- Ләззат Мейрашқызы, МӘМС жүйесі аясында халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатқанын естідік. Тегін дәрі кімдерге тиесілі?

- Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі де екі пакетке бөлінеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне препараттардың 90 пайызы енгізілсе, міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетіне 10 пайызы кірген. Дәрі-дәрмекті тегін беру - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №666 бұйрығында бекітілген ережеге сәйкес жүргізіледі.

Созылмалы сырқат түрлері бойынша диспансерлік есепте тұрған ересектер бұрынғыдай дәрімен тегін қамтылады. Сонымен қатар, жүйке жүйесі, жүрек-қан тамыры, тыныс алу мүшелеріне қатысты ауруларға шалдыққандарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Учаскелік дәрігер науқастың диагнозына қарай тегін дәрілер тізімін жазып береді. Егер қажетті препарат нұсқаулықта көрсетілмесе, оны ақылы негізде алу қажет.

Атап өтерлігі, МӘМС жүйесі негізінде тегін берілетін дәрі-дәрмек тізімі 192 препаратқа артты. Бұдан былай, 18 жасқа дейінгі балалар осы препараттарды тегін алатын болады. Бұл қатарға жіті респираторлық вирусты инфекциясы (ЖРВИ) және тұмау, дене қызуын түсіру, аллергияны, т.б. сырқат түрлерін емдеуге арналған дәрілер жатады. Ол үшін сырқаттанып қалған жасөспірім тіркеуде тұрған емхананың учаскелік дәрігеріне қарануы керек.

- Бұған дейін 5 жасқа дейінгі балалар тегін дәрі-дәрмекпен қамтылғанын білеміз. Бұл жаңашылдықты ата-аналар қайдан біле алады? Дәрігер қабылдауына келген жасөспі- рім дәрімен тегін қамтыла-тынын кімнен естуі тіис?

- Бұл ретте халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейткен абзал. Дәрігер жасөспірімдердің бойындағы ауруды емдеуге қажетті дәрілер жазылған нұсқаулық беруі керек. Егер нұсқаулық берілмесе, әрбір медициналық ұйымда науқастың құқығын қорғайтын қызмет бар. Ата-аналар сол жердегі мамандардың көмегіне жүгіне алады. Бұдан бөлек, егер емделуші жоғарыдағы бұйрық тізімімен танысып үлгермесе, 1406 телефоны арқылы медициналық сақтандыру қорына хабарласып, қажетті мәлімет алса болады. Бұдан бөлек, медициналық мекемелерде сенім телефондары да жұмыс істейді. Бастысы, тұтқаның ар жағында отырған оператор толық мағлұмат бере алуы тиіс.

- Аймағымыз міндетті әлеуметтік медициналық сақ- тандыру жүйесі негізінде жұмыс істеуге дайын ба? Жергілікті денсаулық сақтау сала- сының қызметіне қандай баға бересіз?

- Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде аудандық орталық ауруханалардың, облыс орталығындағы медициналық меке-мелерді араладық. Дәрігерлер екі пакет бойынша қызмет көрсетуде. Павлодар облысының денсаулық саласы цифрландыру жүйесіне көшкенін атап өткім келеді. Дайындық өз деңгейінде жүргізілуде. Павлодар облысында қазіргі уақытта 83 мың адам сақтандыру жүйесіне қатыспай отыр. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жалдамалы жұмыскерлер бар. Сәуір айына дейін МӘМС жүйесіне қатысты барлық мәселе шешілуі тиіс.

Қазіргі уақытта МӘМС жүйесі негізінде денсаулық сақтау саласы бойынша қаржыланыру мөлшері артып келеді. Бұл қаражат жергілікті емдеу мекемелерін бағасы қымбат магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография сынды құрылғылармен жабдықтауға жұмсалатын болады. Қазіргі уақытта жергілікті билік, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы осы мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz