- Тоқтамыс Қадошұлы, «ҚР-ның Мемлекеттік қызметі туралы» заңына енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың маңызды- ларына тоқталып өтсеңіз...

- Жаңа құжаттағы түзетулер мемлекеттік қызметшілердің жұмысын жетілдіріп, жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Заңға 66 өзгерту енгізілген. Оған сүйенсек, мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін үміткерлердің сынақ мерзімі жұмысқа тұрған күннен бастап есептеледі. Бұрындары мемлекеттік қызметте жұмыс істегендер екінші рет бұл салаға ауысса, сынақтан босатылады. Оларға алғашқы кезде жұмысқа орналасқанда өткен сынақ мерзімі жеткілікті деп шешілді. Алдағы уақытта әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жеке куәліктері сәйкестендіру карталарына ауыстырылатын болады. Конкурстық іріктеу тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік қызметтен белгілі бір себептермен босатылғандар бір ай ішінде тестілеуден өтпей-ақ, конкурсқа қатыса алады. Ал жұмыстан теріс қылықтары үшін шығарылғандарға мұндай мүмкіндік қарастырылмайды. Жоғары оқу орындарының PhD докторлары, халықаралық және трансұлттық ұйымдарда кемі бес жыл жұмыс істегендер конкурс- тан тыс тағайындалатын болады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік судья, депутат, әкімшілік және халықаралық қызметкерлерге ғана берілетін.

- Заңдағы түзетулер мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырады деп атап өттіңіз. Қатардағы қызметкер сыбайлас жемқорлық әрекетіне жол берсе, құзырлы орган басшылары жұмысымен қош айтысады дегенді естідік. Мұндай жаза нақты кімдерге қолданылады?

- 2019 жылдың 28 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын. Құжатқа сүйенсек, мемлекеттік қызметшілер, министрлер мен олардың орынбасарлары, әкімдер мен қарамағындағы қызметкерлер құқық бұзушылық әрекетіне баратын болса, отставкаға кетуге міндетті. Яғни, министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдерінің тікелей бағынышты қызметкерлері құқық бұзушылыққа жол берсе, міндетті түрде отставкаға кетуі жөнінде өтініш жазуы керек. Сот үкімі күшіне енгеннен кейін, олар күнтізбелік 10 күн ішінде жұмыстан кетуі тиіс. Саяси мемлекеттік қызметшілердің қатарына министрлер, вице-министр, облыс және аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары кіреді. Мұндай талап сыбайлас жемқорлықтың жолын кеспек. Ал әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қарамағындағылар осындай заңсыз әрекетке барса, тәртіптік жазаға тартылады.

- ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік қызмет-терді проактивті режимде ұсынуды қолға алған еді. «Бір өтініш» принципі заң бойынша қалай орындалмақ?

- Бұл өзгертуге сүйенсек, мемлекет адамның жүгінуін күтпей, керісінше, оларға өз қызметін ұсынады. Мәселен, аналар қауымы SMS хабарлама арқылы перзентханадан шықпай-ақ баланың туу туралы куәлігін рәсімдеп, жәрдемақының екі түрін рәсімдеуге өтінім беріп, баласын балабақша кезегіне қоя алады. Бұдан бөлек, зейнет жасына жеткендер үшін зейнетақыны рәсімдеу тәртібі жеңілдетілген болатын. Зейнеткерлікке байланысты төлемдерді тағайындау «бір өтініш» принципі бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Осы уақытқа дейін зейнет жасына жеткен азамат халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, зейнеткерлік жасқа жетуі және базалық зейнетақы төлеу туралы екі өтініш беретін. Бір айдан кейін тағы бір өтініш жазатын. Енді осы қызметтер үшін бір ғана өтініш жазатын болады. Осылайша, халықтың уақыты үнемделеді.

-Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz