Бұл мәселе облыс әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде қаралды. Екібастұз қаласындағы теміржол кластерінің негізгі кәсіпорындары – «Проммашкомплект», «R.W.S.BINDING», «R.W.S.Concrete» облыс әкіміне қолдау көрсетуді сұрап, хат жолдады. Теміржолға қажет құралдарды шығаратын компания өкілдерінің айтуынша, үш бірдей өндіріс орны жабылудың аз-ақ алдында тұр.

- Біздің кәсіпорындар Елбасының бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылды. Осы уақытқа дейін 70 млрд. теңге инвестиция құйылып, жылына 4 млрд. теңге салық төлеп келді. Үш компанияда барлығы 1100-ден астам адам еңбек етеді. Бірақ негізгі сатып алушылар – «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы мен оған қарасты мекемелер екіжақты ұзақмерзімді келісімшарт болғанына қарамастан, осы жылға тапсырыс берген жоқ. Қазіргі кезде біздің өнімдерді емес, Қытай, Ресей, Түркия, Украинада жасалған теміржол қажеттіліктерін сатып алып отыр. Бұл өз кезегінде екібастұздық компаниялар жұмысының тұралауына әкеп соғуы мүмкін, - делінген хатта.

Аймақ басшысының айтуынша, Екібастұз өңірінде бұдан бөлек көмір, алтын өндіретін бірнеше кәсіпорынның да жұмысы шатқаяқтап тұр. Бірақ жауапты басқарма мен жергілікті билік өкілдері оларға қол ұшын созып, көмек көрсету түгілі, осындай қиындықтар барын білмейді. Сондықтан қысқа уақыт аралығында мемлекеттік бағдарламалар аясында ашылған өндірістердің бүгінгі ахуалын анықтауды тапсырды.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Бауыржан Кәменов өткен жылғы жетістіктер мен биылға межеленген жоспарларды жіпке тізгенмен, басқарма атқарған жұмыстар мен осы жылы жүзеге асуы тиіс жобалар көңіл көншітпеді.

- Жүзеге асуы мүмкін жобалардың барлығы кәсіпті кеңейтуге қатысты. Жаңа жоба жоқ. Мәселен, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында әбден орныққан «Вектор-Маш», «УПНК-ПВ» кәсіпорындарының қуаттылықты арттыру, басқа бағыттағы істі бастауға қатысты жұмыстарынан басқа тың идея жоқ. Негізі қаланбаған, тек келіссөздер деңгейінде талқыланған істерді нақты жобалар санатына қосуға келмейді, - деді Б.Бақауов.

Осы орайда аймақ басшысы өңірде қарқын алып келе жатқан тұрғын үй құрылысы барысында есіктер мен санфаястың Ресейден жеткізілетінін айта келе, көрші елдегі дәл сол кәсіпорындарды облысқа шақырып, жағдайын жасау қажеттігіне мән берді.

Бауыржан Кәменов цифрландыру бағытында атқарылған істерге де тоқталды. Айтуынша, облыстағы білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдарының барлығы кең жолақты ғаламтор желісіне қосылған. Бірақ Болат Жұмабекұлы интернет мекемелердің қызметкерлеріне қолжетімді болғанмен, қарапайым тұрғындар әлі күнге дейін жаһандық желіні толыққанды пайдалана алмай отырғанын тілге тиек етті.

- «Ауылдарға кең жолақты интернет тартылған» деп баяндама жасайсыздар. Ал шын мәнінде жоғары жылдамдықты интернет тек жергілікті әкімдік пен мектептерде бар. Тұрғындардың басым бөлігінің үйіндегі ғаламтор жылдамдығы 2G-ден аспай отыр. Сондықтан мемлекеттік мекемелердің емес, бірінші кезекте тұрғын үйлердің жаһандық желімен қамтылуына жағдай жасау керек, - деп тапсырды облыс әкімі.

Жиын соңында аймақ басшысы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының жергілікті өкілдігінің жұмысын сынға алып, жетілдіретін тұстың жетерлік екенін қадап айтты. Олқылықтардың орнын толтыру үшін атқарылуы тиіс міндеттерді белгіліп, бірқатар тапсырма берді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz