Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов баяндады. Оның айтуынша, аталмыш бағдарлама аясында қолға алынған іс-шаралардың сапалы жүзеге асуына айрықша көңіл бөлінген.

- «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасы шаһардың мәдениет, спорт, білім беру салаларына үлкен серпін берді. Мәселен, қалаға қарасты Кенжекөл ауылында 300 орындық мәдениет үйі ашылды. Павлодар ауылы мен Ленин кентінде дене шынықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Ат спортын дамыту мақсатында «Құлагер» ипподромында 4 рет бәйге өткізілді. Биыл мерейтой күндері және мемлекеттік мерекелерде ат жарыстары ұйымдастарылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, осы айдан бастап «Көкпар» және «Аударыспақ» секциялары ашылып, 10 жастан асқан ер балаларға ұлттық спорттың осы түрінің қыр-сыры үйретілмек. Ерекше атап өтерлігі, «Мектебіме тағзым» жобасы аясында қалалық түлектер қомақты қаражатқа қайырымды іс жасады. Айталық, №9 гимназияның түлегі Евгений Суслин 2 млн. 200 мың теңгеге домбыра кабинетін ашып, өзі білім алған оқу ордасына жөндеу жұмыстарын жасауға қолұшын берді. Ал №34 мектептің ата-аналары балалары үшін жаңадан stem-лабора-тория орнатуға жәрдемдесті. Жалпы, өткен жылы 165 адам қайырымдылық жұмыстарына атсалысып, 103 млн. теңгеге көмек көрсетті. Сонымен қатар, қала мектептерінің оқушылары «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасына белсенді қатысуда. Осы жоба аясында өткен жылы Кенжекөл ауылы маңында орналасқан Шайхы ата кесенесі облыстық деңгейдегі киелі жерлердің тізіміне енгізілді, - деді шаһар басшысы.

«Рухани жаңғыру» бағдар-ламасын жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы қала бойынша 414 іс-шара өткізіліп, 120 мыңнан астам адамды қамтыған. Бұл бағыттағы мазмұнды шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ендігі кезекте қала әкімдігі Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі бастаған автокөліктерге ұлы Абайдың нақыл сөздерін жапсыру челленджін қолдауға үлес қоспақ. Осы мақсатта ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау үшін әкімдік өз қаражатына 200-250 жапсырма шығарып, тегін таратпақ.

 

Н.АҚЫТЕГІ.

saryarka-samaly.kz