Тілші сауалы:- ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келушілерді не күтіп тұр?

Гүлмира ОТАРҒАЛИЕВА:
- Тың жобалар, әлемдік жұлдыздар, мәдени шаралар. Сағат 9.00-ден 23.00-ге дейін еліміз бен төрткіл дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған жұртшылық қызыққа толы күндерге куә болары хақ. Бұл әр түрлі мемлекеттің тарихы, мәдениетімен танысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, білім көкжиегін кеңейтеді, жаңашылдықтармен таныстырады. Мәселен, Қазақстанның 8 қабатты павильонында (сфера) баламалы қуат көзін алудың 6 түрі көрсетіледі. Олар экспозиция түрінде емес, нақты тәжірибе ретінде ұсынылады. Желден, күннен, судан энергияны қалай алып, қалай пайдалануға болатыны туралы кеңес беріледі. Одан бөлек, тақырыптық 4 павильон жұмыс істейтін болады. Күн сайын ұлттық бағдарламалар ұйымдастырылып, көпшілік Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, «Отырар сазы» оркестрінің, театрларымыздың өнеріне қанық болады. Өзге мемлекеттерден келетін әлемдік жұлдыздардың концерттері мен спектакльдерін тамашалау мүмкіндігі бар. Қысқасы, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін көрмеге келгеніне өкінбейді.

Алуа, Шарбақты ауданы:
- Менің ағам мен жеңгем балаларын ЭКСПО көрмесіне апармақшы. Бірақ, жұмыстан сұрану мүмкін болмай тұр. Мен балаларды әпкесі ретінде бірге алып жүре аламын ба? Ол үшін қандай құжаттар қажет?

Гүлмира ОТАРҒАЛИЕВА:
- Міндетті түрде нотариус куәландырған ата-ананың сенімхаты керек. Бұл жол қатынасы кезінде қажет болады. Себебі, тәртіп сақшылары кез келген уақытта тоқтатып, құжаттарды сұрауы мүмкін. Пойызбен, автобуспен, көлікпен барсаңыз да, осы құжаттың қалтаңыздан табылғаны дұрыс. Ал көрме ішінде кәмелеттік жасқа дейінгі балаларды алып жүрген адамдардан құжаттар талап етілмейді. Билет алар кезде мектептен анықтама сұратуды да ұмытпаңыз. Мұндай жағдайда билет 50 пайыздық жеңілдікпен сатылады.

Тілші сауалы: - Павлодардан Астанаға қатынайтын қосымша пойыздар мен автобустарды жолға шығару жоспарда бар ма?

Салтанат НҰРМАҒАМБЕТОВА:
- Тиісті мекемелерге қосымша қоғамдық көліктер қарастыру үшін хаттар жолдадық. Әзірше нақты жауап жоқ. Жалпы, Павлодар облысы Елордамызға жақын орналасқандықтан, мұндай мүмкіндіктің берілмеуі де ықтимал. Еліміздің батыс және оңтүстік өңірлеріне қосымша вагондар бөлінуде. Өйткені, жер шалғай. Мәселен, атыраулықтар поезбен 3 тәулік жүреді, ал көлікпен жету тіпті қиын. Бұл ретте, павлодарлықтардың жолы болды деп айтуға болады. Арақашықтық жақын болғандықтан, Астанаға жету әлдеқайда оңай.

Тілші сауалы: - Павлодарлықтарға «Саят-Павлодар» туристік фирмасы қандай қызмет көрсетеді және турпакеттердің бағасы қандай?

Гүлмира ОТАРҒАЛИЕВА:
- Турпакеттердің құны 11 мың мен 27 мың теңге аралығында. Оған барып-келу билеті, экскурсия, жатын орын, үш реттік тамақтану бағалары кіреді. Гидтер қарсы алып, Астанамыздың көрікті жерлерімен таныстырады.

Диана, Екібастұз қаласы:
- Мен 9 шілдеге билет алдым. Бірақ бұл күні бара алмаймын. Билетті басқа күнге ауыстыруға немесе қайтаруға бола ма?

Гүлмира ОТАРҒАЛИЕВА:
- Билетті сатып алған сауда нүктесін басқа күнге ауыстыруға мүмкіндік бар. Кері қайтара алмайсыз.

Гүлім, Ақсу қаласы:
- Әпкемнің 3 және 5 жасар екі баласы бар. Білуімізше, пойызға 6 жасқа дейінгі бір баланы ғана алып кіруге болады. Мұндай жағдайда қайтпек керек?

Салтанат НҰРМАҒАМБЕТОВА:
- Ережеге сәйкес, 7 жасқа дейінгі балалар ел ішінде пойызбен тегін қатынайды. Десе де, егер бұл жасқа дейінгі екі бала және бір ғана ересек адам болса, қосымша бір балалар билетін алуға тура келеді. Оның құны билет бағасының 50 пайызына тең.

Тілші сауалы: - Павлодар облысынан ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілерге қызмет көрсету үшін қанша ерікті аттанбақ?

Салтанат НҰРМАҒАМБЕТОВА:
- Осы уақытқа дейін 150 жас арнайы оқулар мен семинар-тренингтен өтті. Олар туристерге қызмет ететін болады. Жұмыс барысында тегін жатын орны мен тамақтану қарастырылған.

Марат, Лебяжі ауданы:
- ЭКСПО-2017 көрмесі аясында біздің ауданға туристер келетін көрінеді. Меймандар қандай орындарға барады? Соған байланысты ауданда көріктендіру жұмыстары жүргізіле ме?

Гүлмира ОТАРҒАЛИЕВА:
- Павлодарлық туроператорлар шетелдіктерге 5 бағыт ұсынып отыр. Олар – Павлодар қаласы, Баянауыл (бір күндік және екі күндік), Шарбақты және Лебяжі аудандарына экскурсиялар. Лебяжіде турис- тер тек «Тотал Сервис» демалыс базасында тынығады. Қалауы бойынша қарағай орманына, Ертіс жағасына, Тұзқалаға бара алады. Тіпті, саңырауқұлақтар мен жидек теруге жағдай жасалмақ. Білуімше, бұл ауданда арнайы туристер үшін көріктендіру жұмыстары жүргізілмейді. Мүмкін жоспарлы жұмыстар бар шығар. Осы ретте өзге де бағыттарға тоқталып өтсем деймін. Шетелдіктер Шарбақты ауданындағы Ғабдыл Уахит Хазірет кесенесіне, аудандық өлкетану музейіне бара алады және шарбақтылық қолөнершілердің шеберлік сағаттарына қатысады. Павлодар қаласынан аталмыш екі ауданға бір күндік сапардың құны 7-8 мың теңге шамасында. Ал Баянауыл ауданында Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл көлдерінде демалып, этноауылда ұлттық тағамдар ұсынылмақ. Баянауылға билет бағасы – 9 мың теңге.

Махмет ҚАЙЫРБЕКОВ, Павлодар қаласы:
- Менің жасым 75-те. Еліміз үшін елеулі шарадан шет қалғым келмейді. Зейнеткерлерге қандай жеңілдіктер бар?

Салтанат НҰРМАҒАМБЕТОВА:
- Зейнеткерлерге билет 50 пайыздық жеңілдікпен сатылады.

Салтанат, Павлодар қаласы:
- Бұйыртса, маусым айында ұжыммен көрмеге барамыз. Бірақ, пойызға билет жоқ екен, сондықтан шағын автобусты жалға алуға тура келіп тұр. Жеке көлікпен жету үшін алдын-ала тіркеуден өту керек деп естідік. Бұл рас па?

Гүлмира ОТАРҒАЛИЕВА:
- Жеке көлікпен көрме аумағына дейін жетуге болады. Көліктегі орындық саны 7-ден көп жағдайда немесе шағын автобус болса, Астана қаласы әкімдігінде аккредитациядан өтуі тиіс. Әйтпегенде, Қояндыдан ары аса алмай қаласыз. Негізі аккредиттеудің бірнеше санаты бар. Көліктің шыққан жылы, санитарлық жағдайы, монитор, кондиционердің болуы, жүргізушінің өтілі – барлығы сараланады. Осы жағдайды ескере келе, кейбір көліктерге көрменің тұрағына дейін жетуге мүмкіндік беріледі. Павлодарлықтар Елорданың кіреберісіндегі «Алай» сауда орталығы алдындағы тұраққа тоқтауы тиіс. Ары қарай тұрғындар астаналық қоғамдық автобустар арқылы 90 теңге төлеп, көрмеге дейін бара алады.

Нұрай, Ақсу қаласы:
- ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің бағдарламасын қалай білуге болады?

Гүлмира ОТАРҒАЛИЕВА:
- Көрме уақытында Астана қаласында болатын шаралар кестесі дайын, оны www.expo2017culture.kz сайтынан біле аласыз. Ал ЭКСПО қалашығында өтетін шаралар туралы мәлімет 26 мамыр күні www.expo2017astana.com сайтында жария-ланады.

Айман ЖҮНІСОВА, Май ауданы:
- Қызым екеуіміз моншақтан түрлі заттар жасаймыз. Қолөнер жұмыстарын көрме кезінде сатылымға шығара аламыз ба?

Салтанат НҰРМАҒАМБЕТОВА:
- Ол үшін алдын-ала өтініш беру керек еді. 19-23 тамыз аралығында ЭКСПО көрмесі аясында Павлодар облысының күндері өтеді. Сол кезде, бәлкім, апара аларсыз. Толық мәліметті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан білу қажет.

Гүлжан, Павлодар қаласы:
- Соңғы уақытта әлемде терроризм ушығып, қауіп тудырып тұрғаны рас. Шыны керек, сол себепті әлемдік шараға баруға жүрексінеміз. Тәртіп сақшылары қандай қауіпсіздік шараларын жүргізеді? Тағы бір сұрағым, көрме ішінде демалыс, тамақтану, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруы үшін жағдайлар қарастырылған ба?

Салтанат НҰРМАҒАМБЕТОВА:
- Үкімет тиісті шараны қабылдап, бақылауды күшейтті. Антитеррорлық жаттығулар жүйелі түрде өтеді. Еріктілер атқарылуы қажет әдістерден хабардар. Сондықтан, алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын.

ЭКСПО қалашығында 40-тан астам тамақтану орны, ЭКСПО саябағы, балаларға арналған ойын алаңдары мен технопарк, өзге де демалыс орындары жетерлік. Оған қоса, қазіргі кезде электромобильдерді жалға беру мәселесі қарастырылуда. Шағын көліктер көмегімен көрме ішінде емін-еркін жүре аласыз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың айтулы шараны тамашалауы үшін де барлық жағдай жасалған.

Ерболат, Баянауыл ауданы:
- Көрме кезінде Димаш Құдайбергеннің концерті, Геннадий Головкиннің бокс кеші өтетінін білеміз. Осы шараларға арнайы билет сатып алу керек пе, әлде ЭКСПО билеттері жарамды ма?

Гүлмира ОТАРҒАЛИЕВА:
- Көрмеден тыс аумақта өтетін шаралардың барлығына қосымша билет сатып алу қажет. Мәселен, есімі әлемге танылған Димаштың концерті 27 маусым күні «Астана Аренада» өтеді. Билеттер сатылымға шығарылды. Бағасы 3 мың теңгеден басталады.

ЭКСПО көрмесін арқау еткен «Тікелей желіге» оқырмандардан 40-қа жуық сауал түсті. Шара барысында павлодарлықтардың халықаралық көрмеге бейжай қарамайтыны айқын аңғарылды. Әлемдік шараның сәтті өтуіне жерлестеріміз де сүбелі үлесін қосып, айтулы көрменің куәгері болады деген сенімдеміз.

«Тікелей желіні» жүргізген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz