Бұл жаңалықты естігенде, кейбіреуі «ее, мықтылар қатыспаған шығар» деп топшылауы мүмкін. Солай болғанның өзінде де, коньки спортынан көш бастап тұрған елдердің кез келген спортшысы қазақстандықтарға лайықты қарсылас екенін ұмытпаңыз. Мысалға алсақ, футболдан еліміздің премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген команда Германияның 3-ші дивизионында бақ сынап жүрген командамен тең түспесе, жеңу кәдік. Сондықтан да, 5000 шақырымда дара шыққан Виталийдің алтыны «қадірлі»!

Бұл жаңалықтан енді ес жия бергенде, қуаныш еселене түсті. Виталий Щиголев қарқынынан таймай, Канаданың Калгари қаласында өткен әлем кубогында 5-орынды иеленіп, ел рекордын жаңартты. Ол 5000 қашықтықты 6.19.60 уақытта бағындырды. Аталған қашықтықтағы бұрынғы рекорд – 6.19.30 еді.

Виталий Щиголевтің жеке бапкері 1998 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Людмила Прокашева екен. Шәкіртінің бабын таба білген бапкердің қуанышында шек жоқ. Бүгінде Павлодар қаласындағы қысқы спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебін басқарып отырған даңқты жерлесімізге хабарласып, «құтты болсын!» айттық.

- Милуоки қаласында өткен турнир қатысушыларына көз жүгіртсеңіз, аты шықпаған жас спортшылар. Яғни, жарысқа мықтылар қатысқан жоқ. Бәрібір де отан-дастарымыздың нәтижесін бас бармақ- пен бағалауға болады. Бастысы – медаль емес, қазақстандықтардың уақыт көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Виталийге келсек, ол өте дарынды спортшы. Құймақұлақ болғандықтан, онымен жұмыс істеу қиынға соқпады. Техникасын реттеуге біраз уақыт жұмсалғаны рас. Маңдай тердің өтелгеніне қуаныштымын, - дейді Людмила Прокашева.

Олимпиада ойындарының қола жүлдеге- рі өңірімізде коньки спортын дамыту үшін инфрақұрылым жұмыстарын мықтап қолға алу керектігін жиі айтады. Виталий Щиголев- тің жүлдесінен кейін бұл іске жауаптылар ойлану керек, - дейді ол.

- Елімізде коньки спортымен айналысуға ыңғайлы екі жабық стадион бар. Бірі – Нұр-Сұлтан қаласында, бірі – «Медеу». Мұз айдындары Қостанайда, Рудныйда және Семейде ғана. Павлодар былай тұрсын, соңғы кезде коньки спорты қарқынды дамып келе жатқан Өскемен, Ақтөбе және Петропавл қаларында атымен жоқ. Биыл Павлодарда мұз айындары кештеу құйылды. Салдарынан оқу-жаттығу жиындарын Нұр-Сұлтан қаласына барып өткізуге мәжбүрміз, - дейді Людмила Прокашева.

Бұл пікірмен келіспеуге болмас. Спорт-шыларға жағдай жасамай, нәтиже талап ету дұрыс емес. Кез келген спорт болмасын, ең әуелі жаттығу алаңдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мәселені өңіріміздегі спорт саласына жауапты азаматтар назарда ұстайды деп сенеміз.

saryarka-samaly.kz