Ең әуелі аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Мәдениет Ахметов өңірдегі ахуалды баяндады. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ақпарат бойынша ауданда 67,8 мың ірі қара, 81,4 мың ұсақ мал, 37,8 мың жылқы бар. Географиялық жағдайды есепке алсақ, мұнда өсімдік шаруашылығымен айналысу мүмкін емес. Бір-екі шаруашылық жыл сайын аздап егін егетіні болмаса, ресми тіркелген 7 ЖШС мен 475 шаруашылық негізінен мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Асыл тұқымды мал бағытында 30-дан аса шаруа табысты еңбектеніп жүр. Олардың иелігінде 4472 қазақтың ақ бас сиыры, 664 герефорд, 1100 қазақтың құйрықты қойы, 711 бас «Жабы» жылқысы ұсталады. Аудан басшылығы мал өсіретіндер көп болғанымен, ауыз толтырып мақтанатын ірі шаруашылықтардың аз екенін айтады. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлгі боларлық шаруашылықтар санын арттыру жоспарлануда.

- Аудандағы 228 шаруаның жері артық, керісінше 241-іне мал жайылымы жетіспейді. Бұл ретте, игерілмеген жерлерді анықтау бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бүгінде 44 жер учаскесінің (73584 га) пайдаланылмай жатқаны анықталды. 196 шаруашылық жайылым жері бола тұра, төрт түлігін ауылдың ішінде ұстап отыр. Биыл сәуір айына дейін оларды ауылдан «шығаруды» көздеп отырмыз, - дейді Мәдениет Ахметов.

Ауданда техника паркінің жағдайы мәз емес. Техникалар жыл сайын шамамен 1,2 пайызға ғана жаңартылады екен. Шаруалардың қолындағы тракторлар ескі. Бұған дейін мемлекеттік бағдарлама шеңберінде техника сатып алсаңыз, 50 пайыз субсидия берілетін. Қазір 25 пайызға төмендеген. М.Ахметов жергілікті шаруаларды жеңілдіктерді барында тиімді пайдаланып, техникаларын жаңартуға шақырды.

Бұдан кейін мемлекеттік бағдарламалардың операторы саналатын шаруаларды қаржылай қолдау ұйымдарының өкілдері сөз алып, жиналғандардың сауалдарына жауап берді.

Шаруалардың айтуынша, бағдарламалардың механизмін өзгерту қажет. Мәселен, пайыздық мөлшерлеме 17 пайызды құраса, 10 пайыз субсидия беріледі делік. Қаражатты бір жерден алып, бір жерге тапсыру керек. Құжат жинау, субсидияны күтуге біршама уақыт кетеді. Соны бір ретке келтіріп, өсімақыны бірден 7 пайыз етуге болмас па екен, әйтеуір айналымдағы ақша мемлекеттің қаражаты ғой, дейді шаруалар.

«Ермек» шаруа қожалығының басшысы «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, әлі күнге дейін малды жеткізе алмай жүргенін жеткізді. Құжаттар дұрыс. Қаражаттың барлығы төленген. Жиынға қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Әпсалықовтың айтуынша, карантинде тұрған малдың екеуінен ауру шыққан. Кешігудің себебі сол. Бұл мәселе жақын күндері шешімін таппақ.

Жаңажол ауылындағы «Өсербай» шаруа қожалығы жарықсыз отырған көрінеді. Бұған қарамастан шағын шаруашылық табысты жұмыс істеп, мал басын арттыруда. Жалпы, бұл - көптеген баянауылдық шаруаларға ортақ мәселе. Аудан әкімінің орынбасары Мәдениет Ахметов жарықтандыру жөнінде ірі жоба әзірленіп жатқанын сүйіншіледі.

Кепіл затына бас ауыртып жүргендер де аз емес. Шаруалар мемлекеттік бағдар-ламаларға қатысқысы келетінін, алайда кепілдік мәселесі алдан шығатынын айтады. «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ Павлодар облысы филиалы басшысының орынбасары Ізбасар Жүсіпбеков Баянауылдағы жылжымайтын мүліктің жоғары бағаланатынын алға тартты. Егер шаруа жер мен базды кепілге қойса, 0,7 пайыз коэффициент беріледі. Ал, бұл көрсеткіш өтініштің мақұлдануына жеткілікті. Жалпы, былтыр аталған қаржы ұйымы арқылы баянауылдықтарға 600 миллион теңгеден астам қаражатқа 63 несие берілген.

Баянауылдықтарды мал азығы мәселесі де алаңдатып отыр. Сапалы өнім алу үшін өсімдік шаруашылығымен айналысу қажет-ақ. Алайда, ауданда ондай мүмкіндік жоқ. Амалсыздан құнарлы жем-шөп басқа өңірлерден қымбат бағаға жеткізіледі. Облыстық фермерлер одағының төрағасы Владимир Берковский бұл жағдай жалғыз баянауылдықтарға ғана ортақ мәселе еместігін айтады. Бұл жөнінде облыс әкімі Болат Бақауовпен ақылдасқанын, алдағы уақытта тиімді жобалар қолға алынатынын тілге тиек етті. В.Берковский бұдан бөлек, кадр мәселесін де атап өтті. Оның айтуынша, колледждерде аспаз сияқты мамандықтардан гөрі ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды дайындау қажет.

Жиын соңында Баянауыл аудандық фермерлер одағының төрағасы сайланды. Ол қызметке шаруалардың мәселесін мінбеде көтереді деген сеніммен облыстық мәслихаттың депутаты Орал Сартаев лайық деп танылды. Аудан әкімі Қанат Кәрімов маңызды жиынды ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдіріп, шаруаларды жиі бас қосуға шақырды.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz