Айымгүл Шәкімді аймағымыздың қыз-келіншектері жақсы таниды десек, қателеспейміз. Себебі жас тігінші 2 жыл бойы аналар қауымынан тап- сырыс қабылдап, өз ісін дөңгелетіп келеді. Қолөнер шебері адаспаған адам ғана арманына жететінін айтады.

- Мектеп қабырғасында білім алып жүргенімде дизайнер мамандығы бойынша оқуға түскім келді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жүргенімде, аталмыш сала бойынша грант аз берілетінін естідім. Сондықтан таңдау пәнімді өзгертіп, Павлодар қаласындағы медициналық жоғары колледжіне түстім. 4 жыл оқып, диплом алдым. Ата-анама ауыртпалық салмадым. Десе де, ішкі жан дүнием тігін саласында еңбек етуімді қалайтын, - дейді А.Шәкім.

Медицина саласын меңгерген маман жүрегі қалаған іспен декреттік демалысқа шыққан кезде ғана айналыса бастаған. Тұңғышына сәнді көйлек, баланы қырқына шығаруға арналған жиынтық, ұлттық көйлек тігіп, арманына жол аша бастайды. Тіпті, қызына түрлі ертегі кейіпкерлерінің киімдерін тігіп, балабақшадағы мерекелерге қатыстырған.

- Жолдасым туған күніме шағын тігін машинасын сыйлаған болатын. Арманыма жол ашқан да осы құрылғы еді. Қызымнан бөлек, туысқандарымның тойына да қолымнан шыққан дүниелерді тарту ететінмін. Ер балалар мен қыздарға ұлттық киімдер тіктім. «Инстаграм» парақшасынан көрген таныстарым қайдан сатып алғанымызды сұрай бастады. Сол уақыттан бері тапсырыс қабылдай бастадым. 2 жылдың ішінде тұтынушыларымның саны көбейді, - дейді тігінші.

Айымгүл Бейсенқызы жоғарыдағы киімдерден бөлек, тойбастар, қыз- келіншектерге арналған заманауи желетке, бөрік, қазақы нақыштағы сөмке, тойбастар, қоржын тігумен де айналысады.

- Бала күнімнен армандаған кәсіп бойынша арнайы оқуға қатысып, 3 айдың ішінде тігінші сертификатына ие болдым. Бұдан кейін, таныстарымның ұсынысымен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатыстым. Жолым болып, 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз несиені жеңіп алдым. Бұл қолдаудың көмегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені тігінші мамандығы бойынша білім алған 30 адамның 90 пайызы осы бағдарлама аясында қомақты қаржыға ие болды. Бұл - кәсіп бастаймын деген әрбір жасқа зор мүмкіндік. Жоғарыдағы қаражатқа 410 мың теңгенің тігін машинасын сатып алдым. 95 мың теңгеге тағы бір тігін машинасын алуға тапсырыс бердім. Енді ойымдағы дүниелерді жүзеге асыратын боламын, - дейді тігінші.

Алдағы уақытта Айымгүл қыз жасауына қажетті дүниелер тігуді қолға алмақ. Әңгіме соңында жас маман өмірін осы саламен ғана байланыстыратынын жеткізді.

- Әр адам болашақ мамандығын өзі таңдауы керек деп ойлаймын. Өйткені жүрек қалауындағы іспен айналысқанда ғана береке болады. Еңбегімнің жемісін көремін деген ойдамын, - дейді ол.

Жас тігіншінің ісіне сәттілік тілейміз.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz