«Мені үкімет өсірді»

Деректерге сүйенсек, Қанаш Қамзиннің балалық шағы ауыр өткен. Бұған әке-шешеден ерте қалуы себеп болған. Отбасында 4 ұл, 4 қыз болған. Қанаш - үйдің ортаншысы, Мағау, Мұқан (екеуі де кейін соғысқа қатысқан) ағаларының ізін басып, ер жеткен. Ең кенже інісі Шора – жасы кіші болуына орай елде тыл еңбегіне араласқан. Айтпақшы, кейін араға 20 жыл салып, Кеңес Одағының Батыры атағын алған Қанаш ағасының Грамотасын Мәскеуден алдыруға күш салған осы Шора болған. Ол туралы сәл кейін айтып өтеміз.

Қанаш Қамзин 1919 жылдың 29 қарашасында қазіргі Ақсу қаласы Жолқұдық ауылында (бұрын Каганович, кейін Ермак ауданы болып аталған) дүние есігін ашты. Әкесі Қамза мен анасы Сағила қарапайым адамдар болған. Тағдырдың жазуы ғой, әке-шешесінің де ғұмыры ұзақ болмады. Денсаулығы сыр берген әке 1930 жылдар басында қайтыс болып, анасы Сағила балаларға жалғыз өзі бас-көз болып қала берген. Қанаштың өмірдерегіне үңілгенде, Павлодардағы Қазкоммуна мектебіне 1931 жылы оқуға түсті деген мәлімет кездеседі. Соған қарағанда, күнкөрісі нашарлаған ана ұзамай Қанашты Павлодардағы өкіметтің тегін мектебіне оқуға жіберген. Қанаш бұл мектепті 1934 жылы бітіріп шыққан. Бұл уақытта жеткіншектер анасынан да айырылып қалған. Отбасылық суреттердің бірінде оқушы Қанаштың ағасы Мағаумен, інісі Шорамен бірге түскен суреті сақталған. Бұл кезде Мағау ағасы Ермак ауданының Құркөл ауылында ұстаздық қызмет атқарып жүрген. Осылайша, біріне бірі сүйеу болып ер жетеді. Өкініштісі, батырдың балалық шағы туралы мәлімет осымен шектеледі. Жетім балаларға кеңес өкіметі қолғабыс жасап, бағып-қағады.

Павлодар қаласында батырдың келіні, Шора Қамзиннің бәйбішесі Биғайша апай тұрады. Оның әңгімелеуінше, Шора үнемі «бізді жеткізген совет өкіметі, біз үкіметтің балаларымыз ғой» деп айтады екен. Расында, Үкімет жетім қалған балаларға жоғары білім алуына дейін жағдай жасаған.

Павлодардағы коммуна мектебін аяқтаған соң Қанаш Алматыға жол тартып, ҚазПИ жанындағы педагогикалық жұмысшылар факультетіне (рабфак) оқуға түседі. Оны 1938 жылы тәмамдап, ағасының ізімен мұғалімдікті таңдайды. Қазақ педагогикалық институтының география факультетіне оқуға түседі. Бұл жылдардан қалған деректер де мардымсыз. Тек Қанаш соғыста Батыр атанған соң оның құрбы-құрдастары жазып қалдырған естеліктерді ғана зерделей аламыз.

Мәселен, 1938-1941 жылдары Қ.Қамзинмен бірге институтта білім алған Зоя Владимировна Кузнецова былай дейді:

«Қанаш қарапайым, елгезек бозбала ретінде есімде қалыпты. Ол география ғылымын ерекше жігермен меңгеретін еді, көп оқитын, тынымсыз ізденетін. Оның жүрегі кең еді: жолдастарына кез келген уақытта қол ұшын беруге даяр еді. Бұл әрекетімен басқалардан озық болуға талпынбайтын. Қанашты бәрі жақсы көрді».

Алматыдағы жұмысшылар факультетін бітіргенде алған аттестатының көшірмесінде Қ.Қамзиннің көптеген пәндер бойынша үлгерімі жақсы болғаны көрсетілген. Соның қатарында «Әскери іс» жөніндегі білімінің үздік екендігі назар аудартады. Бұл болашақ батыр Қанаш Қамзин соғысқа дейін-ақ өз жауынгерлік қасиетін шыңдап келгенін дәлелдейді.

Жас Қанаштың мұғалім болсам деген арманы орындалмайды. Ел басына күн туғанын жан-жүрегімен сезінген өжет жас дипломын алып үлгерместен, соғысқа сұранады. Бейбіт уақытта институт аяқтаған азаматқа қызметке жолдама берілетін еді. Оның қолына соғысқа шақырту қағазы ұстатылады. «Отан үшін жан пида!» деген қағидаға бекінген жас жігіт Алматы қалалық әскери комиссариаты арқылы аттанады.

Қош бол, Ертіс!

Биғайша Қамзинаның айтуынша, өндірдей жас Қанаш соғысқа алынатыны туралы хабар алғаннан кейін елге, ауылына келеді. Бір аптадай осында болып, үй шаруасына араласып, өзінің майданға аттанғалы тұрғанын хабарлайды. Бұл, сірә, Қанаштың туған елге соңғы келуі болса керек. Бұдан кейін Ертіс жағасы өзінің ұланын көре алған жоқ.

Қанаштың құрдасы Нұрмұхамбет Шәріпов өз естелігінде былай деп жазады: «Қанаш Қамзин мен секілді 1938 жылы Абай атындағы педагогикалық институтқа түсті. Институтта біз соғыс басталғанша оқыдық. 3-ші курсты тәмамдаған соң өзі сұранып Қызыл Армия қатарына кетті. Ол Сталинград жаяу әскер училищесіне жіберілді де, мен Алматы әскери училищесінде қалып қойдым. 1941 жылдың соңында қайта қауыштық. Ол лейтенант атағын алған екен. Көп ұзамай соғысқа аттанғанын естідім. Курс барысында белсенділігімен танылды. Бірқатар значоктарды иеленді. Жеделдетілген курсты аяқтаған соң лейтенант Қамзин сол училищеде взвод командирі болып тағайындалады. Оған әскерге шақыртушыларды дайындау міндеті жүктелді. Сол жауынгерлерден майдан жасақтары толтырылатын. Ол өзін соғысқа жіберу туралы өтінішпен командованиеге бірнеше мәрте шықты. Бірақ ылғи өтініші орындалмай қалатын. Тек 1942 жылы ол майдан даласына аттанды».

Мұрағаттық деректерді зерделей келе көз жеткізгеніміз, мұғалімдік оқуды аяқтаған Қ.Қамзин бірден жаумен соғысқа жіберілген жоқ. Әуелі Сталинградта командирлер даярлайтын қысқа мерзімді оқудан өтті. Айтып өткеніміздей, ол соғысқа дейін-ақ өзінің шеберлігімен, спортқа бейімділігімен жаумен арпалысуға әзір екенін танытқан. Десе де, Кеңес Армиясына соғысты сауатты жүргізетін командирлерді даярлау қажет еді. Училищеде кадр әзірлеуге қала беруіне болатын мүмкіндік туса да Қ.Қамзин өзі сұранып майданға аттанды.

Днестр үшін айқас

Тиісті әскери даярлықтан өткізілгеннен кейін 1943 жылы лейтенант Қанаш Қамзин осылайша қан майданға араласты. Қ.Қамзин 3-ші Украин майданы, 52-ші атқыштар дивизиясының 429-шы атқыштар полкінің құрамында өз жауынгерлерін соғысқа бастады. Ешқандай деректерде жерлесіміздің жараланып, госпитальға түскені туралы кездеспейді. Шешуші сәт 1944 жылдың көктемінде өтеді.

Ұлы Отан соғысы туралы зерттеушілер соғыстың ең ауыр кезеңдері өзендерді жаудан азат ету барысында өткенін айтады. Қиян-кескі ұрыстар да Днепр, Днестр, тағы да басқа ұлы өзендердің бойы үшін болғанын тарих-ана құлағын тосқанға айтудан жалықпас. Сондай бір фашистік Германиямен шешуші операцияның бірі осы Шығыс Еуропадағы Днестр өзені бойында өткен. Атап айтқанда, өзен жиегіндегі Молдавияның жерінде жүзеге асқан.

Бұл алапат ұрыс «Яссы-Кишинев операциясы» атауымен тарихқа жазылды.

Кеңес Одағы құрамындағы Молдавияны азат ету шайқасы 1944 жылы көктемде басталды. 2-ші Украин майданының әскерлері Румынияның Яссы қаласының маңайына жетеді. Ал 3-ші Украин майданының жауынгерлері Одесса қаласын фашистерден тазартқаннан кейін Днестр өзенінің сол жағалауына жақындайды. Операция неміс фашистерінің және онымен одақтас әскери топтарға ойсырата соққы беруді мақсат етті.

Бұл оңай қол жеткізетін мақсат емес-тұғын. Бұл уақытта Қанаш Қамзин 3-ші Украин майданы 52-ші атқыштар дивизиясының 429-шы атқыштар полкінің рота командирі еді. Әскери естеліктерден оның сол кезде-ақ өзінің ер жүректілігімен, жауынгерлерді шабуылға бастаудағы батыл әрекеттерімен назарға іліккенін оқуға болады.

Днестр - кішкентай өзен емес. Оның айдынын жаудың күші күндіз-түні бақылауында ұстайды. Яғни, қалың әскердің өзеннің айдынына түскенін көрсе, бірден жаңбырша жауған оқтың астына алады. Үлкен әскерді қырғынға салуға кеңес қолбасшылығы мүдделі емес. Қайтпек керек. Әуелі, шағын құрамда жауынгерлерді өткізіп, олар өзен жағасындағы бекіністерді бұзып-жаруға тиіс. Артынан көмекке біздің қалың әскер жете қалады. Шағын құрамдағы жауынгерлер түнде аттануға тиіс. Қараңғы мезгілде жаудың атойынан аз да болса қорғануға мүмкіндік болар. Бұл – командованиенің ақыл-айласы болатын.

Құрамында Қанаш Қамзиннің ротасы бар батальон 1944 жылдың 12 сәуірінде Днестр өзеніне жақындайды. Тирасполь ауданы Бычек селосының маңынан шығады. Батальонға Днестрді кешіп өтіп, фашистердің қолындағы плацдармды басып алу міндеті тапсырылады. Ағаштарды кесіп, қолдан сал қайықтар жасалады. Әрқайсысына бірнеше жауынгерден отыратын болып келісіледі.

Әрі қарайғы оқиғаның мәнісін деректердің негізінде құрастырып жазған едік:

Қолбасшы: - Өзенді кім алдымен кешіп өтеді? - деген сұрақ қойды.

Барлық жауынгер бір мезетте алға аттады. «Мен барамын!». Комбат бірыңғай мықты жігіттерді таңдады. Арасында Қанаш Қамзин де бар.

Қас қарайған соң алғашқы 16 жауынгер мінген сал қайықтар өзен айдынына шықты. Сол-ақ екен, ысқырып, жарқылдаған жарықтар пайда болып, жаудың шабуылы күшейді. Қарша бораған оқтан, снарядтан бас көтеру мүмкін емес. Жау өзен ортасына жеткен қайықтың күл-талқанын шығарды. Алғашқы қайықтағылардың кебін киерін Қамзин бастаған жауынгерлер анық түсініп тұр. Бірақ шегінерге жол жоқ. Не өтеді, не жау оғынан қаза тауып, су түбіне кетеді. Тәуекелге бекінген жігіттер өзенге салдарын түсіреді. Міне, жүзіп келеді. Лейтенант Қ.Қамзин бастаған жауынгерлердің дені зуылдаған оқтың арасынан аман өтіп, қарсыласа жүріп, оң жағалауға аяқ басады. Оқыс шабуылдан қаймыққан неміс фашистері кейін шегініп, шағын алаңды қалдырады. Дәл осы аумақта рота жауынгерлері бекініс құруға көшеді.

«1944 жылғы сәуірдің 12-сінен 13-іне қараған түні қатты артиллериялық және минометтік пулеметтік атқылауларға қарамастан бірінші эшелонды өзі (Қ.Қамзин) бастап шықты. Өзенді кешіп өткен соң ол бірден өзеннің оң жағалауындағы плацдармды басып алу үшін және кеңейту үшін ротасын шабуылға көтерді. Өзінің ерлік істерімен, батылдығымен жауынгерлерді жігерлендірді.

Өзеннің оң жағалауында жаудың мықтап бекінгеніне (екі қатар траншеялар, доттар, дзоттар т.б.) қарамастан ол өз ротасымен бірінші және екінші траншеяларды бұзып өтіп, Гура-Выкулай селосының оң жағына кірді». Бұл деректер 429-атқыштар полкінің командирі, полковник Азатьянның Қ.Қамзиннің ерлігі туралы баяндамасынан алынған.

Бастарын өлімге тігіп, алғашқы болып Днестр өзенінің арғы бетіне өтіп, әуелде жаудың бетін қайтарған Қамзин жауынгерлері ұзамай қуатты ұрысқа тап болады. Фашистер өзеннің айдынын бақылауға мүмкіндік беретін Гура-Быкулий бекінісін қайтарып алуға барын салып, қосымша күшпен қайтадан ұрысқа шығады.

Негізі, әскери шешім бойынша Днестрдің арғы бетіндегі кеңестік қалың әскер таң атқанға дейін, қараңғылық сейілмей тұрып Қ.Қамзин жауынгерлеріне көмекке жетуі тиіс еді. Өкінішке қарай, бұл ой іске аспады.

Айтқандай, Гитлер әскерлері 65-інші биіктікті қайтарып алуға тырысты. 3-інші ротаның жауынгерлері окоптарда бекініп алса да, жаудың екпіні қатты еді. Күш тең емес еді. Таң да сібірлеп атып қалған. Днестрдің сол жағалауымен байланыс мүлдем үзілген. Жау әскері өзеннің барлық аумағына оқ боратып, кеңестік қосымша күштің келуіне еш мүмкіндік бермеді. Қару-жарақ жеткізілу де тоқтап қалды. Жау құрамы болса, толыға берді. Түнде Гура-Быкулийдің басым бөлігін азат еткен батальонға өзен жағасына қайтадан шегінуге тура келді.

Бірақ Қанаш Қамзин бастаған рота жауынгерлері оңай беріспеуге бел буды. Олар жау шабылуына тойтарыс беріп бақты. Қоян-қолтық ұрысқа да кірісіп кетті. Осындай айқастың бірінде қазақ халқының батыр ұлы Қанаш Қамзин қаза тапты.

Днестрді азат етудегі көрсеткен қайсар-лығы мен ерлігі үшін батальонның 14 жауынгері мен офицеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қаһарман Қанаш Қамзин небары 24 жаста еді.

429-атқыштар полкінің командирі, полковник Азатьян Қанаш Қамзинді Днестр өзенін кешіп өтуде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағы батырына ұсынды.

«За то что первым со своей ротой перепра-вился на правый берег, за то что захватил господствующую высоту и удержал ее до подхода основных сил, за непосредственное участие по захвату и расширению плацдарма, за уничтожения 20 немцев унтер-офицеров и офицеров противника, достоин присвоения звания «ГЕРОЙ СОВЕТСКОГО СОЮЗА». Командир 429 стрелкового полка, полковник Азатьян» (http://podvignaroda.mil.ru).

1944 жылдың 13 қыркүйегінде жарық көрген КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша берілген тапсырмаларды үлгілі орындағаны және батырлығы мен ержүректілігі үшін Қанаш Қамзинге Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. «Ленин» ордені және «Алтын Жұлдыз» медалімен қоса марапатталады.

Молдова жерінде мәңгі ұйқыда

Днестр өзені үшін өткен шайқас Ұлы Отан соғысы тарихында айрықша маңызға ие операция болғаны мәлім. Қанаш Қамзин өзінің ротасымен жауға есеңгірете соққы берген Гура-Быкулий селосы маңындағы Жеңіс тұтас Кеңес Армиясы үшін маңызды болатын. Бұл аумақ - гитлершіл Румыния жерімен шекаралас. Молдавияны азат етсе, тұтас Кеңес аумағы тазартылды, жауды өз ініне қуып тықты деген сөз. Сол себепті де 2-інші және 3-інші Украина майданының жауынгерлері осы Днестрдің бойында жанын да, қанын да аямай арпалысты.

Бар сырды кәрі тарих бүгіп жатыр. Десе де, бір ғана селоның маңындағы шайқастарда 18 Кеңес Одағының Батырының шығуы жайдан-жай болмаса керек. Жалпы, Молдавия жерін жаудан азат ету ұрыстарында 130 кеңес жауынгері Батыр атағын иеленді. Солардың бірі - Ертіс бойының Ері Қанаш Қамзин.

Қ.Қамзиннің денесі өзінің сарбаздарымен Гура-Быкулий ауылында жерленген. Селоның орталық көшесі Қанаш Қамзиннің есімімен аталған. Ұлы Жеңістің 63 жылдығына орай Батырға құрмет ретінде лицейдің ғимаратында мемориалдық тақта орнатылған.

Кеңес Одағының Батыры Қ.Қамзиннің есімі Молдавияның астанасы Кишинев қаласындағы Жеңіс аркасына қашалып жазылған.

Айта кетерлігі, молдавиялықтар өз жерлерін фашистерден азат еткен қаһармандар жайлы бірқатар еңбектер жариялаған. Мәселен, ғалым А.Коренев 1960 жылы 5 қараша күнгі «Казахстанская Правда» газетінде «Молдавия славит Канаша Камзина» атты мақала жариялаған, кейін «Пароль-Подвиг» атты батырлардың ерлік жолдары туралы зерттеу еңбегін жазып шыққан.

1969 жылы азат етілгеніне 25 жыл толуына байланысты Молдавия жерінде Батырлар рухына тағзым ету шаралары кең көлемде өткізілді. Солардың біріне Павлодардан Қанаш Қамзиннің туған інісі Шора Қамзин, тағы басқа билік өкілдері шақырылған. Бүгінде Гура-Быкулий ауылының шетінде 18 батырдың құрметіне отырғызылған 18 түп емен жайқалып тұр. 1980 жылдары Қанаш Қамзиннің жерлесі, замандасы, Социалистік Еңбек Ері Мәжен Қабылбековтің бастауымен бір топ оқушы Батырдың басына зиярат етіп қайтқан. Молдавия мәңгіге қарыздар екенін түсінеді.

Әрине, туған жері Павлодар облысында да батыр Қ.Қамзиннің есімін ұлықтау бойынша іс-шаралар атқарылып келеді. Павлодар облыстық еңбекші депутаттар кеңесінің 1963 жылдың 28 мамырындағы шешімімен Қанаш Қамзин есімі өзінің туған ауылы Ақсу қаласы Жолқұдық ауылындағы 8 жылдық мектепке берілді. 1964 жылдың 10 наурызында Павлодардың бұрынғы Школьный көшесі Қ.Қамзиннің есімімен аталды. 1979 жылдың 9 мамыры Павлодар қаласындағы Қамзин-Толстой көшелері қиылысында Батырдың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. 2011 жылы 9 мамырда Ақсу қаласында Қанаш Қамзиннің бюсті орнатылып, батырлар саябағы ашылды. Бүгінде Батыр атындағы көшелер Ақсу қаласында және Жолқұдық ауылында бар.

Таяуда тағы бір жаңалық пайда болды: Ақсу қаласының Алғабас ауылдық округінің атауы Қанаш Қамзин атындағы ауылдық округ болып өзгертілуде. Қалалық мәслихат депутаттары жерлестерінің атын осылайша құрметтеуді парыз санапты. Кезінде Қ.Қамзин совхозы болған, батырдың туған ауылы осы округтің құрамында.

«Алтын жұлдызды» Ресей бермей ме?

Біз осы мақаланы жазудағы басты мақсатқа келіп жеттік. Анықталғандай, Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзиннің «Алтын жұлдыз» медалі мен қоса берілген «Ленин» ордені осы күнге дейін Ресей Федерациясы иелігінде қалып отыр.

Бұл жайтты бізге жеткізген батырдың келіні Биғайша Қамзина:

- Соғыс аяқталған соң Батырдың марапаты да жетеді. Бірақ тәртіп бойынша «Алтын жұлдыз» медалі мен «Ленин» ордені әке-шешесіне тапсырылуға тиіс екен. Сөйтіп, ол марапаттар Кеңес Одағының Қорғаныс Министрлігінде қалды. Аға-інілеріне тек Грамота ғана табыс етіледі екен. Бірақ үйдегілерге оны да бермейді. Тек «Батырдың есімімен оның мектебін атасаңдар ғана оқу орнына беріледі» дегенді айтады. Содан батырдың педагогикалық білімі ескеріліп, 1963 жылы Жолқұдық ауылындағы 8 жылдық мектепке есімі беріледі. Ұзамай Батыр Грамотасы мектеп басшылығына тапсырылады. Қазірде сонда сақтаулы. Ал «Алтын жұлдыз» медалі мен «Ленин» ордені Мәскеуде қалған болуы керек. Қазіргі заман басқа. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің сол Батырдың «Алтын жұлдызын» Мәскеуден алғызуына мүмкіндігі жетеді. Осы күнге дейін «Алтын жұлдыздың» елге жетпегеніне қамығамын. Талаптарың жанып, сол марапатты елге жеткізе алсаңдар екен. Ол күнге жете алмай қалсам, дұғаның арасында «Апа, біз мақсатты орындадық, медаль мен орденді қайтарып әкелдік» деп айтарсыңдар, - дейді.

Осы орайда «Алтын жұлдыздың» тағдырын білмек мақсатында Павлодар облысы бойынша әскери комиссариатқа ресми хат жолдағанымызды айтып өтелік. Әуелде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінен жауап келді:

Онда былай деп жазылған екен: «Сіздің Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Қанаш Қамзиннің ата-анасына табысталмаған марапаттарын – «Алтын жұлдыз» медалі мен «Ленин» орденін елге қайтару мүмкіндігін қарастыру туралы сұрауыңызға қатысты келесіні хабарлаймыз:

Ресей Федерациясы Президентінің 2010 жылғы 7 қыркүйектегі «Ресей Федерация-сының мемлекеттік марапаттау жүйесін жетілдіру шаралары туралы» №1099 Жарлығымен (Ресей Федерациясы Президентінің 2011 жылғы 16 желтоқсандағы №1631 Жарлығының редакциясында) бекітілген Ресей Федерациясының мемлекеттік марапаттары туралы Ережеге сәйкес, КСРО мемлекеттік марапаттарымен марапатталған, алайда қайтыс болуына (қаза табуына) байланысты немесе сол кездегі КСРО қолданыстағы заңнамасына сәйкес марапаттарын ала алмаған тұлғаның мұрагерлеріне КСРО сәйкес мемлекеттік марапаттарының куәліктері беріледі.

КСРО мемлекеттік марапаттарының куәліктері естелік ретінде марапатталушының жұбайына, анасына, әкесіне, ұлына немесе қызына табысталуы мүмкін. КСРО мемлекеттік марапаттарына қатысты құжаттарды марапатталушының өзге отбасы мүшелеріне беру РФ заңнамасымен қарастырылмаған.

Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің КСРО мемлекеттік марапаттарын Павлодар облысының «Әскери Даңқ» мұражайына табыстау мәселесі бойынша шешім қабылдау үшін қорғаныс істері жөніндегі департамент тарапынан Ресей Федерациясы Президентінің Мемлекеттік марапаттар бойынша басқармасына аталған мәселені қарастыру туралы хат жолданды. Жауап келген жағдайда Сіздерді қосымша хабарландырамыз». Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы О.ХОМЯК» (18.03.2015 жыл).

Көп ұзамай Ресей Федерациясынан да жауап хат келді. Өкінішке қарай, жауап біз күткендей болмады. Бір сөзбен айтқанда, «Алтын жұлдызды» қайтарудың заңдық негізі жоқ.

«Сіздің Қанаш Қамзиннің «Алтын Жұлдыз» медалі және «Ленин» ордені - үздік белгілерін Қазақстан Республикасы Павлодар облысының «Әскери Даңқ» музейіне табыстау туралы өтінішіңіз Ресей Федерациясы Президентінің Мемлекеттік наградалар жөніндегі басқар-масында қаралды.

Осы мәселеге қатысты түсіндіреріміз, Ресей Федерациясының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, мемлекеттік наградаларды тек қана Ресей Федерациясы аумағында орналасқан мемлекеттік немесе муниципалды музейлерде сақтауға және жәдігер ретінде табыс етілуі мүмкін.

Мұрагерлердің келісімі бойынша отбасы сақтауындағы мемлекеттік наградалар ғана табыс етіледі.

Мемлекеттік наградаларды басқа мемле-кеттер аумағында орналасқан музейлерге табыс ету заңнама бойынша қарастырылмаған.

Ресей Федерациясы Президентінің Мемле-кеттік наградалар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Р.ЛАТЫПОВ» (27.06.2015).


Осылайша, атақты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің «Алтын Жұлдыз» медалі мен «Ленин» ордені әлі де болса Мәскеуде қала бермек. Егер заңдық негізі табылып, осы «Алтын Жұлдыз» Павлодар облысының Жауынгерлік даңқ музейіне әкелініп жатса, жас ұрпақ қандай тамаша жаңалыққа куә болар еді. Олар бейбіт заманда Ұлы Жеңістің асқақ рухын сезінер еді! Батыр аталарымыздың аманатын санасына тереңінен сіңірер еді! Амал не?

Десе де, Қазақстан мемлекеті Ресей Федерациясымен тамаша дастық қарым-қатынаста. Ұлы Отан соғысы да – біздің ортақ тарихымыз. Олай болса, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Қазақстан үкіметіне Ресейдің жоғарғы билік өкілдерімен ортақ келісім тауып, Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің «Алтын жұлдызын» елге қайтаруға болады деп сенеміз. Батырдың марапатын елге қайтаратын, рухын шат қылатын уақыт жетті, ағайын!

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz