Биылғы ел чемпионаты 28-ші рет өткізіліп отыр. Құрлықтық хоккей лигасында жасындай жарқылдаған елордалық «Барыстың» ықпалы болар, соңғы жылдары тұрғындардың шайбалы хоккейге деген ықыласы бөлек. Фан-клуб өз алдына, ішкі біріншіліктің ойындарына жанкүйерлер көптеп жиналады.

Осы жылы біріншілікте бақ сынауға 11 команда ниет білдіріпті. «Номад» (Нұр-Сұлтан қаласы) биылдан бастап ресейлік командалар бас қосқан жоғары хоккей лигасында өнер көрсетеді. Есесіне, жарысқа алғашқы рет «Ақтөбе» және Өзбекстанның «Хумо» командалары қосылды. Чемпионат екі кезеңнен тұрады. Плей-офф кезеңіне 8 үздік жолдама алады. Жеребеге сәйкес, 4 жұп анықталып, ұтқандары жартылай финалға, одан әрі финалға шығады. Бір атап өтерлігі, жартылай финалда жеңіліс тапқан команданың екеуі де ҚР чемпионатының қола жүлдегері атанады.

Енді «Ертіске» оралайық. Тарихқа көз жүгіртсек, жерлестеріміз - 3 дүркін (2012/2013, 2013/2014 және 2014/2015 ж.) ел чемпионатының жеңімпазы. 2014 жылғы ел кубогінің иегері. Қатарынан үш жыл қарсылас шақ келтірмеген ұжымның қазіргі жағдайы мүшкіл деп айта алмаспыз. Бүгінде әр команданың жеңіске жетуге мүмкіндігі мол. Яғни, біріншілікте бәсекелестік жоғары. Биыл павлодарлықтар 5 жыл үзілістен кейін чемпион атануы мүмкін. Турнир кестесіне көз жүгіртсек, «Ертіс» 44 ойыннан кейін 93 ұпай жинаған. Екінші орындағы «Арланның» 92 ұпайы бар. Көкшетаулықтардың 40 ойын өткізгенін есепке алыңыз. Үздік үштікті «Алматы» түйіндеп тұр (89 ұпай, 42 ойын). Бір анығы, «Ертіс» плей-офф кезеңіне жолдама алады. Нағыз тартыс сол кезде басталмақ.

Павлодарлықтарды жеңіске жетелеуге бас бапкер Сергей Могильников күш-жігерін салмақ. Команданың құрамы көбіне Қазақстан және Ресей елінің азаматтарынан жасақталған. Қатардағы 29 ойыншының орташа жасы – 26. Иә, нағыз бабында тұрған жас команда. Шыны керек, бұл спортта қазақтың қаракөз жігіттерін кездестіру қиын. Ұлттық құраманың өзінде Талғат Жайлауов пен Әлихан Әсетов қана өнер көрсетеді. Павлодарлықтардың сапындағы Рүстем Айдаш пен Ернар Мұсабаевтың болашағынан зор үміт күтуге болады.

Павлодарлықтар өз айдынындағы кезде-сулерін «Астана» мұз сарайында өткізеді. Онда бір мезетте 2800 жанкүйер ойынды тамашалай алады. 2003 жылы салынған спорт нысаны - еліміздегі ең жаңа мұз сарайының қатарында.

Жерлестеріміз жақында «Хумо» командасын қабылдаған болатын. Алғашқы кездесуде 9-3 есебімен қарсыластың күл-талқанын шығарса, екінші ойында 5-1 есебімен жеңіске жетті. Осы қарқынынан таймаса, бөркімізді аспанға ататын күн алыс емес.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz