Ел рекорды

58 елдің құрамасы қатысқан 28-інші қысқы Универсиадада Қазақстан 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медаль еншіледі. Бұл - біздің спортшыларға бұрын-соңды бағынбаған белес. Осылайша, Қазақстан алтын және жалпы жүлде саны бойынша қысқы Универсиададағы рекордын жаңартты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі ең үздік нәтижеміз осыдан екі жыл бұрын тіркелген-ді. Словакия мен Испания қабылдаған қысқы Универсиадада 5 алтын, 6 күміс еншілегенбіз.

Жалпыкомандалық есепте Ресей Федерациясы топ жарды. Солтүстіктегі көршіміздің қоржынында 29 алтын, 
27 күміс және 15 қола медаль бар. Екінші орында – Қазақстан. Үздік үштікті 11 алтын, 7 күміс және 16 қола жүлде олжалаған Корея Республикасы түйіндеді.

Алматы Универсиадасында 26 мемлекеттің спортшыларына жүлде бұйырды. Оның 14-і алтынның дәмін татты.

Бұған дейін жазғанымыздай, Алатау баурайындағы байрақты бәсекеге 12 мемлекет бір-бір спортшыдан әкелді. Бұл қатарда Армения да бар-тын. Арменияның намысын жалғыз спортшы, шаңғышы Сергей Микаэлян қорғады. Ол 10 шақырымдық із кесу сайысында қола жүлдегер атанды. Жарысқа бір-бір спортшыдан қосқан өзге мемлекет мұндай жетістікке қол жеткізген жоқ.

 

Алғашқысы - Анна

Жерлесіміз Анна Шевченко мен ресейлік спортшы Лилия Васильева – Алматы Универсиадасының мульти медалистері. Шаңғы жарысында бақ сынаған олар өздері қатысқан бес сайыстың бесеуінде де жүлде алды. Анна 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдені қанжығаға байлады. Ол үш қоланы жекелей сында иеленсе, алтын мен күмісті командалық жарыстарда олжалады.

Осылайша, біздің Анна - бір Универсиадада 5 медаль ұтқан алғашқы қазақстандық спортшы-студент. Қысқы Универсиада тарихында бұған дейін 4 медаль ұтқан отандасымыз бар-ды. Ол – Анастасия Слонова. Шаңғышы А.Слонова осыдан екі жыл бұрынғы Универсиадада 2 алтын және 2 күміс ұтқан болатын. А.Шевченко оның рекордына түзету енгізді.

Жалпы, Алматы аламанында 2 медальдан кем емес жүлде алған 78 спортшы бар. Оның 14-і – қазақстандық. Жерлестеріміз Анна Шевченко мен Антон Пантов та осы қатарда.

Алматы Универсиадасында алтын тұғырға үш рет шыққан 4 спортшы бар. Олар - ресейлік шаңғышылар Лилия 
Васильева мен Дмитрий Ростовцев, жапониялық шаңғымен трамплиннен секіруші Харука Иваса және кореялық шорт-трекші Сон Ха Кьен. Ал отандастарымыз Галина Вишневская (биатлон), Юлия Галышева және Дмитрий Рейхерд (екеуі де - фристайл) екі мәрте алтын жүлдегер атанды.

 

10 спортшы – 11 жүлде

28-інші қысқы Универсиадада 10 павло-дарлық спортшы ел намысын қорғады. Олардың бесеуі жүлденің дәмін татты. Жалпы, жерлестерімізге бұл аламаннан 11 жүлде бұйырды. 11 жүлденің бесеуі (1 алтын, 1 күміс және 3 қола) Анна Шевченкоға тиесілі. Аннаның командаласы Ирина Быкова да командалық эстафетада күміспен күптелді. Биатлоншы Антон Пантов бір күміс (командалық эстафета) және бір қола медаль ұтты. Тағы бір биатлоншымыз Дарья Усанова командалық аралас эстафетада күміс жүлдегер атанды. Бұдан бөлек, «Ертіс» хоккей клубының ойыншылары Владимир Гребенщиков пен Михайл Рахманов Қазақстан құрамасының сапында Универсиаданың күміс жүлдесіне қол жеткізді.

Сөйтіп, Павлодар облысы қысқы Универсиада тарихындағы өз рекордын жаңартты. Жалпы, бұған дейінгі көрсеткішімізді рекорд деп айтудың өзі артықтау шығар. Себебі еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі қысқы спорт түрлері бойынша өткен студенттер ойынынан жерлестерімізге бір ғана жүлде бұйырған-ды. Бұған дейін жазғанымыздай, сол бір жалқы жүлдені (күміс) 2015 жылғы Универсиадада биатлоншы Максим Браун командалық аралас эстафетада еншілеген-ді.

Алматы Универсиадасында жерлес-терімізден шаңғышы Дарья Ряжко ғана жарыс жолына шыққан жоқ. Ал қалғандары өз мүмкіндіктерін сынап көрді. Атап айтқанда, жоғарыда есімдері аталған жүлдегерлерден бөлек, биатлоншылар Тимур Куц, Максим Браун және Александра Сасина жарысқа қатысқанымен, жүлде олжалай алмады.

Бәйгеге 10 спортшыны үкілеп қосып, 11 жүлдені қоржынға басқан Павлодар спортының ұпайы түгел.

 

ЖАЛПЫКОМАНДАЛЫҚ ЕСЕП
(үздік ондық)
Орын    Мемлекет    Алтын    Күміс    Қола    Барлығы
1    Ресей    29    27    15    71
2    Қазақстан    11    8    17    36
3    Корея Респуб-ликасы 11    5    5    21
4    Жапония    6    12    10    28
5    Польша 5    2    5    12
6    Қытай 4    4    2    10
7    Франция 4    2    2    8
8    Италия 4    -    -    4
9    Беларусь    3    2    1    6
10    Украина    2    3    4    9

 

 

Сәті түскен сұхбат

 

Анна ШЕВЧЕНКО: Қола деп қомсынбаймын

Қазақ спортының биылғы жаңа-лығы Анна Шевченко болғаны анық. Алматы Универсиадасында өзі қатысқан жарыстың бәрінде жүлде алған шаңғышы қыз жекелей сында үш қола медаль олжалады. Сондай-ақ, командалық сайыста бір алтын мен бір күмісті мойнына ілді. 7 ақпанда масс-стартта (жаппай жарыс) бақ сынаған павлодарлық спортшыны жарыстан кейін 
әңгімеге тартқан едік.

- Анна, Универсиададағы алғашқы сайысыңда ресейлік спортшыларға есе жіберіп, қола медаль ұттың. Бүгін тағы да ресейліктер алдыңды орады. Оларды басып озуға не кедергі болды?

- Лилия Васильева да, Анна Нечаевская да - Алматы Универсиадасы барысында өз мықтылықтарын нақты іспен дәлелдеген спортшылар. Оларды бүгін басып озу қолымнан келмеді. Негізі, соңғы биіктікке дейін қатарласып бірге келдік. Екеуі осы кезде жылдамдықты арттырды. Қалыспауға тырыстым. Бар күшімді сарқыдым. Биіктіктен төмен түскен сәтте арақашықтықты ұзатып алдым. Соған қарамастан, мәреге жеткенше екпінімді бәсеңдеткен жоқпын. Себебі, артымда кімдердің келе жатқанын білген жоқпын. Артыма бұрылуға да мүмкіндік болған жоқ.

Әр спортшы жарыс жолына «Жеңіске жетемін!» деген мақсатпен шығады. Мен де жекелей сында алтын тұғырды бағындыруды қаладым. Амал не, бұйырмады. Сонда да өзімді жеңімпазбын деп есептеймін. Себебі мен алдымен өзімді жеңдім. Иә, ресейліктерге есе жібердім. Алайда, бұл соншалықты үлкен жеңіліс емес. Қола да - медаль. Қомсынбаймын. Ресейлік қыздармен алда әлі талай кездесеміз. Есемді қайтаруға тырысамын.

- Универсиададағы өнеріңе көңілің толды ма?

- Әрине. Алматыда «өте жақсы» деген бағаға өнер көрсеттім деп есептеймін. Әр сайыс сайын жүлдегерлер тұғырынан көріндім. Мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Десе де, мұншама көп медаль аламын деп ойлаған жоқпын. Бірақ, бір-екі медаль олжалайтыныма сенімді болғаным рас. Универсиада мен үшін үлкен мектеп болды. Студенттер ойынындағы жеңісті де жемісті жолымды алдағы әлемдік жарыстарда жалғастырамын деген ойдамын.

- Құпия болмаса, жүлделерің үшін берілетін қомақты ақшаны қандай мақсаттарға жұмсамақсың?

- Білмеймін. Егер ақшам жетіп жатса, өзіме пәтер сатып аламын. Себебі ата-анам Ресейге қоныс аудармақшы. Ал мен Қазақстанда қаламын.

- Алда қандай жарыстар күтіп тұр?

- Эстонияда өтетін Әлем Кубогының кезеңіне қатысамын. Одан кейін Финляндияда ұйымдастырылатын Әлем біріншілігінде ел намысын қорғаймын.

- Көпшілікке айтар қандай тілегің бар?

- Маған сенім білдірген, қолдау көрсеткен жанкүйерлеріме, бапкерлерге алғысымды айтамын. Сондай-ақ, олқы тұсымды бағамдап, шеберлігімді шыңдауға үлес қосқан қарсыластарыма ризашылығымды білдіремін. Мен елімнің үмітін ақтау үшін аянбаймын!

- Саған да рақмет. Жеңісті жолың үзілмесін!

 

Бетті әзірлеген – Фархат ӘМІРЕНОВ,
Алматы қаласы.
Суреттерді түсірген – Владимир БУГАЕВ.

 

saryarka-samaly.kz