Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қанат Желдібаевтың мәліметінше, әзірге 375 тұрғын үйдің төңірегі қардан тазартылыпты. Бұл - шамамен 110 аула.

- Ауланы қардан тазалау жұмыстары желтоқсан айынан бастап жүргізіліп келеді. Биыл жауын-шашын мөлшерінің мол түсуіне байланысты жұмыс күрделене түсті. Пәтер иелері кооперативі қызметі өкілдері техника мәселесін шешіп, өз міндеттерін мінсіз орындауда. Бұл ретте, салғырттық танытқандарға тәртіп сақшылары айыппұл салатынын атап өткен жөн. Қуантарлығы, 10 шақты аула тұрғындары өз күшімен үй-жайын қар құрсауынан босатты, - дейді Қ.Желдібаев.

Бүгінде аулаішілік аумақты қардан тазалауға 65 техника, оның ішінде 40 жүк тиегіш пен 25 жүк көлігі жұмылдырылған. Қанат Желдібаев жүк тиегіштің бір сағаттық жұмысы шамамен 6 мың теңге құрайтынын айтады. Қаланы абаттандыру ережелеріне сәйкес, ғимараттар алдындағы аумақты қардан тазалаумен қызмет көрсететін ұйым немесе меншік иесі өздігімен айналысуы шарт. Ал аулаға кіреберіс жолды тазалауға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жауапты.

Жалпы, облыс орталығындағы көшелерді қардан тазартуға 120-дан астам техника және 150-ге жуық адам жұмыл-дырылған. Қараша айынан бастап қала аумағынан 87 тонна қар сыртқа шығарылған.

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, облыста алдағы күндері қар жауып, боран соғады деп күтілуде. Соған орай, қар тазалау жұмыстарында қиындықтар туындауы ғажап емес. Коммуналдық мекемелер мен меншік иелерінен, ПИК-терден белсенділік күтеміз.

***

Айтып өтелік, Екібастұз қаласының тұрғындары қар тазалаудан челлендж бастады. Яғни, көпқабатты үйде тұратын азаматтар жұмылып, аулаларын ретке келтіруде. Бұл бастаманы павлодарлықтар да қолдап жатқаны қуантады.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz