- Зарина Нұрланқызы, алдымен «Іскерлік байланыстар» жобасының мән-маңыздылығын айтып өтсеңіз...

- «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған аталмыш жоба экономиканың маңызды салаларында қызмет ететін жоғары және орта буындағы басшыларды оқытып, олардың білім-біліктілігін арттыруға бағытталған. Қатысушылар алдымен облыс орталығында өтетін үш апталық курсқа қатысады. Соның аясында отандық және шетелдік бизнес-тренерлер тауарды сату, келіссөздер жүргізу сынды бағыттарда дәріс оқып, бар білгенін үйретеді. Сонымен қатар, WhatsApp әлеуметтік желісіндегі топта вебинар жүргізіледі. Оқу курсының соңында қатысу- шыларға сертификаттар табыс- талады. Оқудан өткен кәсіпкерлер екінші кезеңге, яғни Германиядағы тағылымдамаға қатысу үшін тиісті құжаттарды тапсырып, бизнес-жоспар әзірлеп, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық аппаратында әңгімелесуден өтеді. Нәтижесінде еліміз бойынша ондаған кәсіпкер іріктеліп, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.

- Не себепті Германия таңдап алынды?

- Біріншіден, бұл елде әлемдегі озық кәсіпорындардың үлкен шоғыры орналасқан. Шағын және орта бизнес қарқынды дамып, шетелдік нарықтан да ойып тұрып орын алуда. Екіншіден, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен германиялық орталық арасында өзара келісімшарт жасалған. Соның нәтижесінде қазақстандық бизнес өкілдері шекараның арғы жағында еш қиындықсыз біліктілігін шыңдай алады.

- Ол үшін кәсіпкерлер қалтасынан қанша қаржы шығаруы қажет?

- Жолақысы, оқуы, тағылым-дамадан өтуі – барлығы тегін. Кәсіпкерлердің Германияда 4 апта бойы кәсіпорындарға барып, тренингтерге қатысуына қажет қаражатты мемлекет өтейді. Германиялық мамандардың шеберлік сағаттары орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Сондықтан оқу барысында айтарлықтай қиындықтар туындамайды. Кәсіпкер өзіне қай тілде білім алуы ыңғайлы болса, сол тілді таңдайды.

- Осы уақытқа дейін қанша павлодарлық аталмыш тағы-лымдамадан өтті?

- «Іскерлік байланыстар» жобасы қолға алынған 2016 жылы 26 адам оқудан өтіп, оның төртеуі Германияға аттанды. 2017 жылы сертификат алған 18 адамның үшеуі шетелде тәжірибе жинады. 2018 жылы Павлодар қаласындағы оқу курсына қатысқан 41 адамның үшеуі германиялық кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Ал өткен жылы жобаның алғашқы кезеңі аясында 37 кәсіпкер білім алды. Таяуда олардың нешеуі шетелдік компанияларға баруға, тренингтерге қатысуға жолдама алатыны анықталады. Сөйтіп, тағы бірнеше жергілікті кәсіпкер наурыз айында Германияда білім-біліктілігін арттырады.

- Мұндай тәжірибе алмасу қаншалықты нәтижелі?

- «Іскерлік байланыстардың» тиімділігі өте жоғары. Германияда тағылымдамадан өткен кәсіпкерлермен арнайы келісімшарт жасалып, сол арқылы олар басшылық ететін кәсіпорындардың бір жылғы жұмысына мониторинг жүргізіледі. Жарты жылда бір рет нарық ауқымының кеңеюі, қуаттылықтың артуы, байланыстар орнату, келіс-сөздер жүргізу және тағы басқа бағыттар бойынша есеп береді. Байқағанымыздай, ауыз толтырып айтарлық нәтижелер бар. Тіпті, кей кәсіпкерлердің бизнес жүргізуге деген көзқарастары түбегейлі өзгеріп, істері ілгерілеп жатады. Мәселен, бұған дейін тек перделер тігумен айналысқан ақсулық кәсіпкер Елена Баяндинова Германиядан оралған соң бұл кәсібін кеңейтіп, Нұр-Сұлтан қаласында да перделер салонын ашты. Оған қоса, клинингтік қызмет көрсету орталығының жұмысын бастады. Тағылымдаманың өзге кәсіпкерлерге де берер осындай оң ықпалы көп.

- Аталмыш жобаға қатысу үшін не істеу керек?

- Павлодар қаласы, Луговая көшесі, 16 мекенжайында орналасқан өңірлік кәсіпкерлер палатасына келіп, өтініш қалдыру қажет. Оған қоса, 66-03-11 (ішкі 5511) телефон нөміріне қоңырау шалып, сұрақтарға жауап алуға болады. Тек ескеретін бір жайт, «Іскерлік байланыстар» жобасына экономиканың маңызды секторлары ғана таңдап алынады. Өкінішке қарай, бағдарлама талабы бойынша сұлулық салондары мен көтерме сауда саласының басшылары қатыса алмайды.

- Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz