Мәселені мысалмен сабақтасақ, Шарбақты ауданында барлығы 24 мектеп болса, соның 5-еуі ғана қазақ тілінде білім береді. Қалған 19 білім ошағының 12-сі орыс тілінде оқытса, 7-еуі аралас мектеп. Яғни аудан мектептерінде оқитын 2895 оқушының 1017-сі ғана мемлекеттік тілде білім алады. Негізі, мұнда жергілікті ұлттың үлес салмағы өсіп келеді. Жоғарыда айтқан 24 мектепте 2895 оқушы білім алса, соның 1498-і - қазақ. Шарбақтыда 500-ге жуық қазақ баласы орысша тәрбиеленіп жатыр деген сөз. Иә, өте өзекті мәселе, ойландыратын көрсеткіш. Дәл осындай сұрықсыз статис-тика Тереңкөл ауданында да бар. Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Алтаевтың айтуынша, өңірдегі қазақ мектептерінің саны бесеуден аспай тұр. Негізі, 25 мектеп бар. Жалпы, 3087 білім алушының 951-і, яғни 30,8 пайызы ғана қазақ мектебін таңдаған.

Мәселеге байланысты сылтау көп. Тұрғындардың басым бөлігі - өзге ұлт өкілдері. Не болмаса, кейбір қазақтар ана тілін толық меңгермеген. Жергілікті билік өкілдерінің айтар уәжі – осы! Дей тұрғанмен, ел Тәуелсіздігінің 30-ыншы жылға қадам басқанын ескерсек, қазағы болсын, өзгесі болсын, балаларын жаппай қазақ мектептеріне беретін уақыт жетті. Кезінде Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы: «Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілін білмеуі немесе шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ата-ана кінәлі» деген еді. Шынымен де, бұған кім кінәлі, не себеп?

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің айтуынша, бұған жергілікті білім беру бөлімдерінің пәрменсіздігі себеп. Яғни, ата-аналарға түсіндіру және талап қою жұмыстары жоқтың қасы. Екіншіден, кейбір ата-ананың ана тіліне немқұрайлы қарауы және кейбір өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді менсінбеуі себеп.

- Тереңкөл ауданындағы үш мың оқушының бір мыңы ғана қазақша оқиды екен. Мына статистикадан кейін аудандық білім беру бөлімінің позициясы өте нашар деп есептеймін. Мысалы, аудан орталығында үш мектеп болса, соның біреуі қазақ тілінде оқытады. Өкінішке қарай, өткен оқу жылында 52 қазақ баласы сол екі орыс мектебіне бірінші сыныпқа барған. Бұдан түйетініміз - сондағы қазақ тілінде білім беретін Қ.Оспанова атындағы №3 орта мектебі дұрыс жұмыс жүргізбеген. Егер мұндағы мамандар түсіндіру жұмыстарын жақсы қолға алған болса, орыс мектебіне кеткен 52 баланы қайтарып алуға болар еді, - дейді Ернұр Нұрланұлы.

Басқарма басшысының сөзінше, ауылдарда таза орыс тілінде білім беретін мектептер санын азайту керек. Ендігі қадам – ресми тілде оқытатын мектептердің барлығында қазақ сыныптарын ашып, аралас мектепке айналдыру. Себебі, кейбір өңірлердің тұрғындары балаларын беруге қазақ сыныптарын таппай жүр. Бір мысал келтірейік.

Шарбақты ауылы теміржолдың екі жағында орналасқан. Теміржолдың арғы жақ бөлігі орталықтан алыстау. Мұнда бір ғана білім беру мекемесі бар, №3 орта мектебі. Оның өзі орыс тілінде оқытады. Қазақ сыныптары әлі жоқ. Сондықтан, сол маңдағы ауылдардың балалары теміржолдан өтіп, орталықтағы қазақ мектебіне келіп жүр.

- Бұл мәселені көтергенімізге көп жыл болды. Яғни, аудан орталығындағы №3 орта мектептен қазақ сыныптарын ашу керек. Бұл – барлық орыс мектептеріне қатысты ұсыныс. Бірақ, ашылған қазақ сыныптары бір-екі жылдан кейін жабылып жатса тағы болмайды. Көп мектепте қазақ сыныптары 4-сыныптан кейін немесе 9-сыныптан кейін жабылып қалып жатады. Оның себебін бала санының аздығынан немесе 9-сыныптан кейін колледжге оқуға аттануымен байланыстырады. Егер үгіт-насихат жұмысы өткір болса, барлығының алдын алуға болады. Мүмкіндігінше, 11-сыныпқа дейін білім алуды жалғастыруды жүктеу қажет. Әрбір білім мекемесінде кем дегенде бір 11-сынып болған жөн, - деді Ернұр Нұрланұлы.

Шарбақты мен Тереңкөл аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімдерінің өкілдері де осы көтерілген мәселелердің өзекті екенін растап отыр. Сондықтан, алдағы уақытта білім ошақтарын қазақыландыру жұмыстарын әлі де ширата түсетініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ол ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті. Алайда ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек» деген еді. Бұдан түйетініміз – қазақ тілінің мәртебесі артып, жаппай қолданысқа енетін күн алыс емес. Ендеше болашақ ұрпақтың қамы үшін мемлекеттік тілді меңгеруіне бүгіннен бастап мән беру керек.


Социал ӘЙТЕНОВХалықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы: - Облыс орталығындағы орыс мектептерінің көбінен қазақ сыныптары ашылуда. Енді осы жұмысты аудандарда жандандыру қажет. Қазақ сыныптарын көбейту жұмысы - өңірлердегі білім бөлімдері мен мектеп басшылығының міндеті. Одан кейін бұл мәселеге жергілікті билік өкілдері – аудан әкімдігі тікелей араласуы тиіс. Яғни, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде білім алуына үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, соған жағдай тудыру қажет. Қазір бізде мынадай бір кері пікір бар: қазақ мектептерінің білім сапасы нашар, оқулықтар жетіспейді, мұғалімдердің нәти-жесі төмен деген секілді. Бұл - жаңсақ пікір. Біздің облыста үлкен белестерді бағындырып жүргендердің барлығы қазақ мектептерінің мұғалімдері.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz