Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов осы және өзге де атқарылатын істерге кеңінен тоқталып өтті. Айтуынша, халық арасында ауылдық жерлердегі этнотуризмге қызығушылық артып келеді.

- Ауданға ат басын бұрған қонақтар мен жергілікті тұрғындар ауылға келіп, самаурыннан ыстық шай ішіп, демалуды қалайды. Осы мақсатта өткен жылы Есілбай ауылының маңында, орманның шетінде этноауыл құрылып, киіз үйде дәмхана ашылған болатын. Ол Шақат-Шалдай автожолының бойында орналасқан. Жолда жүрген адамдар тоқтап, демалып, дәм татады. Экологиялық таза өнімдер ұсынылады. Ауылдағы май, қымызды сатуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ биыл бір кәсіпкер Шарбақты ауылының маңында ұлттық сипаттағы қызметтер ұсынылатын этноауыл ашуды жоспарлап отыр. Жалпы, ауданда этноауылдар даму үстінде, - дейді Ә.Әбеуов.

Спикердің айтуынша, жақын күндері қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ғимараттардың қабырғаларын граффити стилінде сырлау жұмысы қолға алынбақ. Сонымен қатар, ақындар айтысы ұйымдастырылып, Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман оралған майдангерлердің есімін Даңқ мемориалдық ескерткішіне жазуды қолға алған. Қазір ауданда көзі тірі екі соғыс ардагері бар.

Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жылы Ғабдул Уахит хазірет кесенесіне келушілерге арнап бір уақытта 40 адамды күте алатын қонақүй қолданысқа берілген.

- Ғабдул Уахит хазіреттің кесенесіне келгендерге жағдай жасау үшін Садықащы ауылын-дағы бастауыш мектептің ғима-ратын «Ертіс орманы» резерватына беріп, қонақүй ашылған болатын. Нысандағы бөлмелерді жалға алу құны 3 және 5 мың теңгені құрайды. Қонақ үйде стандарт және VIP бөлмелер, спорт залы бар. Туристерге барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта маңайында аудандық сенбілік өткізу жоспарлануда. Қонақүйден Ғабдул Уахит хазірет кесенесіне дейінгі 3 шақырым жолды келушілер жаяу және ауылдан атқа мініп жете алады. Сонымен қатар, биыл кесенеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатта 5 шақырым қашықтықта жерасты кабельдерін төсеу жұмыстары жүргізілмек, - дейді аудан әкімі.

Бұдан бөлек, былтыр «Абай» ЖШС Алексеевка-Александровка жолының 24 шақырымына асфальт төсеуге жобалық-сметалық құжаттама жасауға көмектескен. Александровка ауылындағы музейдің шатыры жөндеуден өткен. Ал «Победа» ЖШС жыл сайын ауылдың әлеуметтік дамуына 100 миллион теңгеден астам қаржы бөліп келген. Сондай-ақ мектептерде «Асыл мұра» клубтары ашылып, «Руханилықтың мөлдір бұлағы», «Жан шуағы», «Өлкеміздің киелі жерлері» жобалары бойынша көрмелер, танымал тұлғалармен кездесулер, экологиялық акция- лар, байқаулар өткізуді дәстүрге айналдырған.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz