Кітапхана ұжымы жыл басында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Ерлікке тағзым» жобасын бастап, осы бағытта әртүрлі іс-шара ұйымдастырып келеді. Жаңадан құрылып жатқан электронды музей де осы жоба аясында қолға алынып отыр.

Облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі Марал Тәженованың сөзінше, «Виртуалды музей» жобасының өзі бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім соғыс тақырыбына арналған кітаптарға тиесілі. Оған жергілікті қалам-герлердің 40-қа жуық еңбегін сканерлеп орналастырыпты. Олардың арасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов, тарихшы Бекболат Хазыров, журналист Сергей Горбунов, өлкетанушы Еркін Мундуинов секілді жерлестеріміздің еңбектері бар. Екінші бөлімге соғыс жылдарында айма-ғымызда таралған газеттердің электрондық нұсқалары салынған болса, үшінші бөлімге соғыс тарихы туралы шетелдік сайттар мен интернет жүйесіндегі мұрағаттардың сілтемелері орналастырылуда. Төртінші бөлімнен майданнан келген хаттарды оқи аласыздар. Сондай-ақ, жергілікті батырлар мен соғыс ардагерлерінің марапат қағаздарын және басқа да құнды құжаттарын табуға болады. Соңғы бөлім фотогалерея деп аталады. Одан шайқас жылдарында түсірілген фотолар топтастырылған.

- Мақсатымыз – ғаламтор кеңістігін пайдаланатын азаматтарға Ұлы Отан соғысына қатысты өлкетану құжаттарын қолжетімді қылу. Аталмыш жобаның сәтті жүзеге асуына жергілікті тұрғындар да өз үлестерін қоса алады. Яғни, Отан алдындағы азаматтық парыздарын майдан даласында өтеген аталарының және басқа да туыстарының суреттері сақталған болса біздің кітапханаға алып келуге болады. Біз суреттердің сканерлік нұсқасын алып қаламыз да сайтқа жүктейміз. Сондай-ақ, кезінде майданнан келген хаттар мен марапат қағаздарын да тапсырсаңыздар деген ұсыныс бар. Себебі, үйдегі жеке альбомда немесе сөмкеде сақталған суреттер мен құжаттардың сапасы уақыт өткен сайын бұзыла береді. Сондықтан мұндай құнды дерек көздерін цифрлық форматқа айналдырып, ғаламтор кеңістігінде сақтауға кеңес береміз, - дейді Марал Тәженова.

Кітапхана ұжымы осы бағытта жергілікті Әскери Даңқ музейімен және мемлекеттік облыстық архивпен бірге жұмыс жүргізбек. Себебі, бұған дейін цифрлық жүйеге түспеген хаттар мен құжаттардың көпшілігі сол мекемелерде сақтаулы. Сонымен қатар, аудандық және ауылдық кітапхана қызметкерлеріне де осындай ұсыныс жолдапты. Олар өз өңірлерінен соғысқа қатысты тарихи дүниелерді іздеп табатын болады. Кітапхана сайтындағы «Виртуалды музей» жобасының тұсаукесер шарасы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылады.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz