Аталмыш ғимарат өткен жылдың соңында облыс басшылығының қолдауымен өткен қайырымдылық шарадан түскен қаражатқа сатып алынған. Сонымен қатар, облыстық «Қазақ зағиптар қоғамы» ұйымына жаңа автокөлік сыйға берілді.

Орталықтың ашылу салтанатына «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко қатысып, көпшілікті құттықтады. Аталған қайырымдылық шара барысында демеушілерден 51,5 миллион теңге жиналған.

- Қайырымдылық балы өткеннен кейін «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық қорының өтініші бойынша қамқоршылық кеңесі құрылды. Оған билік өкілдері, депутаттар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, дәрігерлер және тәуелсіз сарапшылар кірді. Осы бастаманы барлығы бірауыздан қолдады. Ал орталық үшін қандай құрал-жабдықтар керек екенін мүмкіндігі шектеулі адамдар анықтады. Бүгінгі күнге дейін 30 миллион теңге игерілді, - деді И.Теренченко.

Облыстық «Қазақ зағиптар қоғамы» төрағасы Дүйсенбек Қабдуловтың сөзінше, облыс көлемінде көру мүмкіндігі шектеулі 2607 адам бар. Бұл орталықтың негізгі мақсаты – сол азаматтарды оңалту жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, көзі көрмейтін адамдарға компьютер және ұялы телефондарды қолдануды үйретеді. Бұдан бөлек, аспаздық және тігіншілік кәсібіне баулуға арналған курстар жұмыс істейді.

- Курсқа үзбей келген адамдар өзі қалаған мамандықты меңгеріп, кейін жеке кәсіпорындарға жұмыс істеуге болады. Орналасқан жеріміз де ыңғайлы. Қаланың барлық ауданына автобустар қатынайды. Міне, зағип жандар үшін осындай қолайлы жағдай жасап жатқан жергілікті билік өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз, - дейді Дүйсенбек Хасенұлы.

Көру мүмкіндігі шектеулі азаматтар орталығы бұған дейін академик Марғұлан көшесінде орналасқан еді. Бірақ, ол тар болғандықтан қоғамның барлық мүшелерін қамтып жұмыс істеуге мүмкіндік болмаған. Ал жаңа ашылған орталық академик Сәтбаев көшесі мен Торайғыров көшелерінің қиылысында орналасқан. Жалпы, аумағы 256 шаршы метрді құрайды. Яғни, бұрынғы ғимараттан екі жарым есеге дейін үлкен. Жаңа жиһаздармен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz