Мамыр айының басында зауыттың қазіргі ахуалымен танысып қайтқан ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жаңғырту жұмыстарының артықшылықтарын санамалап берді.

Біріншіден, кәсіпорынның мұнайды қайта өңдеу тереңдігі артады. Мәселен, бүгінде зауыттың бұл көрсеткіші 85 пайызды құрап отыр. Жаңғыртудан соң қайта өңдеу тереңдігі 90 пайыздың үстінде болмақ. Яғни, мұнай құрамының 90 пайыздан астамы өңделеді. Бұл өз кезегінде бензин, дизел отыны және авиакеросиннің сапалылығын қамтамасыз етеді.

Екіншіден, Павлодар мұнай-химия зауытының қуаттылығы артады. Мәселен, бүгінде зауыт жылына 5 миллион тоннаға дейін мұнай өңдеуге қауқарлы. Ал жаңғырту жұмыстарынан кейін ең жоғары көрсеткіш 6 миллион 500 мың тоннаны құрамақ.

Айырмашылық жер мен көктей. Бұл ел экономикасына тың серпін берері даусыз.

Үшіншіден, жаңғыртудың нәтижесінде зауыт авиациялық отын шығаруды қайта қолға алмақ. Авиакеросин – біздің елге қажетті өнім. Себебі, қазір Қазақстанның авиациялық байланысы даму үстінде. Қазір өз жерімізде дайындалатын авиакеросин Қазақстан нарығының небары 40 пайызға жуығын ғана қамтып отыр. Ал қалған 60 пайызын Ресей Федерациясынан импорттаймыз. Міне, Павлодар мұнай-химия зауыты бұл істі қайта жалғастырса, жылына 200 мың тоннадан артық авиациялық отын өндіруге мүмкіндігі бар. Бұл дегеніңіз – Қазақстан қажеттілігінің үштен бір бөлігі.

Бұған дейін Павлодар мұнай-химия зауытының авиациялық отын өндіргенін білеміз. Бертін келе бұл іс тоқтады. Оның өзіндік себебі бар. Бірнеше жыл бұрын Ресей Федерациясы Қазақстан арқылы Қытайға мұнай тасымалдауды қолға алды. Ресей мұнайы еліміздің солтүстік өңірінен оңтүстікке жеткізіліп тұрды. Әуелде Павлодар мұнай-химия зауытына Батыс Сібірдің мұнайы тасымалданса, кейін бұл жаққа Башқұртстанның шикізаты жеткізілуде. Осылайша, қара алтынның сапасында өзгеріс байқалды. Батыс Сібірдің мұнайы авиациялық отын шығаруға өте қолайлы болса, Башқұртстан мұнайының құрамында меркаптан көп. Меркаптан – мұнай өнімдерінің сапасын төмендететін күкірт қосындысы. Ол уақытта құрамында меркаптаны көп мұнайды тазартып, сапалы өнім алуға павлодарлық зауыттың мүмкіндігі жоқ еді. Сондықтан кәсіпорын авиациялық отын шығаруды доғарды. Ал зауытқа жаңғырту жұмыстары барысында орнатылған жаңа құрылғылардың мүмкіндігі жоғары. Қазір зауытта күкіртті, меркаптанды тазарту құрылғылары бар. Оның үстіне мұнай өнімдері гидротазартудан өтеді. Осының бәрі сапалы өнім шығаруға септігін тигізеді. Бұйыртса, жыл соңына дейін Павлодар мұнай-химия зауытында әзірленетін авиациялық отын арнайы сертификаттаудан өтпек.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, соңғы үш-төрт жылда «ҚазТрансОйл» компаниясы Қытайға шамамен жылына 7 миллион тонна көлемінде Ресей мұнайын тасымалдаған. Бұл қызмет – Қазақстан үшін тиімді. Бірақ соңғы уақытта солтүстіктегі көршіміздің Қазақстанға жіберетін мұнайының сапасы төмендеген. Әсіресе, соңғы 7-8 айдың көлемінде ресейлік мұнайдың құрамында меркаптан заты көбейді. Сондықтан, біздің мамандар Ресей тарапымен келіссөздер жүргізбек. Ал Ресей шикізатынан бас тарту – ең соңғы қадам.

Ресей мұнайынан бас тартқан жағдайда, Павлодар зауыты Қызылорданың мұнайын өңдемек. Қызылорда облысында мұнайдың жаңа кен орны бар. Бұл аумақтағы мұнайдың құрамындағы меркаптанның көрсеткіші төмен, ал тығыздылығы жоғары. Қысқасы, өте сапалы шикізат.

Төртіншіден, модернизациялаудан кейін павлодарлық зауыт К4 (Евро-4) және К5 (Евро-5) әлемдік стандарттарына сай өнім шығармақ. Бұл – ең жоғарғы стандарт. Мұндай өнімнің құрамында ауаға тарайтын зиянды заттар аз болады. Сондықтан экологияға айтарлықтай зиян әкелмейді.

Қазақстанда мұнай өңдеу зауыттарының саны – үшеу. Оның бірі Павлодарда орналасқан. Қалған екеуі - Атырау мен Шымкентте. Павлодар мен Атыраудағы зауыттардың жаңғырту жұмыстары биыл аяқталады. 2018 жылдың алғашқы жартысында Шымкенттегі кәсіпорын жаңғыртудан өтеді. Осы үш зауыт толықтай модернизацияланғанда, қазақстандықтар өз ресурстарымыз арқылы бензинмен, дизель отынымен және авиакеросинмен қамтамасыз етілетін болады. Елімізде бензин тапшылығы мүлдем болмайды. Қазіргі уақытта Қазақстан бензиннің 30 пайызын, дизельдің 15 пайызын және авиакеросиннің 60 пайызын Ресейден тасымалдайды. Жаңғырту жұмыстарынан соң бұл көрсеткіштің азайғаны былай тұрсын, Қазақстан сұйық отынды шетелге экспорттауға мүмкіндік алмақ. Мәселен, барлық жұмыстар ойдағыдай аяқталған соң, Қазақстан бензиннің 2 миллион тонна көлемін артығымен өндіреді. Осылайша, отандық бензин Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Тәжікстан нарығына экспортталмақ.

Бүгінде зауытта күкірт өндіру кешені мен изомерлеу және нафта сплиттері қондырғысының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Механикалық жұмыстардың тәмамдалғаны туралы акт дайын. Енді іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілмек. Ал шілде айында толықтай іске қосылады.

Өкінішке қарай, әлі үш қондырғы дайын емес. Атап айтқанда, қазір жаңғырту жобасы шеңберінде дизель отынын және керосинді гидротазарту, атмосфералық айдау, нафтаны гидротазарту, каталитикалық риформинг қондырғыларын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстардың кешеуілдеуінің басты себебі – қажетті құрал-жабдықтардың зауыт аумағына уақытылы жеткізілмеуі. Қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Жұмыстар қыркүйек айының соңында аяқталуы тиіс. Сол кезде зауыт та күрделі жөндеу жұмыстарына жабылады. Міне, осы кезде жаңа қондырғылар мен қолданыстағы жаңарған құрал-жабдықтардың жұмыс циклі өзара әрекеттеспек. Бұл процеске шамамен 30-40 күн керек. Осылайша, жыл соңына қарай сапалы отандық өнімді пайдаланатын боламыз.

* Павлодар мұнай-химия зауыты Қазақстанның үш мұнай өңдеу зауыты өндіретін мұнай өнімдерінің жылдық көлемінің 30 пайызын шығарады.
* Павлодарлық зауытта жаңғырту бағытындағы жұмыстары 2009 жылы басталды.
* Жоба бойынша мердігерлер – «Rominserv S.R.L.» (Румыния) және «NFC» (Қытай) компаниялары.
* Жаңғырту жобасы бойынша 12 технологиялық қондырғы мен жалпы шаруашылықтың 18 нысаны салынып, жаңартылуда.

saryarka-samaly.kz