- Азамат Нұрсерікұлы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай мерекенің маңызын насихаттау мақсатында қандай жұмыстар қолға алынады?

- Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтуге айрықша мән берілуде. Бұған бір мекеме немесе бір басқарма ғана жауапты емес. Әр басқарма мен бөлімдердің өздеріне тиесілі жұмыстары мен жоспарлары бар. Облыс орталығында Кеңес Одағының батырлары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің суреттері салынған 35 билборд орналастырылады. Сонымен қатар, орталық көшелерде Ұлы Жеңіс мерекесін әспеттеген үлкен баннерлер ілінеді. Бұдан бөлек үлкен 4 лэд экранда осы тақырыпқа байланысты бейнероликтер көрсетіледі деп жоспарлануда.

- Қазіргі күні өңірде қанша соғыс ардагері бар? Осы мереке қарсаңында майдангерлерге қандай әлеуметтік көмектер көрсетіледі?

- Павлодар облысында 63 майдангер бар. Олардың ең кішісі 91 жаста болса, үлкені биыл 102-ге келеді. Ол - Шарбақты ауданының тұрғыны Петренко Ефим Емельянович. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Ардагерлерді ардақ-тайық!» жобасын қолға алып жатыр. Яғни, сол жоба аясында әртүрлі әлеуметтік қолдау шаралары жүргізіледі. Ал 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысушылардың әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде көтермеақы беріледі деп жоспарлануда. Бірақ, бюджетті нақтылау кезінде бұл сома өзгеруі де мүмкін. Бұдан бөлек жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғыс ардагерлерімен теңестірілген адамдарға біржолғы қаржылай көмек көрсетіледі.

- Батырлар жолы – болашақ үшін патриоттық үлгі. Мектеп- тер мен колледждерде және жоғары оқу орындарында нендей патриоттық шаралар жоспарланған?

- Иә, ондай шаралар аймақта көптеп қолға алынбақ. Осы жылы қан майданда ерлік көрсеткен батыр аталарымыздың ерлік істерін жас ұрпаққа үлгі ретінде көрсетуге көп мән берілуде. Сонымен қатар, жастарды Отан сүюге, елі мен жерін қадірлеуге шақыратын патриоттық шаралар да көп жоспарлануда. Мысалы, облыстық туризм және спортты дамыту жөніндегі басқармасы мектеп оқушылары арасында «Сарбаз-2020» қысқы әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырмақ. Мақсаты – жастарды ерлікке, батылдыққа баулу. Әскери жаттығуларды меңгерту.

Ақпан айында біздің облысқа қарасты ауыл колледждері мен Ресейдің «Полян аграрлық-техникалық колледжінің» және «Нововаршав техникалық училищесінің» оқушылары арасында «Сарбаз» әскери-патриоттық турнирі өтеді. Сондай-ақ, мұғалімдер арасында волейбол жарысы болады. Бұған облыстық білім беру басқармасы жауапты. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Жеңістің 75 жылдығына орай әдеби-музыкалық кеш және «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деп аталатын әндер фестивалін өткізуге жауапты. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерекелік челлендж жарияланады. Бұған барлық қала және аудан әкімдері атсалысуы керек.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz