Онда құраманың келер маусымға дайындығы, ресми жарыстарға қатысуы, бірыңғай командалық спорттық киіммен қамтылуы, құрама эмблемасы бейнеленген жалау жасату, додаға түсетін аттармен және ат әбзелдермен қамтылуы секілді бірқатар мәселе қозғалды. Бөлім басшысы Зейнолла Тәліпов Баянауыл ауылының көкпар құрамасын қолдауға даяр екенін айтып, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.

- Көкпар тартатын жігіттер үнемі бабында болуы керек. Ол үшін аптасына үш рет ат үстінде дайындық жасаса, үш рет спортзалда шынығады. Бұл жарыс кезінде тәжірибені шыңдауға көмек береді. Көкпар ер азаматтың тек қана білек күші мен жүрек күшін талап етпейді, онда көкпаршы мен аттың біркелкі әрекет етуі, әдіс-айла жасай білуі қажет. Сондықтан көкпар аттарына ерекше көңіл бөлінеді. Аттарды әр палуан өзі баптайды, - дейді көкпаршы жігіттер.

Баянауыл құрамасы алғаш рет Күркелі ауылдық округінің «Әнет» шаруа қожалығында өткен додада бақ сынаған болатын. Ол кезде тәжірибенің аздығына байланысты жеңіліс тапқан еді. Бірақ, ол жеңіліс жігіттердің жігерін шыңдап, намысын қайрай түсті. Сол уақыттан бері баянауылдық көкпаршылар тұрақты түрде жаттығу жасап, 2020 жылғы маусымның ашылуы – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ірі додаға дайындалуда. Көкпаршы жігіттер көкпардан бөлек, аударыспақ, теңге ілу сайыстарында да бақ сынайды.

Жиында көкпар ұлттық спортын дамытуға қосқан зор үлесі үшін бірқатар көкпаршылар аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімі басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Ардақ Жақұпов көкпаршылар командасының мүшелері сайдың тасындай іріктелген, мықты азаматтар екенін атап өтті. Айта кету керек, А.Жақұпов - көкпардан аудан құрамасының намысын қорғап жүрген сақа палуан. Команда мүшелері көкпар тартудан жүрексінбейтін жас шеберлерді қатарынан көргісі келеді.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

saryarka-samaly.kz