«Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы- мыз үшін өткізілмек», - деп жазды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында.

Жалпы, биыл қазақтың бас ақыны, философ, ағартушы және ойшыл – ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өту аясында Қазақстанда және шетелдерде 500-ге жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылатын болады.

ҚР Президенті жанындағы Орта- лық коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов осылай деп мәлімдеді. Брифингке, сондай-ақ, академик, қоғам қайраткері, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Ғарифолла Есім, ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Ғани Мұратов қатысты.

Белгілі болғандай, 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында құрылған мемле-кеттік комиссияның құрамы бекітілді. Қазақстан Республикасының Мемле-кеттік Хатшысы төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарының жобасын қарастырған.

Жоспар 82 тармақты қамтиды, солардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, сим- позиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттары, поэтикалық және әдеби конкурс- тар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар бар. Қазірдің өзінде облыстардың, республикалық маңызға ие қалалар мен астана әкімдіктерінің мерекелеу бойынша өңірлік жоспарлары бар. Маңызды жобалардың бірі – Абай шығар-маларының жинағын шетелдің 10 тіліне аудару және шығару, Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы мен рөлі туралы үш деректі-қойылымдық фильмді шығару екендігін атап өтті.

Министрлік сайтында жария-ланғандай, Абай туралы фильм түсіруге өтініштер қаңтардың соңына дейін қабылданады. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы «Абай» деректі фильмін, сонымен қатар толықметражды картина түсіруге дайындық үстінде. Осы шараның аясында орталық арнайы конкурс жариялап отыр.

- 2020 жылдың қаңтар айының соңына дейін түскен барлық өтініш қаралып, Сараптамалық кеңестің қорытындысы бойынша ведомствоаралық комиссияға қосымша қарау үшін жіберіледі. Комиссия мүшелері шешім шыға-рады, - деді ҰКҚМО өндіріс бойынша басқарма төрағасының орынбасары Олжабай Мұсабеков. Фильм комиссия мүшелерінің ұсыныстарына сәйкес таңдалып, түсіріледі.

Бүгінгі таңда конкурсқа қатысуға алты өтінім түсті. Оның ішінде фильм-опера, екі тарихи мелодрама, 30 сериядан тұратын деректі фильм, 15 сериялы қысқаметрлі фильм және тағы бір толықметражды фильм бар. «Қосымша өтінімдерді күтеміз. Менің ойымша, қаңтардың соңына дейін бұдан да көп ұсыныстар болады», - дейді ол.

2020 жылғы тамызда Семей қаласында «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Конференцияға белгілі отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдар, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері шақырылады.

Мерейтой аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын музеефикацияландыру және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставрациялау жұмыс-тарын жүргізу қарастырылғандығына тоқтала келе, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов:

«Барлық оқу орындарында Абайдың өлеңдерін және қарасөздерін мәнерлеп оқу және мазмұндау бойынша ашық сабақтар мен тақырыптық шығарма байқаулары өткізіледі. Республиканың барлық аймақтарында оқушылар үшін «Абай жеріне саяхат» атты Абай жерлеріне экскурсиялық турлар қарастырылған. Жоғары оқу орындарында ғылыми конференциялар, Абай оқулары, симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдер, поэзия кештері, Абай өлеңдерін үздік оқу, әндерін орындау және шығармашылығын білу бойынша семинарлар мен конкурстар жоспарлануда. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды», - деді.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында әрбір қазақстандық Абайдың шығармалары бойынша жалпы-ұлттық диктантқа қатыса алады. Сонымен қатар мерейтой аясында барлық мәдениет және спорт ұйымдарында әдеби оқулар, тақырыптық іс-шаралар, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар, шығармашылық кештер, фестивальдер, әскери бөлімдерде белгілі ақын-жазушылар, абайтанушы ғалымдардың қатысуымен салтанатты іс-шаралар және т.б. өткізіледі.

 

М.ЖӘНІБЕК.

saryarka-samaly.kz