Сұраныс жоғары

Елімізде Павлодарда өсірілген картоп жоғары бағаланады. Тіпті, Нұр-Сұлтан қаласында жүйелі түрде ұйымдастырылатын ауылшаруашылық жәрмеңкелерінде тұрғындар барлығын бірден сатып алады. Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарынан арнайы келіп, жергілікті шаруалар өсірген өнімді бірнеше жүк көлігімен алып кететін саудагерлердің қарасы қалың. Осыдан-ақ павлодарлық картопқа деген сұраныстың көп екенін айқын аңғаруға болады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, былтыр аймағымызда 17,9 мың гектар алқапқа картоп егіліп, әр гектардан орташа есеппен 309 центнер өнім жиналды. Сөйтіп, барлығы 552 мың тонна картоп алынды. Ал облыс тұрғындарының сұранысы – шамамен 100 мың тонна. Қалғанын өзге өңірлерге жөнелтіп, сыртқа сатады.

- Былтыр Қазақстанның облыстарына барлығы 27 684 тонна картоп жеткізілді. Сонымен қатар, әлем елдеріне 106 мың тоннадан астамы экспортталды. Олардың қатарында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сынды ірі сатып алушылар бар. Ақтоғай, Железин аудандарындағы шаруашылықтар экспорттайтын өнім көлемі басқа аудандармен салыстырғанда анағұрлым көп, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы экспортты және импортты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айдана Бейсекеева.

Бұл ретте Ақсу қаласының ауылдық аймағы мен Павлодар ауданындағы шаруалардың басым бөлігі өзге бағытты таңдағанын атап өту керек. Мұндағы шаруа- лар өнімді экспорттауға қарағанда көктемде, яғни картоп бағасы күрт қымбаттаған тұста жергілікті нарыққа сатылымға шығаруды құп көреді. Сондықтан бірнеше көкөніс қоймасын салып, күзде жиналған өнімді сол жерде көктемге дейін сақтайды. Мәселен, Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт Омаров ауылындағы «Әлихан» шаруа қожалығы былтыр 180 гектарға картоп егіп, әр гектардан 300 центнер өнім алды. Өз өңірімізден бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалалары, Түркістан облысы тұтынушыларына картоптың келісін 90 теңгеге сатты. Қалған бөлігін кейін сатылымға шығармақ.

- Бұған дейін 1,5 мың тонна көкөніс сақтауға арналған шағын ғана қойма болатын. Былтыр 4 мың тонна картоп пен сәбіз сақтайтын тағы бір қойма салдық. Күзде жиналған өнімнің басым бөлігі осында сақталады. Оны сұраныс артқан тұста сатамыз, - дейді шаруа қожалығының басшысы Қуатбек Қисамиев.

Өндірістікке көшу керек

Байқағанымыздай, картоптың тең жартысы сатылымға шығарылып, сыртқа жөнелтілсе, қалған жартысы сол күйі сақталып қала береді. Көкөніс қоймасы бар шаруалар өнімді өздеріне қолайлы уақытта сатып, содан табыс табады. Ал мұндай сақтау орны жоқ шаруашылықтарға артық өнімді малға беріп, оған да жарамсыз болса, қоқысқа тастауға тура келеді. Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілері одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев сол себепті өнімді өңдеу орны ауадай қажет екенін алға тартады.

- Бұдан 10 жыл бұрын Қазақстан импортқа тәуелді ел болса, бүгінде экспорттаушы мемлекетке айналды. Осы уақыт аралығында шаруалар ел тұрғындарының сұранысын өтеп қана қоймай, сыртқа сататын деңгейге жетті. Айталық, жыл сайын орта есеппен 200 мың тонна қазақстандық картоп өзге елдердің тұтынушыларына жол тартады. Десе де, экспорттың болашағы бұлыңғыр. Бүгін болған сұраныс ертең болмауы әбден мүмкін. Оған қоса, елімізде өсірілген өнім кей жағдайда сатылымға да жарамай, ысырап болып жатады. Осы жайттардың барлығын ескеріп, крахмал зауытын салған дұрыс. Бұл өңдеу орнының Павлодар облысында іске қосылуы тіпті жақсы. Себебі, Павлодар картопты өсіру көрсеткіші бойынша көш ілгері тұр, - дейді Қ.Бисетаев.

Таяуда өңірімізге келген шетелдік сарапшы Ханс Громбах та жергілікті шаруалардың әлеуеті жоғары екенін айтты.

- Өңірде көбінесе картоптың асханалық түрі өсіріледі. Оның құрамында крахмал үлесі – 12-13 пайыз. Ал зауыт жұмысы үшін крахмалы 19-25 пайыз болатын өндірістік картоп керек. Картоптың бұл тұқымын өсіру қомақты қаржы құюды талап етпейді. Тек агротехникалық шараларды дұрыс пайдалана білсе болғаны. Бұл бағытта біз көмек көрсетуге әзірміз, - деген еді шетелдік маман.

Железин ауданындағы «Пахарь» шаруа қожалығы биылдан-ақ өндірістік үлгідегі картопты тәжірибе ретінде өсіріп көрмек. Шаруашылық басшысы Олег Литвиненконың айтуынша, көктемде картоптың еуропалық тұқымының үш сұрпы жеткізіледі.

- Былтыр 350 гектарға картоп салып, 52 тонна жинадық. Ішкі нарықты ғана өніммен қамтып қоймай, Өзбекстанның сауда орындарына да жөнелттік. Алдағы уақытта облыста крахмал зауыты салынатынын ескеріп, биыл өндірістік картопты алғаш рет өсірмекпіз. Еуропадан жеткізілетін үш сұрыпты 5 гектар аумаққа салу жоспарда бар. Оның қайсысы біздің климатқа қолайлы болып, мол өнім берсе, келесі жылы сол сұрыпқа басымдық беретін боламыз, - дейді О.Литвиненко.

Железинде зауыт салынады

Железин ауданындағы шаруалардың өндірістік картоп өсіру ісіне ден қоюы тегін емес. Себебі картоп өңдеу орны дәл осы ауданда салынбақ. Әуелде Ақсу қаласының аумағында іске қосылуы жоспарланған кәсіпорынның не себепті Железин ауданына ауысқанын сала мамандары былай түсіндірді:

- Біріншіден, Железин ауданының топырағы анағұрлым құнарлы. Айталық, Ақсудағы алқапта гектарынан 400 центнер, ал Железинде 500 центнер картоп жиналады. Екіншіден, ақсулық шаруашылықтардың барлығында дерлік ірі көкөніс қоймалары бар. Яғни, шаруалар өнімдерді біраз уақыт сақтап, баға күрт өскенде сатуды құп көреді. Железин ауданында мұндай қоймалар жоқ, сондықтан шикізатпен қамтуда мәселе болмайды. Үшіншіден, Железин Ресейдің Омбы облысымен іргелес жатыр. Крахмалдың экспортқа бағытталған тауар екенін ескерсек, зауыттың көлік-логистикалық тұрғыдан алғанда шекараға жақын аумақта салынғаны әлдеқайда дұрыс.

Жобаның жүзеге асуына жауапты «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Александр Бабенконың айтуынша, наурыз айында тиісті құжаттар дайын болып, сараптамаға жіберіледі. Содан соң зауыт құрылысына кірісуге болады.

- Кәсіпорын жылына 150 мың тонна картопты өңдеп, 24 мың тонна крахмал шығаратын болады. Бұл өнімді сатылымға шығарар әлемдік нарық аясы кең. Еуропа елдері жылына 568 мың тонна, ТМД елдері 24 мың тонна крахмал тұтынады екен. Бұл ретте аталмыш өнімді ірі өндірушілердің бірі – Беларусьтің өзі бізге бәсекелес бола алмайды. Бұл елдегі Гродно қаласындағы зауыт жылына 40 мың тонна картопты өңдеп, одан 5,6 мың тонна өнім алады. Біздің қуаттылық бұдан бірнеше есе жоғары болмақ, - дейді А.Бабенко.

Алдын ала есептеулер бойынша, крахмал зауытының құрылысына 30 млн. еуро қажет. Мұндай қомақты көлемдегі инвестиция құюға отандық және шетелдік компаниялар қызығушылық танытып отыр. Себебі, экспортқа бағытталған крахмалды саудалаудан мол табысқа кенелуге болады. Айталық, былтыр Қытай 63 млн. АҚШ долларына, Оңтүстік Корея 83 млн. АҚШ долларына крахмал сатып алған көрінеді. Сондықтан өңірімізде картопты өңдеп, одан дайындалған крахмалды экспорттау аса маңызды.

Ендігі ретте павлодарлық картоп өсірушілерге асханалық тұқымды ысыра тұрып, өндірістік түрін қолдануға көшу керек. Былтыр аймағымызда алғаш рет қант қызылшасы тәжірибе түрінде егілсе, биыл өндірістік картоп салынады. Шикізатпен қамтуда қиындық болмаса, 2021 жылы іске қосылатын крахмал зауыты агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына тың серпін береді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz