Павлодар облысының намысын 7 спорт- шы қорғап, тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтсақ, 16-17 жас аралығында өнер көрсеткен Ясин Четкин (85+ келі) бір күміс және бір алтын медаль еншілесе, Нұрбек Сатыбалды (50 келі) қос алтынды қанжығасына байлады.

Ал ересектер арасында облыстық грэпплинг федерациясының президенті Заирбек Абылқадыров (84 келі) пен Павлодарда қонақта жүрген бразилиялық Альвес Роджерио (77 келі) алтыннан алқа тақты.

- Альвес екеуіміз де 4 кездесуден өткізіп, барлығында жеңіске жеттік. Бір атап өтерлігі, Альвес барлық кездесуін уақытынан бұрын аяқтады. Ол - қазір біздің өңірдің қонағы. Оны арнайы шақырдық. Жергілікті спортшылардың Альвестен үйренері көп, - дейді Заирбек Абылқадыров.

Қаңтар айында Абу-Даби қаласында өткен халықаралық жарыста павлодарлық спортшылар 1 күміс және 1 қола медаль олжалапты. Алдағы күндері Павлодар қаласында облыстық чемпионат өткізілмек. Бұл жарыста облыстық құрама жасақталатын болады. Заирбек Абылқадыровтың айтуынша, облыста грэпплингпен 1,5 мыңға жуық адам айналысады.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz