Жалпы, қыс маусымы бастал-ғаннан бері Павлодар қаласы көшелерінен 72 мың тонна қар тазаланыпты. Былтыр осы уақытта 57 мың тонна қар сыртқа шығарылған екен. Мамандар биыл қардың ерте түскенін айтады. Ақ ұлпаның қалың түсуі павлодарлықтарды әбігерге салуда. Бұл ретте, облыс орталығындағы көшелерді қардан тазалау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Бауыржан Әбілқасымовтың мәліметінше, бұл күндері 15 бригада күшейтілген режимде еңбек етуде.

- Әуелі қаланың негізгі көшелері тазаланып, кейін кезек-кезекпен қалған көшелердегі қар алынады. Бұл ретте, 100-ден аса техника жолға шықты. Жауапты мердігерлер - «Холдинг-Транс Павлодар» және «Горкомхоз Павлодар» серіктестіктерінің жұмыскерлері аялдамаларды, жиек тастарды, жаяу жүргіншілер жолдарын және автотұрақтарды барынша тазалауда. Коммуналдық кәсіпорындардың иелігінде 49 сыпырғыш машина, 4 автогрейдер, 15 құмсепкіш техника, 40 жүктиегіш және 100-ге жуық самосвал бар. Қар Успен көпірі аумағына шығарылуда, - дейді Б.Әбілқасымов.

Ал қала тұрғындары коммуналдық кәсіпорындардың қарды тазалауға үлгермей жатқанын айтады.

- Жаяу жүргіншілер жолдары, аялдамалар ақ ұлпаға лық толы. Әр көшеде - үйілген қар. Қар тазалау жұмыстарының күшейтілген режимде жүргізіліп жатқаны білінбейді. Үй аулаларындағы жағдай мүлдем мәз емес. Пәтер иелері кооперативі қызметінің жұмысы осындайда білінсе керек-ті, - дейді қала тұрғыны Бәтима Махметова.

Бұған дейін пәтер иелері кооперативі қызметі мен бизнес нысаны өкілдеріне қар шығару ісіне салғырт қарағаны үшін айыппұл салынып жатқанын жазған болатынбыз. Байқауымызша, тәртіп сақшыларының ескертуіне құлақ асып жатқандар көрінбейді. Абаттандыру ережесіне сәйкес, бизнес өкілдері өзіне тиесілі ғимарат маңын қардан, мұздан тазартуға және қоқысты шығаруға міндетті. Жалпы қолданыстағы нысан аумағына қарды үюге тыйым салынады.

Бұл күндері төтенше жағдайлар департаменті мамандарының жұмысы да қауырт. Ақ түтек боранның салдарынан республикалық маңызы бар жолдарда қар құрсауында қалған көліктер көп.

Департаменттің Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ерлан Қасымовтың мәліметінше, өткен сейсенбі-сәрсенбі күндері Қарағанды облысына барар жолда Бозшакөл (Екібастұз ауылдық аймағы) ауылынан 15 шақырым жерде 36 темір тұлпар қар құрсауында қалған. Оның 25-і жүк көлігі, 1 автобус және 10 жеңіл автомобиль. Қуанышқа орай, жолаушылар эвакуациялау шараларынан бас тартып, медициналық көмекке жүгінбепті. Жолаушыларды эвакуациялау қажет болса, Шиқылдақ ауылында 2 жылыту бекеті зардап шеккендерді қабылдауға әзір.

Синоптиктердің айтуынша, соңғы тәулікте жауған қардың мөлшері облыс бойынша шамамен 40 мм, ал Павлодар қаласында 10 мм құраған. Мұндай ауа райы алдағы аптада қайталануы мүмкін.

* * *

Апта ортасынан бастап толассыз жауған қардың соңы ақ түтек боранға ұласты. Табиғаттың тосын мінезі салдарынан бейсенбіде Шідерті–Ерейментау-Нұр-Сұлтан, Шідерті-Қарағанды бағыттарын-дағы жолдар жабылып, жұма күні өңірдегі кейбір мектептерде сабақ тоқтатылды. Яғни, 17 қаңтарда Екібастұз қаласы, Аққулы, Май, аудандарында 1-4 сыныптарда, Баянауыл және Шарбақты аудандарында 1-9 сыныптар үшін сабақ өткізілмеді. Ал Ақтоғай ауданы мен Ақсу қаласында 1-11 сынып оқушылары үшін сабақ тоқтатылды.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz