- Асқар Қадырұлы, биыл облыс аумағында неше тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде?

- Бүгінде облыс аумағында баспаналардың құрылысына баса мән беріліп келе жатқаны мәлім. Жыл сайын көрсеткіштерді арт- тырып, тұрғындардың өз үйлеріне қол жеткізуі үшін ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Айталық, былтыр қаржыландырудың барлық көздері есебінен 332,5 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп.

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов тұрғын үй кезегінде тұрған 27 мың адамның санын қысқартып, оларға жайлы қоныс салу үшін жаңа стратегия қабылдау қажет екенін қадап айтты. Бұл ретте үйлердің кімге, қайда салынатынына және инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге басымдық беретін боламыз. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті белгілеген жоспарға сәйкес, биыл облыста 346 мың шаршы метр баспана салынады. Осы көрсеткішке жетуі, тіпті, одан да асып түсу үшін ауқымды жұмыстар атқарамыз.

- Осы орайда облыс орталы-ғындағы екі бірдей жаңа шағын аудан - Сарыарқа мен Достықтағы құрылыс бары-сына тоқталып өтсеңіз...

- Соңғы уақытта көпшіліктің назары осы екі ауданға ауғаны рас. Жаңа шағын ауданнан пәтер алуға асық азаматтар да аз емес. Жалпы, Сарыарқаның құрылысы басталған уақыттан бері көпқабатты 26 үй салынып, бірнеше жүздеген пәтер берілді. Қазіргі уақытта былтыр қазығы қағылған 4 үйдің құрылысы жалғасуда. Олар биыл пайдалануға тапсырылады. Сонымен қатар, жаңа 10 үйдің іргетасын қалау үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Достық шағын ауданы да тұрғызылуда. Өткен жылы «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы көпқабатты 2 үйдің құрылысы басталды. Жаңа шағын ауданның алғашқы тұрғындары осы жылы-ақ қоныс тойын тойлайды. Биыл аталмыш ауданда тағы 3 үй салына бастайды. Сонымен қатар, бүгінде көпқабатты 1 баспананың құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысты конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

- Ал аудан-қалалардағы баспана мәселесі қалай шешілмек?

- Әрине, шағын қалалар мен ауылдардағы тұрғын үй құрылысы мәселесі де назарымыздан тыс қалмайды. Бұл ретте Екібастұз бен Ақсу қалаларындағы құрылыс қарқыны көңіл қуантады. Биыл кеншілер шаһарында 11, ал металлургтер қаласында 4 үйдің құрылысы басталмақ.

- «Nurly Ertis» бағдарламасы аясында бой көтеретін тұрғын үйлер бар ма?

- Иә, «Nurly Ertis» бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбалалы отбасылар мен жас мамандарды өңірімізге көшіріп әкелу бойынша тиімді тетік болғаны белгілі. Биыл да бұл бағдарлама жалғасын табады. Екібастұзда салынатын 11 үйдің тоғызы, Ақсуда бой көтеретін 4 баспананың екеуі аталмыш бағдарлама аясында бой көтереді.

- Жалпы, жеке үйлер құры-лысының бүгінгі қарқыны қандай?

- 2019 жылдың қорытындысы бойынша жеке инвестициялар есебінен 247 мың шаршы метр жеке тұрғын үй пайдалануға берілді, оның 171,4 мың шаршы метрі - жеке баспана. Ал биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Павлодар қаласында 14, Екібастұзда 2 және Ақсуда 1 баспана салу жоспарланған. Сонымен қатар, облыс орталығындағы әуежай қалашығы шағын ауданында 37 жеке панельді баспананы бірыңғай сәулеттік стильге келтіру жұмыстары аяқталады.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен - Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz