Жанболсын НҰРТАЗИН, Ақтоғай ауданы:

- Мемлекеттік грант қаржысын төрт түлік пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жұмсауға бола ма? «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға несие беріле ме?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын тұрғындарға кәсібін жүргізу үшін жеңіл немесе жүк көліктері керек болса, мемлекеттік грант алуға өтініш беруге болады. Ал қайтарымсыз қаржы мал сатып алу мақсатында берілмейді. Ірі техника алуға 5 млн. теңгенің жетпейтіні анық. Сондықтан, агроөнеркәсіптік кешен саласында бизнес бастауды қаласаңыз, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 5 пайыздық мөлшерлемемен несие алған әлдеқайда дұрыс болады.

Дәрия ОМАРОВА, Ертіс ауданы:

- «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша Германияға баруға болатынын естідім. Сол сияқты басқа мемлекеттерге тегін тағылымдамаға баруға бола ма?

Зарина НҰРЛАНҚЫЗЫ:

- Аталмыш жобада басқа мемлекеттер қарастырылмаған. Кәсіпкерлер палатасы тек Германиямен байланыс орнатқан. Оған қоса, «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасына биыл өзгерістер енгізіліп, соған сәйкес «Іскерлік байланыстар» жобасына орташа жылдық айналымы 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тіркелген кәсіпкерлік өкілдері ғана қатыса алатын болды.

Серікзат ЖҰМАЖАН, Шарбақты ауданы:

- Мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін қандай құжаттар қажет?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- Бизнес-жоспар, «Бастау-Бизнес» немесе «Бизнес-Кеңесші» жобаларынан өткені туралы сертификат және тағы басқа бірқатар құжат керек. Құжаттардың толық тізімі облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының ресми сайтында көрсетілген. Сонымен қатар, салық, несие бойынша қарызының бар-жоғы тексеріледі. Қандай да бір сұрақтар болса немесе кеңес алғыңыз келсе, Павлодар қаласы, Астана көшесі, 61-үй, 102-кабинетке келсеңіз болады. Есігіміз әрдайым ашық!

Тілші сауалы:

- 17 ақпанда «Бизнестің жол картасы - 2025» бойынша мемлекеттік грант конкурсына құжаттар қабылдау аяқталды. Бір апта аралығында тұрғындардан қанша өтініш түсті?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- 10-17 ақпан аралығында барлығы 168 өтініш қабылданды. Ендігі ретте арнайы комиссияның отырыстары өтіп, қатысушылардың жобаларды қорғау кезеңі басталады. Соның нәтижесінде 41 млн. теңге грант бірнеше адамға бөлініп беріледі. Егер кей тұрғындар осы уақыт аралығында өтініш тапсыруға үлгермесе, ештеңе жоғалтқан жоқ. Осы жылдың мамыр-маусым айларында грант конкурсына тағы да құжаттар қабылдаймыз. Сол тұста тағы 41 млн. теңгені үздік жобаларға үлестіреміз. Кәсіп бастауға ниеттілер 1,5-5 млн. теңге аралығында қайтарымсыз қаржы алу үшін бақтарын сынап көре алады.

Алтынбек НҰРБАЕВ, Ақтоғай ауданы:

- Мен бұған дейін 252 мың теңге грант алған едім. Енді «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы бойынша тағы грант ала аламын ба?

Зарина НҰРЛАНҚЫЗЫ:

- Әлбетте, оған барлық мүмкіндік бар. Тек жобаны сәтті қорғап, комиссия мүшелері қолдау білдірсе болғаны. Бұл ретте ескерер жайт - егер тұрғын «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз қаржы алса, кейін «Еңбек» бағдарламасы арқылы 100 немесе 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант иелене алмайды.

Салтанат, Ақсу қаласы:

- Мен Павлодар қаласындағы танымал дүкендердің бірінің франшизасын алып, Ақсуда сондай атаумен сауда нүктесін ашсам деймін. Осы мақсатта, яғни франшиза сатып алуға несие беріле ме?

Ақбота МҰРАТҰЛЫ:

- «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылдан бастап франшизаға несие беріледі. Несие алу кезінде кепілзат құны жетпеген жағдайда да көмек көрсетіледі. Ол үшін тұрғынға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалына келіп, мамандардан кеңес алуға болады.

Нұргүл, Павлодар қаласы:

- Менің төрт балам бар, көпбалалы анамын. Көпбалалы отбасыларға кәсіп ашу үшін 504 мың теңге көлемінде грант береді деп естідім. Мұндай сома көпбалалы отбасылардың барлығына бірдей беріле ме, әлде тұрмыстық жағдайларына қарай үлестіріле ме? Оған қоса, бұл 504 мың теңге бизнес бастауға қаншалықты жетеді деп ойлайсыздар? Тағы бір сұрақ - бұл грантты тұрақты жұмысы бар көпбалалы аналарға беру қарастырылған ба?

Зарина НҰРЛАНҚЫЗЫ:

- «Еңбек» бағдарламасы арқылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен көпбалалы аналарға 504 мың теңге грант беру қарастырылған. Төрт және одан көп баласы бар аналарға қойылар талаптар - жұмыссыз болуы, яғни жыл басынан бері зейнетақы аударымдарының жасалмауы және «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 4 апталық оқу курсынан өтуі. Бұл ретте «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша тігін, маникюр курстарынан да өтіп, гранттық конкурсқа өтініш беруге болады. Кейін жобаларды арнайы комиссия қарайды. Қаржыға келер болсақ, 504 мың теңгені кәсіпке қажет құрал-жабдықтарды сатып алуға ғана жұмсай аласыз. Мәселен, бұл сомаға тігін машинасын алуға болады. Кейін бір жыл аралығында мониторинг жасап, қайтарымсыз қаржының мақсатты жұмсалуын, кәсіптің үздіксіз жұмыс істеуін тексереміз.

Қайыржан, Баянауыл ауданы:

- Мен мал шаруашылығын дамыту мақсатында несие алсам деймін. Қай бағдарлама тиімді? «Бизнестің жол картасы - 2025» пе, әлде «Қарапайым заттар экономикасы» ма?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясында төрт түлік сатып алуға қаржы берілмейді. Бұл ретте жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын «Еңбек» бағдарламасының немесе 5 пайыздық мөлшерлемемен несие- лер берілетін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының көмегіне жүгінгеніңіз жөн.

Маржан, Павлодар қаласы:

- Мен грант алып, бірақ түрлі себепке байланысты бизнесімді жүргізе алмай қалсам, қаржыны қайтарып беремін бе? Алған соманың үстіне пайыз қосыла ма?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- Мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаржы алғандарға тиісті талаптар қойылады. Атап айтқанда, кәсіпкер жүйелі түрде салық төлеп, жаңа жұмыс орындарын ашуы тиіс. Бір жыл аралығында аталған міндеттерді орындамаса, сот арқылы қаражатты өндіріп алуға тура келеді. Мұндай жағдайда екінші деңгейлі банктердегі барлық шоттарыңыз бұғатталып, Қазақстан Республикасы шекарасының арғы жағына шығуға шектеу қойылады. Грант ретінде алған қаржыны қайтарып алған жағдайда, ешқандай пайыздық өтемақылар қосылмайды. Мәселен, 3 млн. теңге алып, оны мақсатты түрде іске асыра алмасаңыз, сол 3 млн. теңгені ғана қайтарасыз. Былтыр бұл бағытта біздің басқарма тарапынан ауқымды жұмыс жүргізіліп, 2010-2019 жыл аралығында алған, бірақ жобаларын жүзеге асырмаған тұрғындар 49 млн. теңгені қайтадан мемлекеттік қазынаға қайтаруда.

Гауһар, Павлодар қаласы:

- Соңғы уақытта жаңалық-тарда «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама арқылы несие алуға болатынын жиі айтылады. Ол кімдерге және не үшін беріледі? Бағдарламамен несие алу үшін не істеу керек?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы басталып, оның аясында 600 млрд. теңге бөлінді. Бұл сома күнделікті өмірде жиі тұтынатын өнімдерді шығаруға, өңдеуге қатысты жобаларды қаржыландыру мақсатында жұмсалады. Мәселен, агро-өнеркәсіптік кешен саласында өз ісіңізді бастағыңыз келсе, аталмыш бағдарлама аясында 5 пайыздық мөлшерлемемен несие ала аласыз. Ал өнеркәсіптік жобаларға несие 6 пайызбен беріледі.

Ақбота МҰРАТҰЛЫ:

- Бұл ретте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау көрсетеді. Айталық, 3-5 млрд. теңге көлемінде несие алуды қаласаңыз, қарыз сомасының 50 пайызына кепілдік бере аламыз.

Рүстем СМАҒҰЛОВ, Екібастұз қаласы:

- Егер мен «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы бойынша банктен 17 пайызбен несие алсам, мемлекет несие сомасының жартысын субсидиялай ма?

Ақбота МҰРАТҰЛЫ:

- 17 пайыз деп отырғаныңыз - тұтынушылық несиелер. Ал бизнеске керек несиелерді екінші деңгейлі банктер 14,25 пайызбен береді. Яғни, субсидия алу үшін несиенің пайыздық мөлшерлемесі 14,25-тен аспауы тиіс.

Төлеген, Ақсу қаласы:

- Мен осыдан бірнеше жыл бұрын грант алу конкурсына қатысып, бірақ бір себептерге байланысты ақша ала алмадым. Биыл тағы қатыссам бола ма, әлде бір-ақ рет өтініш беру керек пе?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- Әрине қатыссаңыз болады. Осы жылдың мамыр-маусым айлары аралығында облыстық кәсіпкерлік басқармасына құжаттарыңызды тапсыра аласыз. Бұл ретте бұған дейін мемлекеттік грант конкурсына қатысқан-қатыспағаныңыз назарға алынбайды.

Медет, Успен ауданы:

- Мен ауылда шағын кәсіпкерлікпен айналысамын. Мемлекеттік бағдарлама арқылы шетелдік мамандарды цехқа шақырып, олармен тәжірибе алмасуға болады дегенді оқыдым. Қай мемлекеттен, кімді шақыратынымды өзім таңдаймын ба, әлде нақты бір адамды жібере ме?

Зарина НҰРЛАНҚЫЗЫ:

- «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағыты аясында «Аға сеньорлар» жобасы жүзеге асырылады. Оған сәйкес, шетелдік озық мамандармен өз елімізде тәжірибе алмасу мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарламаға биыл енгізілген өзгерістер бойынша, қазақстандық сарапшыларды да өндіріс орныңызға шақыра аласыз. Тек туыстарыңыз, достарыңыз, таныстарыңыз, яғни сіз қалаған кез келген адам келе алмайды. Арнайы базада тіркелген, сіз еңбек ететін кәсіпкерлік саласының қыр-сырын жақсы білетін білікті сарапшыны ғана жібереміз. Бұл жоба тегін іске асатынын да ескергеніңіз дұрыс. Яғни, қалтаңыздан қаржы шығармайсыз.

Малика, Павлодар қаласы:

- Грант алу үшін қай салада бизнес ашу керек? Тағы бір сұрағым - «Бизнес-мектеп» деген не? Оның «Бастау-Бизнестен» қандай айырмашылығы бар?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- Мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаржы мал шаруашылығынан басқа кез келген салаға беріледі. Ол үшін бизнес-жоспарыңыз нақты әрі инновациялық, тың бағытта болуы керек. Кейін ғалымдар, депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдары және тағы басқа сала өкілдерінен құрылған комиссия жобаңыздың қоғам үшін мән-маңыздылығын саралап, соған сәйкес шешім шығарады.

Зарина НҰРЛАНҚЫЗЫ:

- Тағы бір талап - «Бастау-Бизнес» немесе «Бизнес-Кеңесші» оқуларынан өткеніңіз туралы сертификаттың болуы. Атап өтерлігі, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша жұмыссыздар ғана 4 апталық оқуға қатыса алады. Ал «Бизнес-Мектеп» компоненті екі жоба - «Бизнес-Өсім» және «Бизнес-Кеңесшіден» тұрады. Егер грант алғыңыз келсе, «Бизнес-Кеңесші» бойынша білім алуыңыз тиіс. Бұған дейін аталмыш оқуға қарапайым тұрғындар қатысса, бағдарламаға биыл енгізілген өзгерістер негізінде 3 жылдан астам уақыт бизнеспен айналысып келе жатқан кәсіпкерлер ғана қатыса алады. Сонымен қатар, бұған дейін аталмыш жоба бойынша оқу 2 күн болса, қазір 10 күнге дейін ұзартылды. Кәсіпкерлік сабақтары онлайн түрде оқытылмайды. Толығырақ мәлімет алып, «Бастау-Бизнес» немесе «Бизнес-Кеңесші» жобасының оқуларына тіркелу үшін Павлодар қаласы, Луговая көшесі, 16 мекенжайының үшінші қабатында орналасқан Өңірлік кәсіпкерлер палатасына келсеңіз болады.

Қарлығаш, Ертіс ауданы:

- Мен бюджеттік салада жұмыс істеймін. Өз бизнесімді де бастағым келеді. Тұрақты жұмысымды атқара жүріп, кәсіп ашуға грант алсам бола ма? Әлде ол тек жұмыссыз, декреттік демалыста отырғандарға беріле ме?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- Тұрақты жұмысыңыз бола тұра мемлекеттік грант конкурсына қатысуға толық мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін жеке кәсіпкерлік ашып, кәсіпкерлік негіздері оқуынан өтіп, құжаттар тапсырсаңыз жеткілікті.

Нұрсұлтан, Баянауыл ауданы:

- Менің тұрақты жұмысым бар. Бірақ одан шығып, туризм саласында жеке кәсібімді бастауды ойластырып жүрмін. Осы орайда қояр сұрағым - «Бастау-Бизнеспен» оқу тегін бе? Сабақ неше күн жүреді? Не үйретесіздер?

Зарина НҰРЛАНҚЫЗЫ:

- «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» бойынша оқу тегін жүргізіледі. Оқу осы жылдың наурыз айында басталады. Егер аталмыш жоба аясында білім алып, бизнес бастаймын десеңіз, соңғы 2-3 айда шотыңызға зейнетақы аударымдары жасалмауы тиіс. Яғни, жұмыссыз болсаңыз ғана қатыса аласыз. Сабақтар Баянауыл ауданының орталығында 4 апта бойы түске дейінгі уақытта өтеді. Оның барысында кәсіпкерлік негіздерін, бизнес-жоспар құрып, жеке кәсіпкерлік ісін жүргізіп, салық және басқа да міндетті төлемдерді жасаудың қыр-сырын үйренесіз. Кейін 530 мың теңге көлемінде грант алуға мүмкіндігіңіз болады. Бұл қаржыны бизнесіңізге қажет құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсай аласыз.

Салтанат, Тереңкөл ауданы:

- Мен ауылда дүкен ашсам деймін. Банктен несие алайын десем, кепілзат сұрайды. Ал менің үйімді кепілдік ретінде алмайды. Сол кепілзатсыз-ақ мемлекеттік бағдарламалардың бірі арқылы несие алуға бола ма? Немесе мемлекет кәсіпкерге қандай да бір кепілдеме бере ала ма?

Ақбота МҰРАТҰЛЫ:

- «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау көрсете алады. Нақтысын айтқанда, егер сіздің бизнеспен айналысқаныңызға 3 жыл толмаса, алатын несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдеме бере аламыз. Мәселен, сізге 1 млн. теңге керек делік. «Даму» қоры 850 мың теңгеге кепілдік береді, ал 150 мың теңгені депозитіңізге салып, сол депозитті кепілдік ретінде қоя аласыз. Егер кәсіп бастағаныңызға 3 жылдан астам уақыт болса, 50 пайыз көлемінде кепілдік жасалады. Айта кететін жайт, бұған дейін шағын және орта бизнес 20 млн. теңгеге дейін ғана несие ала алатын. Бағдарламаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, 60 млн. теңгеге дейін екінші деңгейлі банктен қарыз алуыңызға болады.

Нұрхан, Екібастұз қаласы:

- Соңғы жаңалықтардан бизнес үшін алған несиелерді субсидиялау уақыты өзгергенін естідім. Бұл бұған дейін алынған несиелерге де қатысты ма? Мен осыдан бес жыл бұрын 10 жылға кредит алғам, соған субсидия алсам бола ма?

Ақбота МҰРАТҰЛЫ:

- «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша моноқалалар мен ауылдық аймақтар кәсіпкерлері 50 пайыз, екінші бағыт аясында облыс орталығының кәсіпкерлері 40 пайыз субсидия ала алады. Бірақ соңғы өзгерістер 1 жыл бұрын алған несиелерге ғана қатысты. Өкінішке қарай, сіз несиені 5 жыл бұрын алғандықтан, пайыздық мөлшерлеме субсидия- ланбайды.

Бақытжан, Ленин кенті, Павлодар қаласы:

- Ленин кентінде үйім бар. Соның жанына монша салып, оны кәсіпке айналдырайын деп едім. Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек бола ма? Грант алуға қатысып, жеңілдетілген несие ресімдей аламын ба?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- Мемлекеттік грант конкурсына қатыса аласыз. Десе де, сізге «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша жеңілдетілген несие ресімдеуге кеңес берер едім. Соның аясында 16 млн. теңгеге дейінгі сома 7 жылға дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Оған қоса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 5 жылдық мерзімге несие көлемінің 85 пайызына дейін кепілдік қарастырады. Ол үшін жұмыссыз болуыңыз да міндетті емес. Тек жеке кәсіпкерлік ашып, несие тарихыңыз жақсы болса жеткілікті.

Айжан, Аққулы ауданы:

- Менің балам - студент. Биыл колледж бітіреді. Бірақ мамандығы бойынша программист болып істегісі келмейді. Фото, видеоға түсіретін жеке кәсіпкерлік ашуды қалайды. Диплом алған соң мемлекеттік бағдарлама арқылы құрал-жабдығына қажет қаржыны қайтарымсыз негізде ала ала ма? Әлде ол үшін еңбек өтілі болуы міндетті ме?

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- Әрине, алуына барлық мүмкіндік бар. Өз ісін бастауды қаласа, тиімді тетіктер ұсынатын мемлекеттік бағдарламалар көп. 530 мың теңгеден 5 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы алуына болады. Ол үшін Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандарынан кеңес алғаны дұрыс.

Тілші сауалы:

- «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы қаржылай көмек көрсетумен қатар, инженерлік желілерді тартуда айтарлықтай қолдау жасайды. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз...

Жайық ТАЛАПҰЛЫ:

- Иә, бағдарлама аясында инфрақұрылымды дамытуға да болады. Кәсіпкерлік нысанына жылу, су, жарық немесе кәріз желілерін тарту үшін қаржы қарастырылады. Атап айтқанда, жобалық-сметалық құжаты дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен, жалпы құны 1 млрд. теңгеден аспайтын жобаларды қаржыландырамыз. Бұл қомақты қаржы болғандықтан, іріктеу де қатаң түрде жүргізіледі. Құны 100 млн. теңгеден асатын жобаларға қаржы республикалық бюджеттен, 50 млн. теңгеге дейінгі жобаларға жергілікті қазынадан қарастырылады. Кәсіпкердің жобасы облыстық құрылыс басқарма-сымен келісіліп, өңірлік үйлестіру кеңесінде жан-жақты талқыланып, құзырлы министрліктерде қорғалады. Содан соң ғана қажетті инфра-құрылым жүргізіледі. Мұнда да кәсіпкерлерге салықтың тұрақты түрде түсуі, жұмыс орындарының ашылуы, инженерлік желілердің мақсатты түрде пайдаланылуы сияқты талаптар қойылады. Арнайы топ мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорынның жұмысын бір емес, бірнеше жыл бойы бақылайды.


ТҮЙІН: Редакциямызға алдын-ала келіп түскен сауалдар мен «Тікелей желі» барысындағы толассыз қоңыраулар арқылы оқырман қауымның көкейінде бизнес бастап, кәсіп кеңейтуге қатысты сұрақтардың көп екенін анық байқадық. Меймандар әр сауалға тиянақты жауап беріп, ақыл-кеңестерін айтты. Ендігі ретте тұрғындар мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ой-жоспарларын сәтті жүзеге асырса екен дейміз. Шағын және орта кәсіпкерлік дамыса, қазынамыз молайып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтің әл-ауқаты жақсара түсері айқын.

 

«Тікелей желіні» жүргізген - Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz