салада түлек қалағандай жоғары еңбекақы болмауы мүмкін. Үшіншіден, отандық еңбек ұйымдары қолдан жасап отырған кедергі. Ол – оқу орнын бітіріп келген түлектен еңбек өтілін сұрауы. Ақылға сыймайтын дүние ғой. Төртіншіге себепкер - кей жастардың отансүйгіштік рухының төмендігі. Қара басының қамын, көп ақша табудың жолын ойлап, шетел асады. Соңғысы, өзімізде немесе шетелде оқып келген әр түлекпен 3 жыл белгілі бір орында қызметте қалатыны туралы шартқа отыру керек. Бұл бойынша заңнама қабылданса құп. Мәселенің салдарымен емес, себептерімен күресу керек.


Нұрболат МАҚАШЕВ, Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі: - Өз замандастарым мен артымнан ерген бауыр-қарындас-тарымның кейбірі шетелге кетіп жатқанын көріп, біліп жүрміз. Өкінерлік жағдай. Себебі мемлекеттің басты тірегі – ақыл-ой. Біраз жыл бұрын «Болашақ» бойынша Германиядағы «Шпайер» университетінде білім алып, елге оралдым. Сол тұста мемлекет маған қаншама қаржы шығындап шетелде оқытып, кейін туған елінің игілігі үшін тер төгуді міндет еткенін жақсы түсіндім. Маған құйған инвес-тициясын еселеп қайтаруды өзіме міндет еттім. Аз ғана жылдар ішінде біраз өңірлерде қызметте болып, аймақтардың дамуына өзімше үлес қосып жүргенімді айтып өтейін. Жалпы, білімді жастардың елді тастап кетуі ең әуелі сана-сезімге келіп тіреледі. Меніңше, туған жерің мен өскен ортаңды шынайы сүйе білсең, ондай ағат қадамға бармайсың. Мемлекетіміздің өркендеуі ондағы әр азаматтың қолында екенін әсте ұмытпауымыз керек.

 

«Алаңды» үйлестірген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz