Бұл жөнінде ҚР-ның «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын халыққа түсіндіру мақсатында өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, жаңа заң 21 баптан тұрады. Аталған құжат мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесін көтерумен қатар, әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуіне, материалдық жағдайларын жақсартуға жол ашпақ.

- Жаңа заң талабы бойынша педагогтарға көп мүмкіндік қарастырылып отыр. Мәселен, бұл құжатта мұғалімдердің материалдық тұрғыда қамтамасыз етілу құқығы анық көрсетілген. Яғни, осы жылдың қаңтар айынан бастап ұстаздардың еңбекақысы 25 пайызға өсті. Ал жалпы білім беру мекемелерінде жұмыс істеп жүрген магистр дәрежесі бар педагогтарға 10 АЕК мөлшерінде қосымша төлемақы белгіленді. Сонымен қатар, білім ордаларына бірінші рет қызметке орналасқан жас мұғалім-дерге бекітілген тәлімгерлерге 17 697 теңге қосымша ақы төлеу қарастырылған. Шәкірті халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстардан жүлделі орын иеленген мұғалімдерді ынталандыруға да айрықша мән берілген. Мұндай ұстаздарға 3 лауазымдық жалақы мөлшерінде бір жолғы сыйақы төленетін болады, - дейді Жомарт Қарамбаев. Сондай-ақ, ол заңда педагогтардың баспаналы болуына қолдау көрсету, олардың балаларын бірінші кезекте балабақшаға орналастыру, оқу жүктемесін азайту, кәсіби міндетіне қатысы жоқ қоғамдық жұмыстардан босату, орынсыз тексерулерге тыйым салу мәселелері жан-жақты қамтылғанын алға тартты.

Бұдан бөлек, жаңа құжатта мұғалімдердің құқығын қорғауға, беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге тосқауыл қоюға басымдық берілген. Яғни, педагог-тарға әдепсіздік әрекеттер көрсетіп, балағаттаған азаматтарға 20-40 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 5 тәулікке қамау қарастырылған.

Айта кетерлігі, аталмыш заң бойынша бұдан былай мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілері мен колледж оқытушылары да «педагог» санатына жататындықтан, олардың құқықтары мұғалімдермен тең дәрежеде сақталатын болады. Мәселен, бұған дейін балабақша тәрбиешілері мен колледж қызмет-керлерінің демалыс күндерінің саны мұғалімдердікінен аз болса, енді барлығына бірдей 56 күн еңбек демалысы берілмек.

Басқарма басшысының орынбасары енді ғана қолданысқа енгізілген жаңа заң қазақстандық педагогтардың мәртебесін көтерумен қатар, кәсіби құқықтарын да кеңейтетінін атап өтті.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz