Аймағымызда мұндай өнімді өндіретін аймағымызда бірнеше кәсіпорын бар. Алайда, мердігерлер құбырлардың көбін өзге өңірден әкелетінін облыс әкімі Болат Бақауов биылғы жылдың алғашқы екі алқа мәжілісінде де мәселе етіп көтерген еді. Біраз жыл бұрын ашылған ақсулық «ДАНиЕР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аймақ басшысы алға тартты. Бастамасы жөнді өндіріс орнының қарқын алып кетуі үшін қажет болса, қолдау көрсетуді атап өтті.

Облыс әкімі өзімізде бола тұра, құбырды алыстан арбалаудың себебін сұрады. Құрылыс компаниялары өкілдерінің мәлімдеуінше, ақсулық кәсіпорын өнімін көптеп жасап, қоймада сақтайтын болса, алуға әзір көрінеді. Демек, қажетті құбырларды Қарағандыдан жеткізгеннен гөрі іргедегі өндірістен керек кезінде ала қойған павлодарлық мердігер ұйымдар үшін әлдеқайда ыңғайлы.

Осы ретте, «ДАНиЕР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығына хабарласқан едік. Серіктестік директорының орынбасары Әлішер Тутулкуловтың айтуынша, құбыр өндірісі өрістеп келеді.

- Көбінде тапсырыспен жұмыс істейміз. Өніміміз Қазақстан аумағына және Ресейдің бізбен шекаралас облыстарына жөнелтіледі. Облысымызда да қолданып жатқандар жетерлік. Бастысы, шығаратын тауарымыздың сапасына мән береміз. Беделімізді түсірмес үшін әр құбырдың сапалы жасалынуы қадағаланады. Құбырларымызға 50 жылға кепілдік береміз, - дейді серіктестік өкілі.

Бұл кәсіпорын 2009 жылы құрылған. Полиэтилен, тік тігісті болат құбырлар шығарады. Жылына 20 мың тонна полиэтилен құбырларын өндіруге қауқарлы. Яғни, диаметрі 20 мм-ден 1000 мм-ге дейінгі полиэтилен құбырлары шығарылады. Сонымен қатар, диаметрі 40 мм-ден 325 мм-ге дейінгі тік тігісті болат құбырларын да өндіреді. Құбырдың мұндай түрлерінің жылына 30 мың тоннасын жасай алады. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, бүгінде өндірістік қуаты толық пайдаланылады. Айтуынша, жыл сайын құрылыс қарқыны артқан соң ба, құбырға сұраныс та өсіп, сәйкесінше, өндіріс көлемі ұлғайып келеді.

Серіктестік басшылығынан өнімді көптеп шығарып, қоймаға жинау мүмкіндігінің бар-жоғын сұраған едік. Әлішер Тутулкулов заманауи кәсіпорын клиентпен келісімшарт жасалысымен қысқа мерзімде құбырларды өндіру мүмкіндігі барын алға тартты. Әзірге алдын ала жасап, қоймада сақтау тәжірибесі жоқ көрінеді.

Айта кету керек, бұл кәсіпорында құбырдың түр-түрі шығарылады. Жылу желілеріне қолданылатын, жылуды сақтайтын қаптамалары бар болат құбырлар, электрмен дәнекерленген, жалпы қолданысқа арналған тік тігісті құбырлар жасалады. Оқшаулағышы полиэтиленнен жасалған жылу сақтағыш, бұрма құбырларды да ақсулық зауыттан табуға болады. Кәріз құдықтарының қақпақтары да, фасондық бұйымдар да шығарылады.

Бүгінде ақсулық кәсіпорынның құбырлары ауылдарда да, қалаларда да құбыр тарту, тұрғын үй құрылысы кезінде қолданылуда. Серіктестік өкілінің айтуынша, мәселен, Ақсуға қарасты Евгеньевка ауылындағы су желісінде «ДАНиЕР» кәсіпорнының құбыры тартылған.

Кәсіпорын өнім ғана шығарумен айналыс-пайтын көрінеді. Сондай-ақ, құбыр тарту ісіне де үлес қосуда. Ә.Тутулкуловтың айтуынша, серіктестік жылу және су құбырлары құрылысы бойынша тендерге қатысып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын да жүргізеді. Оған қажетті лицензиясы бар мамандар, қажетті техника паркі де қарастырылған көрінеді.

Серіктестік өкілі өндірісте еш мәселе жоқ дегенді алға тартты. Соған қарағанда аймағымызда құрылыс қарқын алып, құбырға тапсырыс артса, қажетті көлемде жасауға әзір көрінеді.

Әлбетте, құбыр өндірісі өңірімізде бір ғана кәсіпорынмен шектелмейді. Мысалы, «ArInvest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де құбырдың сан түрін тұтынушыларға ұсынады. Одан бөлек, Павлодар құбыр илемдеу зауыты тағы бар. Кем дегенде осы үш өндірістің күшін өзіміздің игілігімізге жаратсақ, өзге өңірдің, елдің өніміне ұмтылмас едік.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz