Оң өзгеріс

Былтыр да тұқым шаруашылығы бағытында бірқатар өзгеріс орын алған-ды. Жаңашылдыққа сәйкес, элиталық тұқым өндірушілер, тұқым шаруашылықтары немесе оны өткізушілер тұқымды шаруаларға күзге дейін бастапқы жарнасыз және төлемді кейінге шегеріп үлестіруде. Олардың шығындарын толықтай облыс әкімдіктері өтейді. Егін жинаған соң шаруалар элиталық немесе бірінші репродукциялы тұқым құнының 30 пайызын нормаға сәйкес арнайы ұйымға қайтаруға міндетті. Бұған дейін жоғары немесе бірінші репродукциялы тұқымға қол жеткізгісі келген кәсіпкерлер тұқым өсірумен айналысатын шаруашылықтардан өзіне қажетті өнімді сатып алып, оның жарты ақшасын сол жерде төлеп, қалғанын егін жинаған соң қайтарып келген-ді. Өкінішке қарай, бұл жүйе шаруашылықтардың бәріне бірдей қолжетімді болған жоқ. Себебі, көктемде шаруалардың қолында қомақты қаржы болмайды. Олар сол уақытта тұқым алуға, техникаға, жанар-жағармайға қыруар қаржы жұмсайды. Бұған жұмысшыларға төленетін еңбекақыны қосыңыз. Қысқасы, мұндай жеңілдік көптің көңілінен шығуда. Өзгеріске сәйкес, жүгері, қант қызылшасы, рапс, күнбағыс, мақта, жеміс-жидек дақылдарын, жүзімнің элиталық көшеттерін сатып алған шаруалардың шығындары ішінара (50 пайызы) өтеу арқылы субсидияланатынын да атап өткен жөн.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың мәліметінше, елімізде тұқым шаруашылығын субсидиялауға жыл сайын шамамен 8 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Өкініштісі, бөлінген қаражат шаруашылықтардың бәріне бірдей тимейді. Көп жағдайда ірі шаруашылықтардан артылмайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі әрбір дақыл бойынша жеке-жеке норматив бекіту жүйесін дамыта түспек. Осылайша, алдағы үш жыл ішінде еліміз үшінші репродукциялы тұқымнан төмен өнімдерден біржола құтылуды көздеп отыр. Егіс алаңына тек жоғары, бірінші, екінші және үшінші репродукциялы тұқымдар ғана себілмек.

Нені ескеру керек?

Жақында ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің отырысы өтті. Жиында сөз алған Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Агеенко тұқым шаруашылығының жағдайына тоқталды.

- Бүгінгі таңдағы бастапқы тұқым шаруашылығы жүйесі қазіргі заманғы агробизнес талаптарына сәйкес келмейді. Отандық тұқым нарығы бақылаусыз, фермерлердің көпшілігі стандарттарға сай емес астық себеді. Осы факторлардың барлығы егін алқаптарының өнімділігі мен өндірістің төменділігіне әкеліп соғады. Тұқым шаруашылығын бақылау жүйесіне өзгерістер енгізуді, реестрде тіркеудің үш жылдық циклін күтпестен дақылдардың перспективалы сұрыптарын нарыққа шығаруға рұқсат беруді ұсынамыз, - дейді А.Агеенко.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаевқа хабарласқанымызда, ол бұрынғы жүйені қалпына келтіру керектігін айтады.

- Мол әрі сапалы өнім алу үшін сапалы тұқым керек. Тұқымның таза сортын бастапқы қалпында сақтап қана қоймай, шаруашылықтарға таратып, барынша көбейту қажет. Әрине, елімізде түпнұсқа тұқым өндіріп отырған мекемелер аз да болса бар. Бірақ сол сапалы тұқымды көбейту жағы кемшін болып тұр. Қазір көбі қай жерде арзан баға бар, соған қарай жүгіреді. Сапасының төмендігіне қарап жатқан ешкім жоқ. Тұқымды селекциялық мекемелерден сатып алу керек. Бұрын тұқым шаруашылығымен айналысатын арнайы мекемелер түпнұсқа тұқымды көбейтетін. Шаруашылықтар содан ғана тұқым алып егетін. Қазір мұндай жүйе жоқ, - дейді М.Қанаев.

Ақтоғайлықтар көктемге әзір

Ақтоғай ауданының кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Дархан Дощановтың мәліметінше, биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 8,8 тонна тұқым дайын тұр. Оның жартысы астық дақылдары, қалғаны – картоп тұқымы.

- Тұқымды сақтау жағынан еш қиындық жоқ. Мәселен, Харьков ауылында орналасқан «Весна» шаруа қожалығы екі бірдей қойманың құрылысын аяқтауға жақын. 1 репродукциялы тұқымды Ертіс ауданындағы «Абай» ЖШС, «Ертіс» тәжірибелі шаруашылығы, Успен ауданындағы «Галицкое» ЖШС сатып аламыз. Тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жүйесі өзгереді деп естідік. Былтырғы жаңашылдық диқандардың жұмысына оң әсер етуде. Мысалға алсақ, 1 гектарға 100 келі бидай ексеңіз, оның 10 пайызы субсидияланады. Ол қаражатқа 1 репродукциялы тұқым сатып аласыз. Осылайша, жыл сайын егіс алаңына сапалы тұқымды себу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырады. Диқандарды қаржыландыру тетіктері жүйелі іске асса, сапалы тұқым егу мәселесі де оң шешімін табатыны сөзсіз, - дейді Дархан Дощанов.

Ғылыммен байланыс орнатқан абзал

Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС-нің басшысы Александр Поляков көп жылдар бойы Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен байланыс орнатып, ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқанын айтады.

- Ғылымсыз алысқа бара алмайтынымыз белгілі. Бұл ретте, көктемгі егіс жұмыстары басталмай жатып Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен ақылдасамыз. Элиталы тұқымды аталған институттан сатып аламыз. Кейін бізден шағын шаруашылықтар алып жатады. Биыл егіс алқабы - 36 мың гектарды құрап отыр. Оның 60 пайызы – бидай, қалғаны бұршақты және жарма дақылдары. Соңғы жылдары қыша себілетін егіс алаңы артуда. Жасыратыны жоқ, нарықта қандай дақылға сұраныс бар, соны егуге тырысамыз. Қышаны Еуропа елдеріне, жасымықты Түркия мен Иранға жөнелтуге мүмкіндік бар, - дейді А.Поляков.

Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Наталья Кузнецованың айтуынша, биыл жергілікті ғалымдар ойлап тапқан 2 жаңа сорт қолданысқа енгізіліпті.

- Бірі - бидайдың «Анель-16» сорты, екіншісі «Ертіс самалы» атты сұлы. Шаруашылықтар астық дақылдарынан көбіне «Северянка», «Кондитерская яровая», «Юбилейная» сияқты сорттарды қолданады. Себебі, олар аймағымыздың ауа райына төзімді болып келеді. Бұрындары «Секе» тұқымы көп егілетін. Қазір ол сорт қарағандылықтардың тарапынан мол сұранысқа ие. Ірі шаруа қожалықтарымен байланыс жақсы. Атап айтсақ, «Галицкое», «Абай», «Победа», «Замандас», «БИК», «Ертіс» тәжірибелі шаруашылығы сияқты серіктестіктермен жұмыс істеп келеміз, - дейді Наталья Кузнецова.

Қорыта айтсақ, мол өнім кепілі – сапалы тұқым. Мұны ескерген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың тетігін өзгертіп, диқандардың сапалы тұқым егуіне жағдай жасамақшы. Олай болса, көктемде енгізілетін қаржыландырудың жаңа жүйесі диқандардың көңілінен шығады деген сенімдеміз.

saryarka-samaly.kz