Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың артында қалған мол мұрасын өңірімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері арасында насихаттауды мақсат еткен жоба қазан айына дейін жалғаспақ. Мұнда қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, әндерін шырқамақ.

«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилованың айтуынша, әр этно-мәдени орталық дана ойшылдың шығармашылығын негізге ала отырып, түрлі шаралар ұйымдастыруы шарт.

- Біздің әжелер «алтын сандық» жасап шықты. Осы сандыққа қатысу-шылар өздері ұйымдастырған шараның негізгі өзегі болатын, яғни Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты бір құнды мәліметті салуы тиіс. Ал қазан айында «Өлең - сөздің патшасы» челленджіміздің қорытынды концертінде аталған мәліметтерді бұқараға жария етеміз. Абай атамыздың мерейтойын кең көлемде атап өту үшін біз - әжелер, өзіміздің бар күш-жігерімізді салудамыз. Біздің мақсат – ақынның артында қалған қара сөздері мен әр адамның өміріне бағдаршам болатын нақыл сөздерін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру, - дейді Б.Максилова.

«Өлең - сөздің патшасы» челленджін Ассамблея мүшелері бірауыздан құптаған. Эстафета жобасының шарты бойынша, челленджді келесі болып қарашай-черкес және қабарда-балқар этномәдени орталығы қабыл алды.

- Абай біз үшін – ұлы поэзияның биік шыңы. Ол өз ұрпақтарына поэзиямен қатар, даналықты, инабаттылықты қалдырды. Абайдың 175 жылдығы - қазақ халқы үшін өте үлкен мерейтой. Осыған байланысты біздің орталық та бірқатар шараларды ұйымдастырады, - дейді «Эльбрус» қарашай-черкес және қабарда-балқар ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мария Байрамқұлова.

Ақ жаулықты әжелермен бірге «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған «Келіндер клубы» мен «Нұр болашақ» тобының мүшелері де өз өнерлерін ортаға салды. Бастамашыл топ ақын өлеңдерін жатқа айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, Абай шығармашылығын ел арасында кең көлемде насихаттап жүрген көркемсөз оқу шебері Даниял Әсенов Абайдың қара сөзінен шашу шашты.

saryarka-samaly.kz