- Қаншайым Ғалымжан-қызы, Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Ертіс-Баян топырағы- нан аттанған майдангерлердің қосқан үлесі қандай? Әңгімені осы төңіректегі сандардан бас- тасақ...

- Ұлы Отан соғысы – бұл тарихы- мыздың қаралы да азалы беттері- нің бірі. Елімізде соғыс өрті шарпымаған бірде-бір отбасы жоқ деуге болады. Ата-ана баладан, бала әкеден, аға бауырдан, әйелі отағасынан айырылды. Ресми де- ректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғы- сына Ертістің Павлодар өңірінен 46 мыңнан аса адам аттанды. Оның жартысына жуығы туған елге оралмады. 10 мыңнан астам жерлесіміз соғыста қаза болса, тағы сондай 10 мыңға жуық адам хабар-ошарсыз кетті. Бұлардан бөлек, 2 мыңдай сарбаз әскери госпитальдерде көз жұмды. Ұлы Отан соғысы майдандарында ерлік көрсеткен 31 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанса, 8 жерлесіміз ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегер атанды. Жалпы, 10 мыңнан астам адам әр түрлі орден-медальдармен марапатталды.

- Қазіргі таңда облыстық архивке тұрғындардан соғыста хабар-ошарсыз кеткен аталарын және туыс-туғандарын іздеу хаттары жиі түсіп тұра ма? Жалпы, мұндай жағдайда қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Жалпы, «Хабарсыз кеткен ең соңғы жауынгердің сүйегі табылған- ша, соғыс аяқталды деп айтуға болмайды» деген ұғымды естен шығармауымыз керек. Бұл - бүгінгі ұрпақтың азаматтық борышы. Ал архивке майданнан мәліметсіз кеткен жақындарын іздеу туралы сұраныс хаттар көп келе бермейді. Себебі, бізде ондай ақпарат сақталмайды. Ұлы Отан соғысы кезінде әскерге шақырылғандар жөнінде мәліметтердің көбі ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты мекемелердің (қорғаныс департа-менті) ведомстволық архивтерін- де. Сондай-ақ, РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен (Подольск қ.) сұрау салуға болады. Бүгінде интернет жүйесінде бұл архивтің үш жобасы жұмыс істейді. Біріншісі – Ұлы Отан соғысында қаза болған және хабарсыз кеткендер жайлы жалпылай жинақталған «Мемориал» мәліметтер банкі. Екіншісі – соғыстан аман-есен оралғандар мен қаза болғандар жайлы «Подвиг народа в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» атты құжаттардың электрондық банкі. Үшіншісі - «Память народа» порталы. Енді осы сайттар арқылы хабарсыз кеткен жақындары туралы мәлімет іздеушілер нені білуі тиіс? Соғыста хабар-ошарсыз кеткен адамның толық аты-жөні, туған жы- лы, туған жері, қашан және қай елді мекеннен әскер қатарына шақырыл-ғандығы туралы ақпарат керек. Со- дан кейін қандай әскери бөлімнің (дивизия, полк) құрамында шайқас-қанын да сұрайды.

- Сіздердің сол сайттармен байланыстарыңыз бар ма?

- Осыдан біраз жыл бұрын РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде осы бағытта жұмыс жүргізген едік. Сонда мамандар жоғарыда айтылған мәліметтерді білу қажет екендігін ескерткен болатын. Осы архивтегі іздестіру жұмысы барысында біз соғыста қаза тапқан 116 жерлесіміздің есептік-тіркеу карточкаларын тауып, ондағы мәліметтерді 1990 жылдар- дың ортасында жарық көрген «Естелік» кітабындағы және әскери комиссариаттардың хабарсыз кеткендер жөніндегі мәліметтерімен салыстырдық. Сонда 4 адам жөнінде қосымша деректер анықталды. Мысалы, Олейник Павел Максимович (1910 ж.т.) жоғарыда аталған кітапта хабарсыз кеткен деп көрсетілген. Ал біз анықтаған есеп- теу-тіркеу карточкасында 1942 жылы 26 қарашада қаза болғандығы және Сталинград қаласында жерлен-гендігі көрсетілген. Соңғы жылдары соғыста хабарсыз кеткендерді іздестіру жасақтарының қарқынды әрі жүйелі жүргізіп жатқанын атап өту керек. Бұл осы жұмысты ұйым-дастырушылардың құзырындағы өз алдына жеке бір тақырып деп ойлаймын.

- Павлодар облыстық мем- лекеттік архивінде Ұлы Отан соғысы тарихына қатысты қан- дай мәліметтер, деректер бар?

- Облыстық мемлекеттік архив- те Ертістің Павлодар өңірінің тарихынан сыр шертетін құнды мәліметтер баршылық. Әртүрлі материалдарда (қағаз, бейне, дыбыс) сақталған өткен ғасырдың басы мен бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтитын құжаттар бар. Ресми құжаттардан басқа, жеке адамдар туралы мағлұматтар да біз үшін аса маңызды. Сондықтан, біздің архившілер өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері жеке тектік, соның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқан адамдардың құжаттарына ғылыми сипаттама жасап келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік сақтауға қабылдау жұмысын жүргізуде. Нәтижесінде біздің архивте соғысқа қатысқан адамдардың істері мен құжаттарының коллекциясы жасалды. Бұл коллекцияда майдан шебінен жазылған хаттар, естеліктер, фотосуреттер, марапаттау құжаттары және т.б. аса құнды дүниелер жинақталған. Жоғарыда РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде іздестіру-зерттеу жұмысын жүргізгеніміз жөнінде айттым ғой. Осы жұмыстың нәтижесінде облыс архивінің қоры бірқатар құнды деректермен, құжаттармен толықты. Мысалы, Павлодар өңірінен аттанып, Кеңес Одағының Батыры атанғандардың марапатталу қағаздары табылды. Одан бөлек, Қ.Қамзин, К.Семенченко, И.Скляров сынды үш батырдың жеке істері, Даңқ ордені иегерлерінің марапатталу қағаздары, әскери бөлімдердің осы жоғары марапатқа ұсыну жөніндегі бұйрықтары анықталды. Сондай-ақ, Ертіс аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанған жерлесіміз Қабыш Көктаев туралы көп ақпарат табылды. Негізі Қ.Көктаев Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ұсынылған екен. Алғашында 1944 жылдың 9 тамызында, одан кейін 1945 жылдың 4 ақпанында ұсынылған. Бұған Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну жөніндегі марапаттау қағаздары анық дәлел бола алады. Онда рота командирі Қ.Көктаевтың Польшаны жаудан азат ету шайқасында Висла өзенін шабуылдау және Германия жерінде Одер өзенін шабуылдау кезіндегі көрсеткен ерліктері жан-жақты сипатталған. Алайда, қандай да бір себептермен батыр атағы берілмеді. Жерлесіміз алғашқы көрсеткен ерлігі үшін Ленин орденімен, ал екінші ретте «Красное Знамя» орденімен марапатталады. Сол жолы біз атақты жерлесіміз Әбілқайыр Баймолдинге қатысты тың деректер кездестірдік. Яғни, 100-ші жеке атқыштар бригадасының, 1-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы Ә.Баймолдиннің аты-жөні, тегі жазылған бұйрықтары, қазаға ұшыраған офицерлік құрамды есепке алу әліпби кітабы анықталды. Бүгінде Ресейдің Ржев қаласында қазақстандық 100-ші және 101-ші ұлттық атқыштар бригадаларының жауынгерлеріне арналған мемориалдық кешен бар. Онда 10 мың қазақстандық жауынгердің аты жазылған.

- Осы архивтен құрамында павлодарлық жауынгерлер болған әскери бөлімдер және полктер мен дивизиялар туралы деректер анықталды ма? Жалпы, павлодарлық сарбаздар қандай бөлімдерде болған?

- Облыстық мемлекеттік архив- те жергілікті военкоматтарға өз еріктерімен майданға аттануға сұранған азаматтардың көп өтініш- тері сақталған. Соғыстың алғашқы бір айының өзінде тиісті органдарға осындай 600-ге жуық өтініш түскен. Соғыс жылдарында Қазақстанда 14 атқыштар дивизиясы, 4 кава-лериялық дивизия және 7 атқыштар бригадасы жасақталған. 1941 жыл- дың шілде айында Петропавловск қаласында 314-ші атқыштар дивизиясы құрылды. Павлодар облысы Қорғаныс департаментінің деректеріне сүйенсек, 1941 жыл- дың маусым, шілде айларында шақырылғандар мен өз қалауымен сұранып барған майдангерлер осы 314-ші атқыштар дивизиясының құрамына енген. Біздің жерлестері- міз әсіресе 858-ші артиллерия полкінің құрамында көп қызмет атқарды. Сондай-ақ, 590-шы жеке сапёр батальонының құрамында көп адам болған. Ал 1076-шы және 1078-ші полктер толық павлодарлық-тармен жасақталған деуге болады. Міне, сондықтан біз 314-ші атқыш- тар дивизиясының тарихына ерек- ше мән беріп келеміз. РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві қорынан 314-ші атқыштар дивизиясының тарихи формулярлары, әскери сипаттамасы, майдан жолы, оперативтік сводкалары, майдан шебінен жеткізілген хабарлары, бұйрықтары, дивизияның майдан жолы бойында қаза болғандардың жерленген орындарының схемасы сияқты құнды құжаттар табылды. Бұл құжаттардың сканкөшірмелері жасалынып, алынды. Сонымен қатар, облыстық мемлекеттік архивінде соғыс тарихына қатысты Финляндия Ұлттық архивінен алынған тарихи деректер де бар. Бұлар – Финляндияда тұтқында болған адамдардың есептік карточкалары. Біздің мамандар Финляндияның Ұлттық архивінде 1939-1944 жылдары тұтқынға түскен 63 мың адамның құжатының ішінен 289 қазақстандықтың есептік карточкаларын тапқан. Олардың 43-і Павлодардың тумалары. Мұнда тұтқыннан босап шыққан адамдар туралы да мәліметтер бар. Сондай-ақ, облыс мемлекеттік архиві фашистік лагерьлердің азабын көрген адамдардың істері мен құжаттарының коллекциясын жасаған болатын. Мұнда тұтқындардың тізімі, анкеталары, естеліктері, өмірбаяндары, фотосуреттері, түрлі архив мекемелерінің олардың соғыс жылдары Германия жерінде болғандығын растайтын анықтамалар, гетто тұтқынының куәлігі, ақталу жөніндегі анықтамалары және т.б. құнды құжаттар жинақталған.

- Жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай архив ісі сала- сында қандай жұмыстар атқа-рылуда?

- Біздің негізгі ұстаным – ол архив мұрасын халық игілігі үшін ғылыми тұрғыда кеңінен пайдалану. Архив – тарих айнасы, мемлекеттігіміздің бір белгісі, өйткені тарихсыз мемлекет жоқ. Бүгінгі жас ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиелеуде, жүректеріне патриоттық сезімді ұялатуда архивтік деректердің алатын орны ерекше. Сол себепті Ұлы Отан соғысы тарихына байланысты архивтік құжаттар негізінде студенттер мен оқушыларға дәрістер өткізіледі. Фотоқұжаттық көрмелер ұйымдастырылып, радио-телебағдарламалары дайындалады. Сондай-ақ архив қоймаларына экскурсиялар ұйымдастырамыз. Кезінде соғыс тарихына қатысты құжаттарды ғылыми айналымға енгізу мақсатында «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы павлодар-лықтар. 1941-1945» атты құжаттар жинағы жарық көрген болатын. Сондай-ақ, осы аттас мультиме-диялық анықтамалық құрал дайындалды. Аталған жинақ пен анықтамалық құрал облысмыздың соғыс жылдарындағы тыныс-тіршілігінен мағлұмат береді. Облыс еңбеккерлерінің Ұлы Жеңісті жақын-дату жолындағы жанқиярлық еңбегін көрсететін архивтік құжаттар, дәйек- тер, деректер енген. Негізі, Тыл тарихы – өз алдына үлкен жеке бір тақырып.

Соңғы жылдары қан майданнан туған елге оралмаған жерлестеріміз туралы «Боздақтар» кітабын дайындап, жарыққа шығардық. Кітаптың 6-шы томы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жарық көріп, оны өткен жылдың аяғында оқырман назарына ұсындық. Бұл кітап негізінен жоғарыда аталған РФ Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің «Мемориал», «Подвиг народа в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.», «Память народа» мәліметтер банкілерінің негізінде дайындалған. Сондықтан, соғыста хабарсыз кеткендер туралы қандай да бір мәліметтерді аталмыш кітаптардан да іздестіруге болады. Қорыта айтқанда, осы тақырыпқа байланысты біздің негізгі міндеттеріміздің бірі – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Павлодар облысының тарихы туралы архивтік құжаттарды ғылыми айналымға енгізіп, жұртшылыққа және зерттеушілерге ұсыну. Сондай-ақ, қару асынып жаумен шайқасқан әр майдангердің ерлігін және сол уақытта жандарын салып жұмыс істеген тыл еңбеккерлерінің еңбегін көрсету. Бір сөзбен айтқанда, Ұлы Жеңістің асқақ рухын өскелең ұрпаққа жеткізу.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz